Бас тақырып

Құнанбайұлына құрмет

10 тамыз – қазақ руханиятының күнтізбесіндегі айрықша белес. Бұл – ұлттың ұлы ақыны, ойшылы, ағартушысы – Абай Құнанбайұлының туған күні. Биылғы мерейлі дата – кемеңгердің 180 жылдығы Қарағанды аймағында айрықша сән-салтанатпен өтіп жатыр. Облыстың қала-аулаларында гүл шоқтары қойылып, жыр оқылып, ғылыми жиындар мен өнер сайыстары ұйымдастырылып, әр іс-шарадан Абай сөзі мен рухының жылуы сезілуде. Бұл – өткенге тағзым ғана емес, болашаққа бағыт беретін рухани мереке. Мерейлі күні тек ұлы тұлғаның туғанын еске алып қана қоймай, оның мәңгілікке қалған мұрасын жаңғыртып, ұрпақ санасына сіңірудің, елді білімге, парасат пен әділетке жетелеген үнін қайта жаңғыртудың айқын көрінісі болды.

Суретті түсірген Александр МАРЧЕНКО

Облыс аумағында биыл Абайға арналған 300-ге жуық шаралар өтеді. Мақсат – Абайдың шығармашылығын дәріптеу, ұрпақ санасына оның мұрасын сіңіру.

Алдымен облыс орталығындағы Абай ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Салтанатты рәсімге облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, мәдениет және ғылым қайраткерлері, қала тұрғындары мен қонақтар қатысты.

– Бұл мен үшін ерекше мереке. Абайдың әр өлеңін, әр сөзін жүрегіммен қабылдаймын, олардың бәрі жан дүниемде терең үн қатады. Үстелімде оның кітабы әрдайым жатады және Абайдың шығармаларын оқыған сайын ол біз жайлы айтып, бізге тіл қатқандай әсер аламын. Осындай ұлы тұлғаның біздің тарихымызда болуы – зор мақтаныш әрі шексіз қуаныш, – деді Әбілқас Сағынов атындағы техникалық университеттің академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Бекболат Нүсіпбеков.

Ескерткіш маңында ұлы ақынның жырлары оқылып, терең мағыналы өлең жолдары тыңдарманның жүрегіне жетті.

Мерейтойда Қарағанды өңірі бір сәтке рухани сахнаға айналды. Ақын өмірі мен шығармашылығына арналған көрмелерден бастап, дөңгелек үстелдер мен ғылыми-тәжірибелік конференция­лар, мәнерлеп оқу байқаулары, айтыстар мен театрландырылған қойылымдарға дейінгі әр шарадан Абайдың үні, Абайдың ойы, Абайдың рухы сезілді. Бұл – өткенді еске алудың ғана емес, ғасырлардан жеткен сұхбатты жалғастырудың, ұрпақтан-ұрпаққа аманат етілген сөзді қайта жаңғыртудың көрінісі.

Мерекелік бағдарлама облыстың түпкір-түпкірін шарлап, қала мен ауылдың, үлкен мен кішінің жүрегін бір арнаға тоғыстырды. Бұл топырақта Абай есімі әрдайым қастерлі. Бір қала, бір аудан, екі ауылдық округ, сексеннен астам көше және тоғыз мектеп оның атын иеленген. Бұл білім ордаларында төрт мыңнан астам бала тәлім алуда. Ал Қарағанды, Шахтинск және Абай қалаларындағы үш ескерткіш – мемлекеттің қорғауында, халықтың жүрегінде.

Абай ұрпаққа поэзия мен ән ғана емес, уақыттан озған терең философиялық мұра қалдырды. Оның «Қара сөздері» – әлі күнге дейін өзекті, әлі күнге дейін білімге, әділетке, рухани кемелдікке бастайтын шамшырақ.

– Бүгін біз Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойдық. Сол сәтте оның рухы бізге тым жақын, сөздері жүрегімізге тым жылы сезілді. Абай есімі ұмытылмас, мұрасы мәңгілік тұлға, – деді колледж студенттері Дарина Увалиева мен Камила Төменбаева.

Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button