Жаңалықтар

Намыстың наркескені

Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан

Жолдағы әсер

Жолдамын.
Әдетте ұзын жолға шыққанда «Шалқар» радиосын тыңдауды дағдыға айналдырғанмын. «Шалқардың» әуезді әуендері ой сергітіп, жаныңа рухани ләззат сыйлайды. Бір сәтте «Бүгінгі сөз» хабары басталды. Хабар қонағы – Ұлттық қауіпсіздік қызметінің Құрметті қыз­меткері, Шанхай ынтымақтастық ұйымының өңірлік терроризмге, экстремизмге және сепаратизмге қарсы орталығының Құрметті мүшесі, генерал-лейтенант Әділ Шаях­метұлы Шаяхметов.

Журналист Гүлмира Нәлібай жез қоңырау сыңғырындай жанға жағымды үнімен хабар кейіпкерін таныстыра бастағаннан-ақ радио дауысын күшейтіп, атына сыртынан қанық қайраткер тұлға Әділ ағаның айтарына аңсарым ауа берді. Хабар жүргізушісінің де сұрақтары жүйелі шығып, генерал-лейтенант Әділ Шаяхметов те көсіліп берді.

Әңгіме өзегі шенді шенеуніктің өнегелі өмірінен бастау алып, ата-анаға құрмет, отбасы тәрбиесі, адал еңбек, ана тілі секілді ұлттық құндылық тақырыбына ойысты. Микрофон алдында сөйлеп отырған генерал-лейтенант шеніндегі әскери тұлға емес, қаламгер дерсің… Әуе толқынында «Бүгінгі сөз» хабары емес, намыстың найзағайы жасын ойнатып тұрғандай. Эфирде «Бүгінгі сөз» емес, шын мәнінде бұрынғы сөз айтылып жатқандай. Шынтуайтында биік мінбелерден айтылып жүрген бүгінгі сөзден мән кеткенін, қасиетті ана тіліміз шұбар тілге айналып, кекеш халге түскенін баршамыз жақсы білеміз ғой. Ал, бүгінгі кейіпкердің көсілуі – еркін. Жорғадай тайпалып, ана тіліміздің шұрайлы мәйегі саналы ғұмырының 40 жылын Ұлттық қауіпсіздік қызметіне арнаған генералдың жүрегінен ақтарылып жатыр.

Гүлмира әріптесім де тосын сауалын жолдап үлгерді.

– Әділ аға, жасыратыны жоқ, Сіздің әріптестеріңіздің ана тілімізге деген «құрметі» тұтас қоғамды қынжылтып тұр. Әскери салада тура Сіз секілді ана тілінде еркін сөйлеп, көсіле жазатын әріптестеріңіздің жоқтығын мойындайсыз ба? – деп қалсын…
Тосырқап, тығырыққа тірелген кейіпкер жоқ.

– Ана тіліне құрмет туған анаға көрсетер ықыласың мен құрметіңнен кем болмауы тиіс. Дұрыс айтасыз, менің әріптестерім қызмет бабында қойылатын талап солай болғаннан кейін бе, әсіресе, басшылық қызметтегі офицерлердің томаға-тұйық ауыр мінезді серік етіп, ашыла қалғанның өзінде орысша сөйлейтін кемшілігі бар. Бәлкім, кемшілік те емес шығар. Өз басым 6 облыста басшылық қызмет атқардым. Рас, біздің қызметтік функциямыз – көбіне «жабық есік» жағдайындағы әлем. Бірақ, біздің құзыретімізде, біздің қатаң шешімдеріміздің артында қарапайым халықтың тұрғанын сезінуіміз керек. Сондықтан, басшы адам кабинетте отыра бермей, елдің ортасына жиі шығып, халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысуы керек. Әр елдің дәстүрі, тарихы, дүниетанымы алуан түрлі болады. Солардың барлығын зерттеп-зерделемейінше, қыз­метің жемісті боларына еш кепіл жоқ.

Д.Қонаевтың Жәйремге сапары. Сол жақтан бірінші тұрған – Ә.Шаяхметов. 1983 ж.

Ана тілімізге деген құрметке келетін болсақ, ауылда өсіп, қазақы тәрбие нәрімен сусындаған ұрпақтың жүрегінде де, жанында да ұлттық құндылыққа деген шынайы құрмет қалыптасады. Сол сүйіспеншілікті студенттік өмірдегі 4-5 жыл, әскер қатарындағы 2 жыл көмескілендіреді деген – жай ғана сылтау. Патриоттық рух, елді сүю деген асыл қасиеттер ана тілге деген құрмет арқылы қалыптасады. Ал, менің туған тілге, жалпы, ұлттық құндылықтарға деген шынайы құрметім отбасындағы тәрбиемен және Алматы қаласындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқтытатын Абай атындағы №2 мектеп-интернатта оқыған жылдарыммен келді деп ойлаймын, – деп бір тоқтады.

Балалық шағынан айтқан естеліктері мен көпбалалы отбасындағы тәрбие, ата-ананы құрметтеу, бауырды жақсы көру, достыққа адал болу туралы ой-толғамдары Хакім Абай талабындағы «Толық адамның» бейнесімен қауыштырды.

Тілші сұрағына орай:

– Еңбек жолым Жезқазғандағы өндірісте басталған. Республикалық «Казвзрывпром» тресінің Жезқазған облыстық басқармасында тау-кен шебері болып қызмет етіп, қауіпсіздік саласындағы әскери қызметімді де осы Жезқазғаннан бастадым, – деп жауап беріп жатқан кезінде менің көлігім де Жезқазғанның қақпасына кіріп келе жатқан. Бұл сәйкестікті кездейсоқтыққа балай алмадым. Жезқазған туралы сөз сабақтап, ой өрбіткен кезде Әділ Шаяхметұлының үнінен ерекше толқуды аңғардым. Ол алыс күндер еншісінде қалған жалаулы жастық шағына деген сағыныштың толқуы екені бесенеден белгілі еді… Мен де жастық дәуренімнің бесігі болған шағын шаһарға бұғалыққа ілінбес бұла күндерімді іздеп келе жатқанмын.

Қ.Сәтбаев атындағы Ұлттық техникалық университетінің ғалымдарымен

Арқадағы он алты жыл

Алматыдағы №2 мектеп-интернатта оқып жүрген кезінде жазушы немесе журналист болуды армандайтын. Қара танығалы қолынан кітап түспеген жеткіншектің балаң арманын басқа арна, өзге мақсатқа бұрып жіберген себеп – қазақ өндірісіндегі ұлттық кадрлардың аздығы. Интернатта бірге оқыған Қарағанды, Жезқазғанның балаларымен етене араласа жүріп, олардан өндіріс, шахта, фабрика туралы естиді. Бірақ, сол алып өндіріс орындарында өзге ұлт өкілдерінің ықпалы басым екенін білгенде, көңіл көкжиегіне «кен инженері боламын» деген асқақ арман қонақтай қалған. Арманы адастырған жоқ.

…1978 жылдың жазы. В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтының (қазіргі Қ.Сәтбаев атындағы университет) 22 жасар түлегі Жезқазған топырағына табан тіреді. Кешегі ұлы ғұлама Қаныштың Жезқазғаны. Қазақ түсті металлургиясының қарашаңырағы.

Институт жолдамасымен келген жас маман «Казвзрывпром» тресінің тау-кен инженері болып, ашылғанына бес жыл ғана болған жас облыс­тың қарқынды құрылысына өзіндік қолтаңбасын қалдырды. «Қарағанды-Жезқазған», «Атасу-Қаражал», «Жарық-Ақтоғай» бағытындағы автожолдар мен «Қаражал-Жәйрем» су құбырларының және облыстың бірқатар қала, аудандарындағы телемұнаралар құрылысына қатысты.

Құрылыс саласында үш жыл абыройлы қызмет атқарған жас маманның сабырлы мінезі, терең білімі мен салмақты саяси көзқарасы облыстық партия комитетінің назарына ілініп, 25 жасар Әділ Шаяхметұлын Минск қаласындағы Кеңес Одағы Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің жоғары курсына оқуға жібереді. Арнайы оқу орнын ойдағыдай тәмамдап, аға лейтенант шенімен оралған жас офицер Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіндегі қызметін Жезқазғанда жедел уәкіл болып бастайды. Кейін Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің Қаражал қалалық бөлімшесіне аға жедел уәкіл болып тағайындалып, Қаражал-Жәйрем өңірінде 1988 жылға дейін қызмет атқарды.

Бұл уақытта Жәйрем кен-байыту комбинатының құрылысы қарқынды жүріп жатқан еді. Одақтың түпкір-түпкірінен келген алуан ұлт өкілдерінің шағын кенттегі тату тірлік, тамаша тұрмысын қамтамасыз ету оңай болған жоқ. Кеңес Одағының «кемел идеология­сы» негізінде жасақталған екпінді комсомол-жастар құрылысы деген желеуі болмаса, комбинат құрылысына келгендердің дені не мектепті, не арнаулы оқу орындарын дұрыс оқымаған, психологиясы күрделі жастар болып шығады. Көбісі – қылмыстық жауапкершілікке тартылып, жазасын өтеуге келгендер.

Осындай ортада тұрақты психологиялық ахуал қалыптастырып, жастар арасында ұлтаралық қақтығыстардың жолын кесу құрылымы шағын бөлімшеге оңайға түскен жоқ. Жұмысшылар жатақханасы мен арнайы комендатура арасындағы ұйқысыз түндер мен күлкісіз күндер Әділ ағаның жадынан ешқашан өшпейтін естелікке айналған.

Қарапайым халық, әсіресе, әлгіндей ой-танымы күрделі орта Әдекеңдер қызмет атқаратын Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті офицерлеріне «үш әріптің сарбазы» деп осқырына қарайтын ахуал қалыптас­қан. Алайда, Әділ Шаяхметұлы қарашыл тұлпардай халыққа үйірсек жүріп, елдің ортасынан оқшауланбай қызмет атқарды. Күдікті ортада да, үмітті ортада да еркін жүрді. Абыройлы қызмет атқарып, беделді ғұмыр кешті. Жас офицердің қазақы болмыс, адал ниет, қарапайым қалып, көпшіл пейіл, көркем мінезі жай адам тұрмақ, қылмыскердің өзінің түксиген қабағына жылулық ұялатып, жүрегін мейірімге бөлеп жіберетін.

Қызметтегі қырағылығы мен жергілікті атқарушы билікпен арадағы ымыралы еңбегі жоғары бағаланып, аз уақытта марапатқа да, шарапатқа да кенелген Әділ Шаяхметұлы 1988 жылы Жезқазған облысы құрамындағы Ақадыр ауданына бөлімше бастығының орынбасары болып ауысты. Кейін бөлімше бастығы болып, 1994 жылға дейін жемісті қызмет атқарды.

Мұнда да кен орындары. Мұнда да «қырық рудан» жиналған кеншілер мен металлургтер. Аудан аумағындағы Ақшатау, Қайрақты, Ақжал кен орындарындағы ахуал Әділ ағаның қырағы назарынан бір сәтке де сырт қалған жоқ. Не керек, болашақ генерал-лейтенант атына заты сай қалыпта қызмет атқарып, әділдігімен қарапайым халықтың да, ресми биліктің де құрметіне бөленді.

Ақадырда қызмет атқарған жылдарында өндіріс орындарының басшыларымен, жергілікті партия комитеттерімен ортақ тіл табысып, іскерлік байланыста қызмет атқарғаны үшін КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы, армия генералы В.Крючковтың бұйрығымен бөлімше бастығы Әділ Шаяхметовке алғыс жарияланды. Ол уақытта республикалық құрылым немесе облыс орталығындағы басқарма басшысы емес, шалғайдағы аудандық бөлімше бас­тығына Мәскеудің алғыс жолдауы сирек құбылыс болатын.
Яғни, әділдіктен айнымаған Әділ ағамыз Мәскеуді мойындатқан!

«Алып анадан туады»

Әділ ағаның бойындағы тұлпар мінезді тектілік бойына ананың сүтімен, әкенің күшімен дарыған. Асқақ шыңдары аспанмен тілдескен Алатау бөктеріндегі қазақы ауылда дүниеге келіп, тау шыңдарына жанарын суарып өскен тау баласының таудай талабын әкесі Шаяхмет ақсақал да, Сонымбүбі анасы да ерте таныған.
Білімге құштарлығын ерте аңғарған ата-ана тұңғыштарының жолын бөгеген жоқ. Сөз басында әпсанамыздың әлқиссасында тілге тиек еткен «Бүгінгі сөз» хабарында Әділ аға ата-анасы туралы ерекше әсермен әңгімеледі.

– Адалдыққа әкем баулып, сабырлы болуды анамнан үйрендім. Анам – қырғыз қызы. Солай бола тұра, ұл-қыздарының ұлттық тәрбиенің құнарынан алшақтамауына ерекше еңбек сіңірді. Бәлкім, әкемізге деген ерекше құрметі шығар, бәлкім, балаларына деген аналық махаббаты шығар, анам Сонымбүбі қазақ халқын да, халқымыздың ұлттық дәстүрі мен құндылықтарын да ерекше құрметтеді. Мен де сағым бейнесі сағынышқа айналған аяулы анама деген құрметімді сәт сайын еселеп, өз ұрпағыма, ел жастарына үлгі болсам деген ниетпен ғұмыр кешіп келемін, – деген еді.

Перзенттік пейілінің кіршіксіз тазалығына сүйсінбеске амалың қалмайды. Анасы туралы естелік айта отырып, ел аузындағы «Қыр­ғыз, қазақ – бір туған» деген ымырашыл тәмсілді ұмытпайды.

Иә, «Алып анадан туады». Асыл анасының ақ сүтін ақтау арқылы елін сүюдің ерен үлгісіне айналған Әділ аға тәуелсіз Қазақстанның қауіпсіздігін қамтамасыз етуде де аянбай еңбек сіңірді. Арқадан аттанған 1994 жылдан бастап, республикалық құрылымдарда аса жауапты қызметтер атқарды. Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдары Ұлттық қауіпсіздік саласы сын-қатерлерге толы кезеңді басынан өткергені белгілі. Шекара белгіленбеген. Ұлттық әскеріміз де – қауқарсыз. Жер қойнауымыздағы кенен байлыққа көз тікпейтін ел жоқ. Солардың бірі ел басындағы сол бір өлара шақты пайдаланып, тыныштығымызға қару кезеніп, оқ ата қалса, қалқан болар қару-жарағымыз да әлсіз еді.

Міне, осындай күрделі кезеңде Әділ Шаяхметұлы ҰҚК-нің Әскери барлау басқармасында жауапты қызмет атқарып, Қазақстан-Қытай шекарасында әскери тапсырмаларды мінсіз орындады. Кейіннен осы барлау басқармасының бастығы да болды.

Жалпы, Әділ Шаяхметұлының қатардағы жедел уәкілден бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы лауазымына дейінгі қызмет жолы жеңіл болған жоқ. Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігінде де жауапты қызметте болып, жас мемлекеттің әскери әлеуетін көтеруге де сүбелі үлес қосты. Омырауында алтындай жарқыраған І-ІІ дәрежелі «Даңқ» ордендері мен ондаған медаль, иығында жарқыраған генерал-лейтенант шені қырық жылғы қажырлы еңбектің, адалдықтан айнымаған ұстанымның, талай ұйқысыз түндер мен күлкісіз күндердің өтеуі.

…2017 жылы Қырғызстанның сол кездегі Президенті Алмазбек Атамбаев Қазақстан Президентінің абыройына кір келтіретіндей сөздер айтып, бауыр елдердің туысқандық қарым-қатынасына сызат түсіргені естеріңізде болар. Жағдайды ушықтырмауға екі тарап та мүдделі еді. Сол бір қиын сәтте Әділ Шаяхметұлы Алатау асып, Қырғызстан басшылығындағы азаматтарға базына айтып, Алмазбек нағашысын райынан қайтарғанын қалай ұмытарсың. Содан кейін Алмазбек Атамбаев барша қазақ елінен кешірім сұрап, өз қателігін мойындаған. Бұл жерде Әділ ағаның бітімгерлік қасиетін атап өтер едік.

Ұлт ұясы Ұлытаудан қанаттанып, Алаш айбары Алатаудың биігін бағындырған намыстың наркескені әлі де мұқалған жоқ. Республикалық дәрежеде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ардагерлер кеңесінің жұмысын үйлестіруде ұзақ жылғы тәжірибесін ел кәдесіне жаратып, қазақтың алып тұлғалары туралы қалам тербеп, бірнеше кітап жарыққа шығарды. Ертеңгі күні қалың оқырман қолына тұлғалар галереясы ретінде ұсынылатын «Дәуір тұлғалары» атты жинағының тұсауы кесілмек. Ширек ғасыр шығармашылықпен айналысып, ғылымға да ден қойып, 11 кітаптың, 30 ғылыми еңбектің авторы, 20 кітап, 7 деректі фильмнің демеушісі болған Әділ Шаяхметовтің тағылымды тағдыры, адал қызметі, адами болмысы туралы жаза берсек, тарау-тарау дүние шығар еді… Ол – биіктіктің өлшемі. Ал, биіктікті бағындыру оңай іс емес.

… «Шалқар» радиосындағы «Бү­гінгі сөз» аяқталды. Бірақ, Әділ ағамның айтары бар әлі. Ол сарқылмайтын қазына ғой! Әуе толқынында белгілі әнші Майра Ілиясованың орындауындағы «Ағаларым» әні шарықтап қоя берді.

«Қажымас қара нарым»…
Қазақтың қажымас қара нарының бірі Әділ Шаяхметұлының 70 жас мерейтойына арналып жатыр-ау…
Аман болыңыз, Аға!

Ерсін МҰСАБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button