Найзағай-Рух намысты жанып…
«Таң атпаймын десе де, күн қоймайды». Кеңестен қалған сарқыншақ Октябрь атауымен қоштасатын күн жақын Қарағандыға. Қоғам қайраткерлері, зиялы қауым, қарапайым жұртшылық көп жыл көксеген арман-тілекті Алла жар боп, қабыл етті. Октябрь ауданының орнына Әлихан БӨКЕЙХАН ауданы аталуын кеше қала тұрғындары қоғамдық тыңдауда мәлім етті. Талай керітартпа, небір талас-тартысқа түскен аудан Алаштың арда арысы Әлихан БӨКЕЙХАНҒА қоғамдық тыңдауға жиналғандардың қолдауымен бұйыратын болды. Қарағандының қуанышында шек жоқ. Ымыра-ынтымағының арқасында Октябрь ауданының 13 нысанында өткен қоғамдық тыңдауда 15 залға 30-50-ден жиналған 685 қала тұрғыны Әлихан бабамыздың есімін Октябрь ауданына беруге 100 пайыз қолдау көрсетті. Бірде-бір адам қарсы шықпады. Қалыс қалған да жоқ. Осылайша ұлы істің берекесі үшін Қарағанды халқының жиырма жылға жуық қылған қарекеті 21-ші жылда баянын тапты. 13 нысандағы тұрғындар онлайн режимде байланысқа шықты. Аудан атауын ауыстыру жөнінде өз ой-пікірлерін ортаға салды. Барша тілек бір арнаға тоғысты. Ол тілек – Октябрь ауданы Әлихан БӨКЕЙХАН ауданы атансын деген жалқы тілек.
ТАРАЗЫДА – ТАРИХИ ШЕШІМ
Майқұдықтың Мәдениет сарайында қоғамдық тыңдауды Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы Құдайберген Бексұлтанов жүргізді. Жиналғандарға қазіргі эпидемиологиялық жағдайдағы санитарлық талаптарды ескертіп, диалог мәдениетін сақтауға да шақырды. Күн тәртібінде жалғызақ мәселе – Әлихан Бөкейхан есімін ауданға беру. Қоғам қайраткерлері, ардагерлер, зиялы қауым, қоғамдық бірлестіктер атынан осындай ұсыныс қалалық әкімдікке келіп түскен. Бұл ұсыныс мәслихаттың тұрақты комиссиясында қаралған. Ендігі кезекте заңнамаға сәйкес қоғамдық тыңдау өткізіліп отыр.
Жиналғандар бір кісідей ұсынысқа қарсы емес екендіктерін жеткізді. Әлихан бабамыздың қазаққа сіңірген еңбегін ескеретін уақыттың әлдеқашан туғанын атаған тұрғындар бүгінгі күнді тарихи күнге де балап жатты. Олардың арасында өзге ұлт өкілдері де бар. Бір аудан түгілі, бір қала, тіпті, облыс аталса да, артықтық жасамайды десті қауым.
Октябрь ауданының тұрғыны, Моңғолиядан оралған қандасымыз Төлеген Нұғыманұлы сонау мектеп қабырғасында жүргенде-ақ Әлекеңнің ұлтқа жасаған ұлы істеріне сүйсініп өскендіктерін айтады.
– Әлихан Бөкейханның еңбегін біз мектеп қабырғасында-ақ біліп өстік. Әлекеңнің ұлтына, халқына сіңірген еңбегі – ұшан-теңіз. Аудан түгілі, қала, әрісі облыс атауын берсе де артық емес, – дейді Төлеген Нұғыманұлы.
Дәл сол ауданның тұрғыны Татьяна Лунева да сондай пікірде. Өзі тұратын ауданның әлемдік тұлғаның есімімен аталуына ықыласты. Алаш көсемінің ұлт үшін қызметін жетік білетін, оның ұлы тұлға екендігіне шүбә келтірмейтіндігін жария етті.
Қоғам белсендісі Айтқожа Фазыл әр кезеңнің өз талабы, өз тәртібі болатынын, соған сәйкес қоғамның әрекет жасайтынын да еске салды.
– Ресей үшін қаншама игі іс қылған Романовтар әулетіне сол кезеңде билік басына келгендер не істеді? Ресейдегі оларға қойылған барлық ескерткіштерді қиратып, жойды. Тек Бірінші Петр, Кутузов, Суворовтың ескерткішін қалдырды. Ал, Романов әулетінің Ресейге сіңірген еңбегі тарихтан аян. Одан кейін 90-шы жылдары Кеңес үкіметі құлағанда олар Ленинград, Калининград, Куйбышев секілді қалаларының атауын бірден өзгертті емес пе? Міне, осыған қарап, әр кезеңнің өзінің талабы барын ескеруге тиіспіз.
Өздеріңізге мәлім, Әлихан Бөкейханның есімін Октябрь ауданына беру туралы мәселені 2015 жылы облыс әкімінің есеп беру жиынында, Әлиханның 150 жылдығына бір жыл қалғанда, Алаш автономиясының 100 жылдығына үш жыл қалғанда көтерген едім. Бүгін мен өте қуаныштымын. Кейінгі жылдары қазақ даласында Әлкеңдей алып тұлға шыққан жоқ. Әлекең – біздің мемлекетіміздің негізін қалаушы. Абылайдан соң қазақ мемлекетін Әлекең бастаған Алаш арыстары қалыптастырды. Әлекеңнің қазаққа жерін қайтаруының өзі – ерлік. Кузбасстан, Кемерден екі аудан, Омбыдан бір аудан алды. Мұның бастауында Әлекең тұр. Сондықтан, Әлекеңнің атына аудан түгілі қала лайық. Бірақ, бүгінге де тәубе, – дейді Айтқожа Фазыл.
Тарихшылар да бұл істің шешім тапқанына бек қуанышты. Тарихтың қанды беттерін жете білетін олар «Октябрь» атауының өзінен қан тамшылап тұрғанын жасырмайды.
– Меніңше, Әлихан Бөкейхановтың есімін беру туралы мәселені талқылаудың қажеті де жоқ. Өйткені, ол – тарих, тарихи тұлға. Әлихан ұлтшыл емес. Ол өз елінің, Қазақстандағы барша халықтың тарихын жазды. Мысалы, Алашорда үкіметін құрғанда оның 25 мүшесінің 10-ын басқа ұлт өкілдеріне берді. Орыс, неміс халқы туралы қалам тербеді. Сондықтан, оны қалай ұлтшыл деуге болады? Әлихан Бөкейхан бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның экономикалық-мәдени, саяси негіздемесін жасады. Теориясымен қатар, тәжірибелік жолын да көрсетіп берген, – дейді Нұрсахан Ахметқызы.
БАҚ өкілдеріне сұхбат берген тарихшы Темірғали Аршабеков, қоғам қайраткері, ғалым Темірғали Көкетаев та осы пікірде. Сонымен қатар, Нұрмақовтың ұрпағы Мұқан Нұрмақов, Ақтоғай ауданының тұрғыны Тұңғышбай Мұқан, ақын Қуаныш Мақсұтов және өзге де көптеген тұрғындар пікірлерін ірікпеді. Қолдайтындықтарын ашық айтты. Ендігі кезекте Әлиханға ескерткіш орнатып, көше берілсе деген тілектер де айтылды. Ол енді келешектің еншісінде.
КӨПШІЛІК КЕРІ ТАРТПАДЫ
Октябрь ауданы атауының ендігі уақытта тарихи да, танымдық та мәні жоғын айтып жатудың өзі артық шығар. Туды, болды, өлді, кетті тарих сахнасынан. Бірақ өзінен кейінгі ұрпаққа қаншама қайғы-қасірет қалдырғанын есептеу мүмкін емес дейді білетіндер. Жер бетінің жарымына жуығын халықтар түрмесіне айналдырып, жаппай қырып-жойып қанға батқан үкіметтің ұранына айналған атаудың беті аулақ деп жүргенімізге де 10 жылдан асыпты. Содан бері Қарағандыдағы Октябрь ауданын Әлихан атына беру жыр болды десек, артық айтқандық емес. Жасыратыны жоқ, бұл жолы да көңіл күпті еді. Қуанышымызға қарай қарсылық білдіргендер болмады. Халық – төреші қашанда.
Қоғамдық ашық тыңдауға келгендер арасында «аудан ғана емес, үлкен бір қаланы Әлихан атымен атаса да әбден лайықты» дегендер өте көп болды. Біз дауысқа салып, қоғамдық тыңдау деп жүргенде, жарықтық халқымыз жүрегінде Әлиханға аудан атын беріп те қойған екен дестік. Құдайдың бір аты халық деп тегін айта ма?! Алаш баласы ғана емес, өзге ұлт өкілдерінің өзі Әлекең атына беруді қолдағанда, қуанбаған қазақ жоқ-ау, сірә. 1920 жылы Әлихан Бөкейханның тапсырмасымен Әлімхан Ермеков Ленин алдында қазақ шекарасын қорғап баяндама жасағанда, залда тыңдап отырған ұлт көсемінің өзі айтыпты Әлімханға: «Сен сөйлегенде жүзімді лебің шарпып отырды. Жерден көтеріліп-басылған жанартаудай болып отырдым» – деп. Ашық тыңдауға Пришахтинск тұрғын аймағындағы «Жастар» мәдениет үйінен қатысқан біздің де жүрек атқақтап барып, орнына қайта түсіп отырды. Мәдениет үйінің негізгі кең залында санитарлық талапты сақтап, шахмат тақтасындай арақашықтық сақтап жайғасқан адам саны – 50 екен. Негізгі залға сыймаған 30-ы дәлізден тамашалап, қатысып отырды. Біз қатысқан нүктеде қатысқандар саны – 80 адам. Үлкейтілген экран екі жаққа да қойылған. Алдымыздағы үлкен экраннан біз басқа жерлерден қатысқан топтарды да көріп-біліп, пікірлеріне құлақ тосып отырдық. Сөйлеп, пікір білдірем деген адамға шектеу болған жоқ.
Пришахтинскідегі біз отырған «Жастар» мәдениет үйінен алғаш үн қатқан Аманжол Оразалинов атты шахтер жігіт осы қалада туып-өсіп, өмір сүріп жатқанын айтты. «Бүгінгі күн тарихи күнге айналғалы тұр. Алаш арысы, ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан тәуелсіз Қазақстан тарихында шын бағасын ала алмай келеді, өкінішке қарай. Сондықтан мені бос уақытымда қоғамдық өмірге жиі атсаласып, жастар арасында көп жүргендіктен, солардың үнін жеткізуші ретінде қабылдасаңыздар болады. Осындағы бірқатар жастар, біз, ауданымыздың Әлихан атамыздың атына берілгенін қуана қолдаймыз. Және бұл шешім тарихи әрі әділетті болады деп білеміз» дейді.
«Мен ұзақ жылдар бойы Пришахтинскіде тұрып келемін. Октябрь ауданына Әлихан аты берілсе, еш өкінбеймін. Себебі, әр нәрсенің өз уақыты бар. Әр уақыттың өзіне тән үні мен келбеті қалыптасуы тиіс. Осы тұрғыдан келгенде Әлихан Бөкейхан әбден лайықты тұлға деп санаймын!» деді қаланың Любовь атты тұрғыны.
Бұдан кейін қоғам белсендісі, саясаттанушы Серік Мұстафин сөйлеп, қолдайтынын білдірді. Және бұл тарапта қоғамдық тыңдауға келген бірде-бір тыңдаушы қарсы пікір айтпады.
ҮЗЕҢГІДЕГІ ҮМІТ
Сұрыптау елді мекеніндегі Теміржолшылар мәдениет сарайында және Қарағанды теміржол колледжі мен ҚТЖ «Жолаушылар тасымалы» АҚ Қарағанды темір жол бөлімшесі ғимаратында қоғамдық тыңдауға қала тұрғындары онлайн режим арқылы қосылды. Аталған тыңдауға қатысушылар барлық карантин талаптарын сақтады.
Былтыр Қарағандыдағы 10 көшенің атын ауыстырар алдындағы қоғамдық тыңдауда Ленин көшесін ауыстыруға қаланың бірнеше тұрғыны қарсылық танытып бақты. Дегенмен, көпшіліктің дауысымен бұл мәселе шешілген еді. «Қарсы пікірдегі адамдар болмағай» деген ішкі ниетпен жиылған жұртты бір шолып өткенде, елдің қалыпты көңіл-күйін көріп, жан тынышталды. Тұрғындардың бірнешеуімен тілдескенімізде «Октябрь» ауданын «Әлихан Бөкейхан ауданы» деп өзгертуге қарсы еместігін ұқтық. Бәрі де қолдап, қуанышты екендіктерін ашық айтты. Өзге этнос өкілдері де қолдады. Осындағы Теміржол саласының өкілдері белсенділік танытып, пікірін жеткізді. Көзіне жас алғандар да болды. «Мерейтойы қарсаңында, Жақып Ақбаев пен Әлімхан Ермековтің есімдерін осы ауданның көшелеріне де беру керек» деп ұсыныс айтқандар да бар.
– Сөзден гөрі іске көшетін заман келді. Ал, бұл іс өте құптарлық. Талқыламай-ақ, беруге болады. Сұрыптауда 90 пайыз көнерген атаулар. Бәрін жаңарту керек. Оған берілетін тұлға атауларының ұлты маңызды емес. Бастысы, мәні жоқ атаулардан арылып, ең болмаса 50%-ын жаңартайық, – деді кенттегі Ақыт қажы мешітінің бас имамы Жанарбек Мамбар.
Сонымен қатар, Әлекеңнің елі үшін сіңірген ерен еңбегі мен қайраткерлік тұлғасы айрықша атап айтылды.
– «Октябрь» деген атауының өзі жағымсыз естіледі. Оның қазақ халқына тигізген зардабы көп. Репрессия, аштық, КарЛАГ және басқа да көп қиянаты бар. Әлихан есімін беру елдің рухын көтереді. Жастарды патриоттыққа жетелейді. Ол әлем танитын қайраткер. Ауданның атауының өзгеруі тек тарихи жеңіс қана емес, әлеуметтік және қоғамдық жағынан оң әсері бар. Әлихан атын алған соң, жан-жақты дамып, елдің әл-ауқаты артады. Сондықтан, мұны көп созбай, биылғы мерейтой аясында жүзеге асыру керек. Қарсы пікір жоқ. Енді тек, шамалы күту ғана қалды, – деді «Ақ жол» партиясы атынан қалалық мәслихатының депутаты Бейбіт Күлмағамбет.
Ал, облыстық қазақ тілі мен мәдениеті қоғамының алқа мүшесі Бақытқали Мұсабеков бұл бастаманы Абайдың «толық адам» түсінігімен байланыстырады.
– Абайдың «толық адамын» жастарға түсіндіріп, тәрбиелеп келеміз. Әлихан Абаймен рухтас, ол туралы қаншама дүние жазған. Қайтыс болғанда некролог жазыпты. Қазір демократиялық қоғам құру жолында көп жұмыс жасалуда. Тыңдаудың демократиялық түрде өтіп жатқаны өте қуанышты. Рухани жаңғыру бағдарламасының негізгі миссиясы да – осы. Қазақстандықтар мұны жақсы түсініп, бей-жай қарамай өз үлесін қосуда. Біз осындай тарихи шешімдерді бірлік арқылы қабылдап, жастарды «толық адам» етіп тәрбиелеуіміз керек. Әлекең осыны армандаған. Ал, ауданға Әлихан есімін беруді 20 жыл бұрын көтергенбіз. Бірақ, Қазыбек би атауы қабылданып, Әлихан өтпей қалған. Енді, сол сәтке де жеттік. Өте қуанып тұрмын, – деді Бақытқали Мұсабеков.
– Жаңа дәуір келді. Жаңа атаулар ауадай қажет. Әлихан Бөкейхан – жан-жақты, терең білімді, патриот тұлға. Оның өнегелі өмірінен жас ұрпақтың алатыны көп. Сондықтан, бұл ұсынысты біз қолдаймыз, – деді қоғам белсендісі Ольга Скварцова таза мемлекеттік тілде. Біз осындай тарихи шешімдер қабылданып жатқан дәуірде өмір сүрудеміз. Бұл бізге – үлкен жауапкершілік жүктейді…
Сонымен, Арқа жұртының талай жылғы үміті үзеңгіге аяқ салды. Ат үстінен төбесін көрейік.
Қызғалдақ АЙТЖАН,
Жәнібек ӘЛИМАН,
Жәлел ШАЛҚАР.
Суреттерді түсірген Р.ҚАЛИЕВ, Д.КУЗМИЧЕВ.