Найзағай намыс жарқ етіп…
Биылғы паралимпиадашылардың ел тарихында бұрын-соңды болмаған жеңіске қол жеткізгенін барлық ақпарат құралдары жарыса жазып, айтып жатыр. Расымен де, биылғы Паралимпиадада Қазақстан 9 медаль – екі алтын, үш күміс, төрт қола жеңіп алды. Екі қола – біздің жерлестеріміз Дастан Мұқашбеков пен Даяна Федосованың үлесі.
Кеше аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев паралимпиадашыларды қабылдап, құрмет көрсетті.
– Олимпиадаға қатысу – еңбек, ал, оның жеңімпазы атану – ерлік, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы. – Сіздерді шын жүректен құттықтаймын. Бапкерлеріңіз де сіздер үшін барын салды. Енді келесі паралимпиадаларға тыңғылықты дайындаламыз, арнайы жоспар құрамыз.
Жеңімпаздар мен олардың бапкерлері де өз кезегінде алғыс айтып, лебіздерін білдірді.
– Паралимпиада ойындарына екінші рет баруым. Дайындығым басқаша ұйымдастырылды, өзіме сенімді болдым. Бапкерлеріме, отбасыма рахмет. Осындай кездесулер ынталандырады. Сені қолдаушылар болса, жігерің арта түседі. Әр дайындық та мен үшін мотивация. Өзімнің дұрыс жолда келе жатқанымды білемін.
Паралимпиада ойындарына келген кезде Азия, Әлем ойындарында, олимпиадаларда жүлдегер атану басында арманым еді, кейін мақсатыма айналды, – деді ол.
Париждегі XVII Паралимпиада Даяна үшін де екінші үлкен бәйгесі.
– Бұл – зор еңбек. Алғашқы қатысқанымда жеңіске жете алмадым. Дегенмен, ол да тәжірибе мен үшін. Қарағанды атынан барған спортшылардың жеңімпаз атанғаны қуантады. Алдағы уақытта алтынға қол жеткіземіз деген ойдамын, – деді Даяна Федосова.
Жеке бапкері Қанат Сағындық Даянадан алтын күткенін жасырмады.
– Дайындықты әлі де жалғастырамыз. Даянаның мүмкіндіктері мол. Ол бастапқыда рейтингте бірінші тұрған. Бірақ, қолы жарақаттанып, екі жарысқа қатыса алмадық, ем алып. Одан кейін үшінші орынға түсті. Жарақатына қарамастан өзі ерік-жігерінің, халықтың демеуінің арқасында жеңіп шықты.
Былтыр Азия, Әлем параойындарының жеңімпазы атанды. Келесі жылы пара дзюдодан Әлем чемпионаты Астанада өтеді, соған қатысамыз деп отырмыз. Жалпы, аймақ атынан барған екі спортшының да жеңіске жеткені қуантады. Мұндай жағдай сирек кездеседі, – деді Қанат Амантайұлы.
Қанат Амантайұлы үш жылдан бері Даянаның жеке бапкері. Ол – Ақсу-Аюлы ауылының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің басшысы әрі Қарағандыдағы облыстың мүгедектер спортына мамандандырылған мектепте бапкер.
– Әрине, мүгедектігі бар балалармен жұмыс өзгеше, қиындау. Бұл балалардың психологиясы да бөлек. Қатты сөйлей алмайсың, еркелетіп сөйлеу керек. Қашанда олардың жанында болу қажет. Даяна ғана емес, мен жаттықтыратын көзі көрмейтін балалар бар. Жақында Азия пара ойындары басталады, соған үш бала апаруды жоспарлап отырмыз. Олар әлі де іріктеледі, – деді Қанат Амантайұлы.
Аймақ басшысы Дастан Мұқашбеков пен Даяна Федосоваға бір бөлмелі пәтердің кілті мен 7 миллион теңге сертификатын табыстады. Ал, олардың бапкерлері Сергей Безгачев пен Қанат Сағындық 3 миллион теңгенің сертификатына ие болды.
Мұның алдында спортшылардың Мемлекет басшысының қолынан «Құрмет» орденін иеленгенін де айта кету керек.
Бұл басты дода спорттың 23 түрін қамтыды. Оған қатысқан Ұлттық құраманың еншісінде 33 лицензия болды. Құрама сапындағы 44 паралимпиадашы ел намысын қорғады. Олар параатлетика, парапауэрлифтинг, паратаэквондо, пара-үстел теннисі, паражүзу, парадзюдо, каноэ, пара-отырып ойнайтын волейбол, параоқ ату сынды тоғыз спорт түрінен бақ сынасты.
Ел спортшылары Паралимпиада ойындарына осымен сегізінші рет қатысқанын атаған абзал. Саңлақтар 1996 жылдан күні кешеге дейін Жазғы Паралимпиада ойындарында 7 медаль (2 алтын, 4 күміс және 1 қола) жеңіп алған болса, биыл бұл қатар 9 медальмен толықты. Оның екеуі – алтын, үшеуі – күміс, төртеуі – қола.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz