Жаңалықтар

«Нағыз қазақ – домбыра…»

Домбыра – ғасырлар бойы қазақ халқының бай рухани тарихы мен дәстүрлерінің символы болған және болып қала береді. Домбыра күні бірнеше жылдан бері тойланып келеді. Бұл мереке қоғамды ұлттық мәдениет идеясының айналасына топтастыру мақсатында құрылған еді. №1 жасөспірімге қызмет көрсету филиалында №54 пен № 65 орта мектебінің жазғы лагерь балалары үшін домбыра күніне орай «Домбыра – қазақ халқының жаны» атты шеберлік сабағы өтті.

Бұқар жырау ауданының «Руханият» өнер орталығының жетекшісі, Қуандық Төкенов, №2 Балалар музыка мектебінің оқушысы Ералы Шакман және «Аққу» клубының жетекшісі Б.Дарабаева мерекенің мән-маңызына және Дина Нұрпейісова мен Құрманғазы Сағырбайұлы, Тәттімбет Қазанғапұлы сынды атақты күйшілердің шеберлігі мен соңына қалдырған мол мұрасына тоқталды.

Тақырыпқа орай ұйымдастырылған кітап көрмесіне шолу жасады. Жиын қонағы Қуандық Төкенов домбырада ойнау бойынша шеберлік сабағын өткізді. Ол балаларға аспапты қалай дұрыс ұстау және орындау кезінде қалай отыру керектігін көрсетті. «Сәби болғым келеді» әнін орындап, домбыраға қызығушылығын оятты. №65 мектеп оқушысы Серік Абдрахман өзінің домбырада ойнау шеберлігін көрсетті. Сонымен қатар, №2 Балалар музыка мектебінің оқушысы Қ.Төкеновтің үйретуімен «Еркесылқым» күйін орындады. Балалар қонақтардың керемет домбыра шертуінен шабыттанды. Соңында қонақтарға Алғыс хат табысталды.

Гүлмаржан ҚОСЖАН,

1 Жасөспірімдерге қызмет көрсету кітапханасының меңгерушісі.

Басқа материалдар

Back to top button