Жаңалықтар

Нақты нәтижелер сарапталды

Облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК Қоғамдық келісім кеңесі отырысында атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Айтуынша, биылғы жылдың аяғына дейін 230 млрд. теңгеден астам сомаға 14 жаңа өндіріс іске қосылып, екі мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бұл – үй кезегінде тұрғандар үшін қуанарлық жағдай. Тұрғын үй құрылысының қарқындап өсуінің арқасында кезекте тұрған үш мыңға жуық отбасы пәтермен қамтамасыз етілетін болады. Облыста әлеуметтікэкономикалық дамудың барлық көрсеткіші бойынша өсім байқалады.

– Өңірде қазір экономика бойынша динамика бір қалыпқа түсті десек болады. Соңғы сегіз айдың қорытындысы бойынша сауда-саттық – 8,9 пайызға, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі – 19,9 пайызға, ауыл шаруашылығы 3,6 пайызға өсуді көрсетті. Ал, өнеркәсіптегі өсім 0,3 пайызды көрсетсе, құрылыста 2 пайыз жоғарылау байқалады. Инвестициялар көлемі 470 млрд. теңгеге дейін немесе 2020 жылдың сәйкес кезеңіне 105,4 пайызға дейін өсті. Әлемдік нәубеттің кесірінен құлдыраған бизнес саласы да аймақта біртіндеп қалпына келе бастады. Бұған мемлекеттік қолдау көмектеседі. «Бизн естің жол картасы – 2025» бойынша қаржыландыру 3,2 есеге, «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша 2 есеге ұлғайды. Құрылыс көлемі «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «Ауыл – Ел бесігі», «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру есебінен біршама сатыға ілгеріледі. Алда «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша кемінде 662 мың шаршы метр тұрғын үй енгізу жоспарлануда, – деді аймақ басшысы.

Жалпы, пандемия әлсіреткен негізгі жұмыстар өз қалпына келе бастағаны анық. Атап айтсақ, жол-көлік инфрақұрылымын дамыту жалғасуда. Биыл республикалық және жергілікті маңызы бар 1500 шақырымнан астам автокөлік жолдары жөнделді. «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы үлкен демеу болды. Осы бағдарлама арқасында 25 ауыл мен кенттегі жолдар ретке келтірілді. Әлеуметтік сала да қалыс қалмай дамып келеді. Үш ауысымды және апатты мектептердің орнына Қарағанды мен Жезқазғанда, Жаңаарқа мен Шет аудандарында төрт мектеп салынуда. Осы орайда, облыс басшысы мектептерге бақылау камералары орнатылып, күзет қызметінің күшейтілгенін алға тартты. Неге десеңіз, көршілес мемлекеттердегі түрлі қылмыстық іс-әрекеттердің алдын алу мақсатында. Бұл – ұл-қыз өсіріп отырған ата-ана үшін өте маңызды. Сондай-ақ, бюджеттік және бюджеттен тыс қаражат есебінен, оның ішінде «Ауыл – Ел бесігі» бойынша 13 спорт нысаны салынып жатыр. Жуырда Шахтинск, Ботақара, Қарсақпай, Жезді, Жаңаарқа және Нұра елді мекендерінде алты жаңа спорт кешені ашылады. Бұқаралық спортты дамыту үшін 3 мыңға жуық адамды қамтитын қосымша 94 секция пайда болды. Сонымен қатар, жаңа спорт алаңдары, көпфункционалды хоккей корттары, жалпы алғанда барлығы 77 нысан салынады. 21 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары мемлекеттік бағдарламалар бойынша құрылды. Олардың тең жартысы – тұрақты. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен барлығы 75 мыңнан астам адамды қамту жоспарлануда.

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button