Нақты істер баяндалды
Кеше Үкімет үйінде Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының төртінші бағыты «Біртектілік пен бірлік» бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.
Жиында алғаш болып сөз алған Арыстанбек Мұхамедиұлы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 85, 86 және 87-қадамдары толығымен жүзеге асырылғанын, ал 89, 90-қадамдары орындалып жатқанын мәлімдеді.
– Қазақстан халқы Ассамблеясының 2016 жылы өткен ХХІV сессиясында «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық актісі бекітілді. Бұл қазақстандық біртектілік пен бірлікті нығайту және дамытуға қатысты маңызды оқиға болды. Шын мәнінде, бұл – бірегей құжат. Онда еліміздің әрбір азаматы үшін маңызды құндылықтар, яғни, отбасының амандығы, қонақжайлылық, еңбексүйгіштік, тұрақтылық, қауіпсіздік, бірлік, сондай-ақ, ертеңгі күнге деген сенімділік және өзге де мәселелер қамтылған, – деді Мәдениет және спорт министрі.
Сондай-ақ, ол 86-қадам аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Үлкен ел – үлкен отбасы» жалпыұлттық жобасы әзірленіп, толығымен жүзеге асырылғанын жеткізді. Сонымен қатар, еліміздің барлық өңірлерінде 30-дан астам Достық үйі ашылғанын ерекше атап өтті.
Оның айтуынша, өткен айда ғана, яғни, 30 маусымда «Қазақстан Республикасының туристік саласын 2023 жылға дейін дамыту тұжырымдамасын бекіту туралы» Үкімет қаулысы шыққан. Бұған қоса, Үшінші экономикалық жаңғыру барысында туризм саласы индустрияландыру, отын-энергетикалық, агроөнеркәсіп кешен, көлік, сауда секілді салалармен бірге негізгі басымдықтың қатарына енгізілген.
– Туризмді дамыту саясаты географиялық жағынан Қазақстанды толығымен қамтитын қажетті инфрақұрылымы бар алты өңірлік мәдени-туристік кластерлерді құруға бағытталған. Яғни, бұл баршамызға белгілі Астана – «Мәдениеттердің геосаяси тоғысуы», Алматы – «Өркениеттер бесігі», Шығыс Қазақстан – «Алтай маржаны», Батыс Қазақстан – «Каспий қақпалары», Оңтүстік Қазақстан – «Ұлы Жібек жолының жаңғыруы», Солтүстік Қазақстан – «Табиғат пен көшпенді мәдениеттің тұтастығы», – деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Ол сондай-ақ, өңірлердің ерекшелігін ескере отырып киелі, экологиялық, аңшылық-олжалық, мәдени-танымдық, медициналық, спорттық және өзге де еліміз үшін маңызды туризмнің жаңа түрлерін дамытуға басты назар аударылатынын мәлімдеді.
Мәселен, Астана – «Мәдениеттердің геосаяси тоғысуы» кластерінің ерекшеліктері – Ұлытаудан ҚарЛаг, АЛжир лагерлеріне дейінгі аралықты қамтитын киелі туризм. Сонымен қатар, Астана Опера, Астана Балет, Ұлттық музей сынды орындары және дамыған инфрақұрылымы бар елордада мәдени туризмді дамытудың мүмкіндігі зор. Ал медициналық, курорттық туризмді дамыту мәселесіне тоқталар болсақ, бұған елімізде өтіп жатқан ЭКСПО инновацияларының инфрақұрылымы септігін тигізеді.
Мәдениет және спорт министрі 89-қадам, яғни, «Нұрлы болашақ» ұлттық жобасын әзірлеу және жүзеге асыру барысы туралы айтып өтті.
– Біз осы жылдан бастап үш тілде білім беру бойынша 2011-2020 жылдарға арналған жаңартылған мемлекеттік бағдарламаның үшінші кезеңін, яғни, 2017-2020 жылдарғы бөлігін жүзеге асыруды қолға алдық. Мұнда басты назар тілдерді оқыту әдіснамасын стандарттауға, интерактивті оқу-әдістемелік құралдарын әзірлеу және басып шығаруға, әлемдік классикалық әдебиетті аударуға бағытталып отыр, – деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Бұдан бөлек, Мәдениет және спорт министрі ел тұрғындарының тілдерді барынша үйренуі үшін «Tilalemi.kz», «Emle.kz» орфографиялық базасы, «Atau.kz» ономастикалық базасы, «Termincom.kz» терминологиялық базасы секілді мультимедиялық интерактивті алаң құрылып, жұмыс істейтінін атап өтті. Ал. балалар үшін анимациялық фильмдер негізінде мемлекеттік тілді оқыту бойынша «Ғажайып қазақ тілі» және «Ваш спутник» мультимедиялық бағдарламасы әзірленген. Сондай-ақ, ол елімізде 90-ға жуық тілдерді оқыту орталығы бар екенін мәлімдеді.
Ал, өз кезегінде Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Ұлт жоспарының 87-қадамы «Менің елім» азаматтық бірегейлікті нығайту жалпыұлттық жобасын жүзеге асыру және әзірлеу», сондай-ақ, 89-қадамда көрсетілген «Нұрлы болашақ» ұлттық жобасын жүзеге асыру және әзірлеу» бағыттарын жүзеге асыру барысын баяндады.
– Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің басты міндеті – үкіметтік емес және коммерциялық емес ұйымдардың қызметіне байланысты құқықтық актілердің жүзеге асырылуын қамтамасыз ету. 2015 жылы қабылданған үкіметтік емес ұйымдарға қатысты заң бойынша деректік база және сыйақылар мен гранттар туралы нормалар енгізілді. Ал, қазіргі уақытта жұмыстар түрлі бағыттар бойынша жүргізілуде, – деді Нұрлан Ермекбаев.
Ол бұған қоса, 2016 жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне үкіметтік емес ұйымдардың қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы әзірленгенін айта келіп, оны мамыр айында Парламент Мәжілісіне жіберілгенін мәлімдеді. Ал, қыркүйекте заңға тәуелді базаны, оның ішінде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар бойынша іске асырылатын қызмет көрсетулердің сапасына, мазмұнына, шарттарына, бағалау критерийлеріне бірыңғай талаптар, яғни, стандарттар дайындау жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, министр биыл гранттық қаржыландыру көлемі шамамен 588 млн. теңгені құрағанын, үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныстарын есепке ала отырып, тақырыптар да кеңейгенін жеткізді.
– Бүгінде арнайы оператор арқылы 41 жобаға қаржы бөлінді. Ал, болашақта тағы 14 жобаға грант берілу жоспарланып отыр. Осылайша, 55 жоба гранттық негізде қаржыландырылады. Осы жылы үкіметтік емес ұйымдарға бөлінген қаржы көлемі өткен жылғыдан үш есеге артық болып отыр. Былтыр 200 млн. теңгені құраса, биыл 600 млн-ға жуықтады. Ал, алдағы жылы бұдан да көп болуы керек. Тағы бір айта кетерлік жайт, 1 шілдеден бастап үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйақыны беру бойынша байқауға қатысу үшін өтінімдер қабылдау басталды, – деді Нұрлан Ермекбаев.
Бұдан бөлек, министр «Коммерциялық емес ұйымдар туралы» Заңға үкіметтік емес ұйымдардың өз қызметтері бойынша міндетті есептілігі жөнінде талап енгізілгенін жеткізді. Бұл есептілік үкіметтік емес ұйымдардың дерекқорына ұсынылады. Бүгінгі таңда дерекқорға үш мыңға жуық қазақстандық және шетелдік ұйымдар тәжірибесі енгізілді.
Аян Әбдуәли.
(«Егемен Қазақстан»).