Нәтижелі жұмыс – сапалы көрсеткіш
Кеше жыл сайынғы педагогтардың дәстүрлі тамыз кеңесі өтті. Әр оқу жылында жылдағыдай жаңалық енгізумен емес, кейінгі екі жылда жүргізілген өзгерістерді одан әрі дамытып, сапаға жұмыс жасауға шақырды облыстың педагогтар қауымын биылғы кеңес. Ұстаздар қауымы бас қосқан алқалы кеңеске аймақ басшысы Ерлан ҚОШАНОВ арнайы қатысты. Педагогтардың рөліне ерекше тоқталып, келер оқу жылында атқарылар шараларды нақтылап, арнайы тапсырмалар берді.
Кеңестің тақырыбы – «Қазақстанның жаңғыруы 3.0. – білімнің үлесі». Залдағы 700-ге тарта қатысушымен қатар, облыстың 18 өңірінен 4000-нан астам мұғалімдер мен ата-аналар on-line режимінде қатысу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар, Кеншілер мәдениет сарайының холында «Қарағанды облысының білім беру жүйесіндегі инновациялық технологиялар» тақырыбында арнайы көрме ұйымдастырылды. Көрмеде мектеп жасына дейінгі балаларға арналған робототехника негіздері, мектептерге зертхана жұмыстарын жүргізуге арналған арнайы жабдықтар, мектеп оқушыларының өздерінің ашқан жаңалықтары көрсетілді.
Облыс басшысы Ерлан Қошанов Қарағанды облысының білім саласында өзге өңірлермен салыстырғанда оқ бойы алда екенін атап өтіп, бұл жетістіктердің барлығы ұстаздың атқарған еңбегі екенін айтты.
Қарағанды облысының білім басқармасының басшысы Асхат Аймағанбетовтың баяндамасынан белгілі болғандай, PISA – Халықаралық зерттеу нәтижелері бойынша Қазақстан бойынша математикалық сауаттылықтан бірінші орын, грамматикалық сауаттылықтан екінші орынды иеленген қарағандылық оқушылардың жетістігі – білім саласында енгізілген инновациялардың берген жемісі.
Сонымен, биылғы жылдың міндеті – басталған үлкен істі аяқтап, мұғалімдердің, ата-аналардың, балалардың жүргізілген өзгерістердің қыр-сырын жете түсіндіру, нәтижеге қол жеткізу деп тарқасты жиынға келгендер. Яғни, санға емес, сапаға жұмыс жасау.
Форумның соңында облыстың үздік педагогтары арнайы төсбелгілермен, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Педагогтардың Тамыз кеңесі туралы кеңейтілген есепті газетіміздің алдыңғы санында назарларыңызға ұсынамыз.
Салтанат ИЛЬЯШОВА
Суретті түсірген
Д.Кузмичев.