Нәтиже сараланып, меже белгіленді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі де өте өзекті. Барлық жас санаты арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттай беру керек. Балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек. Бұқаралық спортты дамыту – пирамидаға айналуы қажет. Оның басына чемпиондар шықса, оның негізінде біз сау әрі саналы ұрпақты, мықты ұлтты қалыптастырамыз» деген еді. Ұлт болашағы жас буынның саламатты өмір салтын ұстануы маңызды екені мәлім. Облыс әкімдігінде осы тақырыпты таразылаған аппараттық жиын өтті. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен жиында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Темірхан Абылаев баяндама жасап, аймақ спортының бүгінгі ахуалы жайында есеп берді. Сонымен қатар, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов пен облыстық мәдениет мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов Наурызды мерекелеу жоспарымен бөлісті.
Басқарма басшысының дерегіне сүйенсек, халықтың спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі былтыр 65,4%-ды құрапты. Биыл сол көрсеткішті 66,6%-ға жеткізу жоспарланып отыр екен. Жоспарды орындау мақсатында облыста жалпы сомасы 6 млрд. 96 млн. теңгеге 8 ірі спорт нысанының құрылысы мен қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Аймағымызда 1 247 спорттық ғимарат жұмыс істеп тұр. Соның 299-ы ауылдарда орналасқан. Мәселен, Бұқар жырау ауданының Ғабиден Мұстафин атындағы ауылында 320 орынға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтермек. Жобаның құны – 1 млрд. 803,5 млн. теңге. Әуелдегі жоспар бойынша жоба келесі жылы тапсырылуы тиіс. Бүгінде жұмыстың 50%-ы жасалыпты. Сонымен қатар, Абай ауданындағы Топар кентінде де дәл осындай 100 орындық кешен салынбақ. Бұл жобаның құны 694,1 млн. теңге. Жоспар бойынша 2024 жылы қолданысқа берілмек. Ақтоғай ауданындағы Сарышаған ауылында да 150 орындық кешен ашылады. Ал, бұл жобаның құны – 932,6 млн. теңге. Саран қаласының Ақтас кентінде құны 1 млрд. 113,8 млн. теңге болатын 150 орындық, Приозерск қаласында 874,9 млн. теңгеге 210 орындық кешен ашылмақ. Қарқаралыда 338,5 млн. теңгеге стадион құрылысы жүріп жатыр. Қарқаралы ауданындағы Қарағайлы кенті де дене шынықтыру-сауықтыру кешенімен қамтамасыз етілмек. Осакаров ауылы тұрғындарының игілігіне жүзу бассейні берілмек.
– Сондай-ақ, «Қазақстан халқына» қоры есебінен Ақтоғай ауданының Шашубай кентінде, Қарқаралы ауданының Бүркітті ауылында, Балқаш қаласында, Бұқар жырау ауданының Баймырза кентінде және «Самұрық-Қазына» қоры есебінен Бұқар жырау ауданының Доскей кентінде, Қарқаралы ауданының Жарлы кентінде жылдам салынатын спорт кешендерінің құрылысы жоспарлануда, – деді Темірхан Абылаев.
Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов алдағы Ұлыстың ұлы күнінде өңірде қандай шаралар атқарылатынын атап өтті.
– БАҚ-тарда, әлеуметтік желілерде тақырыптық айдарларды ашып, арнайы шығарылымдарды, сұхбаттарды, роликтерді орналастырамыз. Бұл шаралар 1423 наурыз аралығында жүзеге асады. Жалғызбасты зейнеткерлердің аулаларында еріктілердің, жастардың қатысуымен «Қайырымдылық» акциясы ұйымдастырылады. Қайырымды істер бір айға жалғасады. «Наурыз – базарлық» маусымы ашылады. Яғни, сауда орындарында, автобус және теміржол қатынастарында тауарларға жаппай жеңілдіктер жасалады. Екінші деңгейдегі банктер «Наурыз жұма» акциясын өткізеді. Тұрғындар қарызды пайызсыз бөліп төлей алады. «Сарыжайлау» кинотеатрында «Қазақфильмнің» алтын қорынан тақырыптық фильмдерді көрсетеміз. Аз қамтылған отбасылар мен балалар үйлерінің тәрбиеленушілеріне Наурыз логотипі бар сыйлықтар мен ұлттық тәттілерді тарату бойынша акция ұйымдастырылады, – деді Нұрлан Бикенов.
Наурыз мейрамын атап өтудің жаңа тұжырымдамасына сәйкес өңірде алпыстан астам шара ұйымдастырылмақ. Бұл туралы облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов айтты.
– Атқарылатын шаралардың барлығы дерлік қоғамдағы бірлік пен ынтымақты нығайтуға бағытталған. Сонымен қатар, еліміздің дамуына қажетті құндылықтарды насихаттаймыз. Дәстүрлі түрде Наурыз мерекесі экспозициялық киіз үйлер орнатумен, халық салт-дәстүрлерін, ұлттық киімдер мен ұлттық тағамдарды көрсетумен және басқа да жаппай халықтық мерекелер мен фольклорлық қойылымдар форматында өтеді. Мерекенің жаңаруын көрнекі көрсету үшін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі үйлесімділік пен кемелдікті бейнелейтін үш қызғалдақ бейнеленген наурыздың бірыңғай логотипін бекітті, – деді Еркебұлан Жұмакенов.
14 наурызда Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театры актерлерінің қатысуымен облыстық өлкетану мұражайында театрландырылған қойылым өтеді. Халықтық шығармашылық ұжымдардың қатысуымен қалалар мен аудандардың мәдениет үйлерінде тақырыптық театрландырылған қойылымдар ұйымдастырылады. Колледж және жалпы білім беретін мектеп оқушыларының да қатысуымен тақырыптық қойылымдар жоспарланған.
15 наурызда қиын жағдайға тап болған адамдарға көмек көрсететін ізгіліктің әлеуметтік марафоны атқарылады. Ауыл шаруашылығы өндірушілерінің қатысуымен облыстың қалалары мен аудандарында ауыл шаруашылығы шағын жәрмеңкелері есігін айқара ашады. Осакаров ауданының көпбалалы отбасыларына 8 және 18 пәтерлі үйлердің кілттері табысталмақ.
Ал, 22 наурызда Қарағандының орталық саябағында «Құс қанатты Наурыз» театрландырылған мерекесі өтеді. Сонымен қатар, облыстың қалалары мен аудандарының орталық саябақтары мен алаңдарында жаппай мерекелік іс-шаралар мен бұқаралық серуендер ұйымдастырылады.
14-22 наурыз аралығында атқарылатын шаралардың тізімі ұзақ. Облыс басшылығы Ұлыстың ұлы күнінде ұлттық рухты және ізгілікке толы дүние танымымызды жаңғыртуға баса мән беріп отыр.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz