Нұрын төккен жүрек
«Жетім көрсең, жебей жүр» деген аталы сөздің мән-мазмұны терең. Тіршілікте түрлі тағдыр иесі бар. Болса да, олардың бәрі бақытқа лайық. Тағдыры бөлек балаларға әсте өз анасындай мейірім сыйлап, өз әкесіндей қамқор болу – екінің бірінің қолынан келе бермейді. Өзгеге жылу сыйлап, өз бағын жайқалтқан отбасылар көп. Біз бүгін көпке үлгі болған осындай отбасы – бір үйдің алты баласын асырап, қанатының астына алған Катаевтар отбасы жайлы айтпақпыз.
Еркебұлан Катаев жекеменшік ұйымда, ал Айзат Қалымжанова ағылшын тілі пәнінен репетитор болып жұмыс істейді. Екеуі де кенді өңірдің тумасы. 2011 жылы отбасын құрып, болашаққа қадам басады. Ортақ некеден Айгерім мен Елнар есімді балалары дүниеге келеді. Бүгінде Еркебұлан мен Айзат – сегіз баланың ата-анасы болып, көпбалалы отбасыға айналды. Туған балалары болса да, 2020 жылы бір отбасының алты баласын асырап алады. Өйткені, олар қиын жағдайға тап болған балалар еді. Осыдан үш жыл бұрын анасы қайтыс болғанда, балалар бірден Қарағанды облыстық кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу орталығының қамқорлығына өткен.
Кейін Айзат Қанатқызы мұндай оқиғаны таныстары арқылы естіп-білген соң, оларды асырап алуға бел буады. Сөйтіп, құжаттарды дайындап, бейімдеу орталығынан бала асырап алу туралы 2 апталық курсынан өтеді. Алты бала «Таңшолпан» балалар үйіне өтіп, осы жерде екі ай тұрақтайды. Осылайша 2020 жылдың 22 желтоқсанында Еркебұлан Катаев пен Айзат Қалымжанова оларды қамқорлыққа алып, жаңа өмір сыйлайды.
«Балалардың бәрі мұндай шешімді оң қабылдады. Қазір барлығы бірдей тату-тәтті өмір сүруде. Әр перзенттің орны – отбасы. Сондықтан, біздің отбасымызда өсіп-өнгенін қаладық. Оларға әрдайым қатарынан қалдырмай, ешкімнен бөліп-жармай, мейірім мен қуаныш сыйлағымыз келеді», – дейді Айзат Қанатқызы.
Бүгінде Катаевтар отбасына Руслан, Дамир, Ислам, Даяна, Адэлина, Әнуар есімді балалар келді. Белосоховтардың алды 18 жаста, ең кішісі 5-те екен. Бұл балалар спортты серік еткен. Руслан мен Дамир бокс бойынша спорт шеберіне кандидат, ал 14 жастағы Ислам грек-рим күресінен спорт шеберіне кандидат екен. Бүгінде ол Ә.Молдағұлова атындағы мамандандырылған спорт-мектеп-интернатында 8-сынып оқып жатыр. Балалардың үлкені – Руслан мен Дамир студент. Бірі – Ә.Молдағұлова атындағы мамандандырылған спорт-мектеп-интернатында ІІ курс, екіншісі Қарағанды политехникалық колледжінде І курс оқиды. Ал кішілері мектепте.
«Сегіз баланы бағып-қағу отбасы иелеріне қиынға соқпай ма?» деп сұрағанымызда: «Барлық қиындықты өзіміз еңсереміз. Балалардың әрқайсысы мемлекеттен 10 АЕК көлемінде жәрдемақы алады. Біздің еліміз мұндай отбасыларды қолдап, ең алдымен, балаларға көмектескенін қалаймын» деп жауап берді кейіпкер.
Балаларға мейірім сыйлаған жүрек иелерін әсте көптің құрметтеуі керек-ақ.
Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»