Нұрлыхан Шархан – келесі айналымда
Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасының мүшесі Валентина Хальзова алғашқы кездесуінде жеңіліп қалды. Садақ атудан жекелей сында өнер көрсеткен Дәулеткелді Жаңбырбай да өкінішке қарай жарыс жолынан шығып қалды. Ал, дзюдодан 100 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Нұрлыхан Шархан келесі айналымға жолдама алды, деп хабарлайды Ortalyq.kz Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.
Дзюдодан Қазақстан командасының мүшесі Нұрлыхан Шархан алғашқы айналымда бельгиялық Тома Никифоровпен белдескен еді. Белдесу барысында бельгиялық балуан үш ескерту алып, кездесу қазақстандық дзюдошының жеңісімен аяқталды. Қазақстандық спортшының ендігі қарсыласы – өзбекстандық Мұзафарбек Тұробаев.
75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен Валентина Хальзова панамалық Атейла Байлоннан айласын асыра алмады. І раундта отандасымыз 3:2 есебімен жеңген еді. ІІ раундта да жерлесіміз тамаша өнер көрсетті. Панамалық қарсыласы ескерту алып, ұпайы шегерілді. Бірақ, соған қарамастан қарсыласы 4:1 есебімен жеңіп кетті. Шешуші раунта да Атейла Байлон 4:1 есебімен жеңіп, келесі айналымға жолдама алды. Десе де қазақстандық боксшы қарсыласынан сәл басым болғанын айтады.
– Екі раунд алда тұрдым. Үшінші кезеңде де есепте алда болдым деп ойлаймын. Маған солай көрінді. Төрешілік туралы ештеңе айта алмаймын. Солай болуы керек шығар. Қарсыласым Олимпиаданың екі дүркін жүлдегері. Өте тәжірибелі спортшы.
Бірақ мен алғашқы екі раундқа қарағанда үшінші раундта әлдеқайда дәлірек болдым. Қойылған тактиканың 60 пайызын орындадым. Соққыларын күтіп ала бастадым. Екінші раундтың басында ол мені басымен соқты. Содан соң, екі раунд бойы демала алмай, капа арқылы демалуға тырыстым.
Төрешілік туралы не айтамын? Төбелестен соң жұдырық жұмсамайды. Әрине, өкінішті. Қаншама жұмыс істеліп, бәрінің осылай аяқталғаны… Мен осы Олимпиадада Қазақстан әнұраны шырқалады деп сенемін, – деді отандасымыз.
Дәулеткелді Жаңбырбай 1/32 финалда колумбиялық Хорхе Энрикемен кездескен еді. Кездесу қорытындысы бойынша отандасымыз қарсыласынан 7:3 есебімен жеңіліп қалды.
Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.