Бас тақырыпҚазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл

«Нұрлы мекен»: жаңа ықшам аудан

Кеншілердің шап-шағын шырайлы шаһары кейінгі кезде керегесін кеңге жайып келеді. Әсіресе, соңғы бес-алты жылда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілді. Түрлі қаржыландыру көзінен көптеген келісті үй салынды. Қаланың оңтүстік-батыс қапталынан тұрмысқа қолайлы коттеждерден тұратын қалашық бой көтерді. Ал, «Нұрлы мекен» ықшам ауданы – қала тарихындағы айтулы жетістік десек, артық емес. «Сабақты ине – сәтімен» дегендей, бұл ықшам ауданның да өзіндік тарихы бар. Тіпті, жеке әңгімеге желіге жарайтындай жағдай бастан өткен. Қызмет бабына байланысты біразынан хабардар болғандықтан, өткенге ой жүгірткенді жөн көріп отырмын.

Кені алынған кеңістіктің үстіндегі қауiптi қоныстан тұрғындарды көшiру мәселесі кеңестік кезеңде-ақ көтерілген. Алайда, алаңдатарлық ахуал әртүрлі деңгейдегі мінберден айтылғанымен, іс ілгері жылжымай-ақ қойды.

Қысқа қайырсақ, мәселенің мәнісі мынада: кезiнде Компартияның шақыруымен жан-жақтан жиналған жұрт жайлы жағдай, қолайлы қоныс талап етпеді, кенiшке жақындықты көздеп, кен өндiрiп жатқан шахтаның маңайынан жобасыз баспананы «балалатты». Бау-бақша ектi, мал ұстады. Бұл тiрлiкке кеңестiк билiк те қырын қарамады. Әркiм өз бетiмен үй салып, жан бағып жатса, жағаласып несі бар?! Бiрақ, жоспар қуалап, тек құрамы құнарлы кенге көз тiгiп, жүйесiз жұмыс жүргізген кезде кеткен кемшiлiк пен қауiпсiздiк талабын сақтамау салдарынан жетпiсiншi жылдары жер опырыла бастады. Адам тағдыры тығырыққа тiрелдi.

Оларды қауіпсіз жерге көшiру күн тәртiбiне қойылғанда, бұл жауапты мiндеттi өкiметтiң өкiлi – қалалық атқару комитетi мен одақтық Түстi металлургия министрлiгiне тiкелей бағынатын Жезқазған кен-металлургия комбинаты мойнына алды. Бiрiншiсi – бiреудiң қолына қарап отырған бейбақ. Ал, материалдық ресурс пен қомақты қаражат қуатты комбинатта бар. Өкiнiшке қарай, кез келген мәселені Мәскеу мақұлдаса ғана шешетін комбинат басшылығы жергiлiктi билiктiң айтқанын жүре тыңдайтын. Соның салдарынан кейде әлеуметтiк қажеттiлiкке не қаржы, не материалдық ресурс «табылмай» қалатын. Сондай салқын көзқарастан он жылда екi елдiмекен: «Комсомол» мен «Төртiншi ауыл» әрең дегенде қалаға қарай қоныс аударды.

Жылда мемлекеттiк деңгейде шешiм қабылданып, қаражат көлемi, мердігер мен нысанды iске қосу мерзiмi айқындалғанмен, көпшiлiгi қағаз жүзiнде қалды. Өйткенi, комбинат қоныс аударатындарға тұрғын үй салуға келгенде қысқа күнде қырық сылтау тапты. 1982 жылы көктемде облыстық атқару комитетi кезектi кестесiн бекiткен бағдарламаның да бағы жанбады. Келесi жылы комбинат қоныс аударуды қысқа мерзiмде, бес жылда аяқтауды көздеген өз ұсынысын алға тартты. Онда мәдени және әлеуметтiк-тұрмыстық жағдай жайына қалды. Ең бастысы, құрылыс тресінің қуаты мен мүмкiндiгi дұрыс есептелмедi. Ақылға қонбайтын асығыс ұсыныстың да өмiрi ұзаққа бармады.

1988 жылы қазанда кендi аймаққа КСРО Министрлер Кеңесi төрағасының орынбасары Ю.П.Баталин бастаған комиссия келдi. Ол облыстық атқару комитетiнде кеңес құрып, тұрғын үй салуды жеделдетуді қаузады. КСРО Түстi металлургия министрiнiң орынбасары Б.И.Колесников қосымша қаражат бөлуге уәде бердi. Кеңестен кейiн бәрi бос сөз екені белгілі болды. Осылай әрi-берi ырғалып жүргенде Одақ ыдырады, экономикалық байланысы быт-шыт болған комбинаттың өзі қиындық қыспағында қалды.

Ал, аймақ үшiн өткiр мәселенің маңызы одан әрі артты. Тұрғындарды көшiру тағы күн тәртiбiне шықты. Айырмашылық: бұрын әңгiме «қауiптi қоныстан көшiру» туралы болса, ендi мәселе «қазба байлығын өндiру үшiн жер телiмiн ерiксiз мемлекет меншігіне алу» деп, төтесiнен қойылды. Елдi көшiру шығынын мемлекет мойнына алды, Жезқазған-Ұлытау аймағын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2012-2020 жж. арналған кешенді жоспарына енгiздi. Жезқазған кентi мен оған iргелес 3-4 елдi мекенді кезең-кезеңмен көшiруге бюджеттен 35 млрд. 397 млн. теңге қарастырылды. Оның 18 млрд. 580 млн. теңгесiн үй салуға, 16 млрд. 817 млн. теңгесiн инфрақұрылымға жұмсау көзделді.

Былай қарасаңыз, мақсат – айқын, мiндет – белгiлi, қаражат – қалтада. Енді қала әкімдігінен алынған анықтамадан үзінді келтірейік: «2015- 2016 жж. бес қабатты 15 тұрғын үй (71 мың шаршы метр) пайдалануға берілді, ал 2016 жылы бес қабатты 25 тұрғын үйдің құрылысы басталды. 2017 жылы бес қабатты 25 тұрғын үй (104,3 мың шаршы метр) іске қосылды». Әрине, мұндай ауқымды шаруаның шалғайына жармасып, кедергі келтіретін қиындық көп. Бұл жерде жергілікті билік қажырлы қимыл көрсетті. Шаһар басшысы Асқар Ыдырысовтың әкімдік қызметкерлері мен мердігер өкілдерін ертіп алып, құрылыс алаңында күні-түні жүргенін талай мәрте көрдік.

Қаланың солтүстік-батысындағы Абай мен Ұлытау көшелерінің қиылысында бір кезде бос жатқан жер бүгінде «Нұрлы мекенге» айналған. 2016-2020 жж. 45 көп қабатты тұрғын үй салынып, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартылды. Бұл жалпы көлемі 145 170,39 шаршы метрлік 2 199 пәтер деген сөз. 600 оқушыға арналған орта мектеп салынды. Сот, прокуратура және ұлттық қауіпсіздік комитетінің бөлімшесі орналасқан еңселі ғимарат көз тартады. «Ұлы дала» шағын маркет желісінің 2 әлеуметтік павильоны жұмыс істейді. Қол созым жерде қалалық емхана тұр. Таяуда неке сарайы пайдалануға берілді. Абыз ақын атындағы көше бойындағы Абай аллеясының өзі не тұрады?!

Әлібек ӘБДІРАШ.

Басқа материалдар

Back to top button