Нұрлан ӘУБӘКІРОВ: “Азаматтардың тұрғын үйден шығуы шектеледі”
Еліміздегі төтенше жағдай кезеңінде қауіпті індетпен күресу бойынша аймақтың құзіретті мекемелері басшыларымен өткен баспасөз мәслихатында Қарағанды қаласының әкімі Нұрлан ӘУБӘКІРОВ 30 наурыздан бастап күшіне енетін қосымша қауіпсіздік шаралары туралы мәлімдеді.
– Біріншісі – азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып алуды, банк қызметтері және жұмысқа шығуды қоспағанда, азаматтардың тұрғын үйден шығуы шектеледі. Екіншісі – 65 жастан асқан адамдарға үйден сыртқа шығудан шектелу ұсынылады. Үшіншісі – халықтың жаппай жиналатын орындары – саябақтар, гүлзарлар, жаяу жүргіншілер көшелері, ойын алаңдары және тағы басқа қоғамдық орындар жабылады. Төртінші – бизнес-орталықтардың жұмыс режиміне шектеу енгізіліп, олар сағат 10.00-ден 15.00-ге дейінгі уақыт аралығында қызмет көрсетеді. Сонымен қатар, олардың жанындағы қоғамдық тамақтану пункттерінің қызметі уақытша тоқтатылады. Бесінші – барлық меншік түріндегі кәсіпорындар мен ұйымдарға жұмыс күнін екі сағатқа қысқарту ұсынылады, – деп хабарлады Нұрлан Ерікбайұлы.
Сондай-ақ, алаңы 2000 шаршы метрден асатын объектілердің және азық-түлік емес тауарларды сататын барлық объектілердің қызметі тоқтатыла тұрады. Мемлекеттік және жекеменшік балабақшалар жабылады. Сұлулық салондары, қоғамдық моншалар мен сауналар, букмекерлік кеңселер және басқа да қызмет көрсету орындары жұмысын тоқтатады. Мейрамханалар мен дәмханаларға тек тапсырысты тұтынушыға дейін жеткізу үшін ғана жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Көшелерде және басқа да қоғамдық орындарда үш адамнан артық топтасып жиналуға тыйым салынады (отбасы мүшелерінен басқа). Кәмелетке толмағандарға ересектермен бірге жүруге ғана рұқсат етіледі.