Нұрлан имам: Қазақтың діндарлығы тәй-тәйлаған баладай
Әлеуметтік желіде танымал болған белгілі теолог, имам Нұрлан Байжігітұлы Арқаға ат басын бұрды. Жастармен кездесті. Дін мен дәстүр тұрғысында ашық диалог өрбіді. Ел аузында жүрген «трендтегі» имаммен сәті түсіп, сұхбаттасқан едік. Нұрлан имам қазіргі қазақ қоғамының діни ахуалын бүкпесіз әңгімелеп берді…
– Адам не нәрсеге болмасын білмегендігінен ұрынады. Оған мысал – теріс ағымдардың жетегінде кетіп жатқандар. Осы адасуға не себеп?
– Шын мәнінде, білмегеннің арты – жар. Сауатсыздықтың түбі – адасу. Ғалымдар адам неге теріс ағымның жетегінде кетеді деген сауалға жауап іздепті. Ол неге өзінің ата-тегінен келе жатқан ұлттық наным-сенімін өзгертеді? Зерттеудің нәтижесі адасуға бір ғана себеп барын көрсеткен екен. Ол – сауатсыздық, таяздық. Аталарымыз «Жылтырағанның бәрі алтын емес» деген. Қазір өз тарихынан хабарсыз, қанына, болмысына сіңген сенімінен ажырап, бөтеннің жылтырағына кеткендер көп. Мұны айтудай-ақ айтып жатырмыз.
– Ел аралап, үлкен-үлкен сарайларда жастармен кездесу өткізіп жүрсіз. Tik-tok желісіндегі тікелей эфирде де жұрт сауалына жауап айтасыз. Қоғаммен тығыз байланыста жүрген Нұрлан имамның пікірінше, кейінгі жұрттың діндарлығының деңгейі қандай?
– Тәй-тәйлаған баланың деңгейінде. Біз өміршең дінімізді мешіттегі айналдырған бір жағаматтың мойынына іліп қойдық. Имам құлшылық үйіндегі мінберге байланып қалды. Ешкімнің алдына бармады. Барса – бір нәрсе сұрау үшін барды, немесе біреуге бата қылу үшін барды. Елмен етене араласпады. Оған өзіндік себептер бар. Мешіттегі 4 ақсақалдың маңайында отырдық. Мешітке бәрі келе бермейді. Келсе де, сұрақ қоймайды. Сұраса да, имам төрге отырып алып, саусақты шошайтқаннан басқа ештеңе бітірмеді. Сөздің түбі, шындығы сол. 30 жыл осымен өтті. Дінді оқыған елдер әлдеқайда ұзап кеткен. Дінді шала ұғып, жырақ жүргендер қарайып, түсінігі төмендеп кетті. Біз қазір тәй-тәйлап, енді ғана айналаға қарай бастадық. Мұны тікелей эфирде қойылған сұрақтардан түсінесіз. «70 көретін жасым ба еді, быламық жейтін асым ба еді?» депті ғой бір ақсақал. Міне, біздің көріп отырғанымыз – осы. 30 жылда дамыған елдердің қатарына қосылдық делік. Бірақ, рухани жағдайымыз төмендеді. Жанның емес, тәннің азығын іздеп кеттік. Мұның бәріне мемлекет, имам кінәлі деп соларға арта салудан аулақпын. Бұл жерде әрқайсының өзіндік кінәсі бар. Бір жерді шұқи бердік. Одан кейін, өзімізге ұнаған тақырыптарды ғана айттық. Жұртқа жақпайтын сөз айтсаң, әріге апарып тастайды. Ақты ақ деп, қараны қара дейтін ақиқатқа жақ адамдар аз. Тәй-тәй басқан баламыз.
– Домбыраны, әсіресе, тойдағы беташар мен келіннің сәлем салуын және басқа да ұлттық салт-дәстүрлеріміз, ырым-жоралғыларымызды жоққа шығарып, қоғамға дүрбелең салатындар көбейді. Сіздің ше, бұл ненің салдары?
– Өкінішке қарай, кейінгі жұрттың менталитеті теріс жаққа өзгерді. Атеист демей-ақ қояйын, бірақ, атеистеу болып барамыз. Дінге дұрыстап бет бұрып, намазға жығылып, қажылыққа барсаң, «террорист, сәләф, уахаб» деген атақ аласың. Қазіргі жағдай – осы. Үрейленеміз. Исламды жамылған зұлым күштер осыған жеткізді. Сақал қойғаны, намаз оқығаны мұсылман, қалғаны – кәпір. Осындай теріс түсінік қалыптасты. Дін – халық руханиятының шырағы, алауы. Өйткені, дін – бірлік пен ынтымақты, махаббат, мейірімді насихаттайды. Мырзатай Жолдасбеков «Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» деген. Қазір дін жаназада ғана қажет болып қалды.
Тағы бір айтарым, ұлттық салт-дәстүрімізді жоққа шығару арқылы исламды, төл руханиятымызды өркендетпейміз. Керісінше, әлсіретіп, жұрттың көзіне жиіркенішті етеміз. Асыл дініміздің мыңдаған тармағы бар, насихаттаудың қаншама жолдары бар. Соның бәріне бойламай, ізденбей «Жоқ, менікі ғана дұрыс» деп, ешкіммен санаспау, бәрін жоққа шығару – экстремизм.
– Меніңше, бұрынғы ақсақалдардың айтатын «обал, сауабы» адамның иманы еді. Дінге алғашқы қадам сол сөзден басталатын…
– Аталарымыз «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген. Бір-ақ ауыз сөз. Көбі «Құдай бәрін көріп тұр-ау!» деп ойланбайды. Олар бейнекамерадан қорқады. Көшедегі камерадан, жолдағы жылдамдықты өлшейтін «Сергектен» қорқады. Біреу таспаға түсіріп тұрса, ас ішкісі келмейді. Сонда, құдайдың камерасы, адамдығыңның камерасы қайда қалды?
– Тәрбиелеп, баптап жүрген шәкірттеріңіз бар ма?
– Бар. Бұрыннан бері шәкірт тәрбиелеп келемін. Ұстаздыққа жаным құштар. Алды қари атанды. Болу – бір басқа, ал, оны еңсеріп кету – бір басқа. Оқығанның бәрі ғалым емес. Шетелде 10 жыл оқып келгендерді білемін. Бірақ, соңынан ерген жамағат жоқ. Салиқалы насихатын іліп алып, оны әрі қарай дәріптейтін жалғастырушылары жоқ. Негізі, заманауи имам психолог болғаны абзал. Қиналғанның бәрін дінмен жұбата алмайсың.
– Қазір мешіт салу сәнге айналды. Бұл жөнінде сіздің ойды білсек…
– «Мешіт салсам, беделім көтеріледі» дейтіндер көбейді. Бірақ, «сол құлшылық үйінде қызмет жасайтын имам табыла ма, жамағат тола ма» дегенді шетке ысырып қойдық. Онда айтылып жатқан уағыз, насихат дұрыс па, бұрыс па? Көп жағдайда елемейміз. Елемегеннің соңы жақсылыққа апармайды.
– Қазір қоғамда дінді қазақ болып емес, араб болып ұстанып жүрміз деп дабыл қағып жүргендер баршылық. Бұған не дейсіз?
– Араб болу – шарт емес. Сүйікті пайғамбарымыз Мұғаммед (с.ғ.с) бізге «араб бол» деген жоқ. «Арабша екі сөздің басын құрасам, білгіш болып көрінем» дейтіндер бар. Қателеседі. «Биссмилляхи рахман рахимды» «Аса қамқор, мейірімді Алланың атымен бастаймын» деп айтсаңыз, болады. Діннен түк хабары жоқ, бірақ, «машалланы» біледі, біреудің ақысын білмейді, бірақ, «мәһірді» біледі. Шала діндарлар осындай. Дін – мөлдір бұлақ, дәстүріміз – жағалай жатқан құрақ.
– Әсерлі әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ерік НАРЫН
«Ortalyq Qazaqstan»