ЖаңалықтарСұхбат

Нұрлан Дулатбеков: “Аса мәртебелі студент мүддесі – басты бағытымыз”

80 жылдан астам тарихы бар академик Ебіней Арыстанұлы Бөкетов атындағы Қарағанды университеті білім кеңістігінде жаңа белестерге нық қадам басып отыр. Білім ордасы қазіргі таңда жаңғыру, жаңару жолынан өтіп келеді. Киелі қарашаңырақтың тізгінін ұстап отырған білікті басшысы, заң ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА корреспондент мүшесі Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ редакциямызға арнайы ат басын бұрып, университеттің бүгінгі тыныс-тіршілігі жайлы сұхбат берген еді…

– Нұрлан Орынбасарұлы, алғашқы сұрақты қабылдау комиссиясының жұмысынан бастасақ. Талапкерлерді қабылдау науқаны қаншалықты сәтті жүзеге асты? Кәсіптік бағдар беру жұмысының нәтижесі қандай? Қанша талапкер мемлекеттік білім грантын иеленді?

– Осы жылы қабылдау науқанын сапалы өткізу қаншалықты маңызды екенін ескере отырып, университет кәсіптік бағдар беру жұмысын Ұлттық бірыңғай тестілеу өтпей тұрып бастап кетті. Талапкерлердің болашақ мамандығын, оқу орнын дұрыс таңдауына бағыт-бағдар беретін техникалық хатшылар штабы құрылды. Құжаттарды қабылдау үрдісін автоматтандыру үшін talapker.edu.kz жүйесі әзірленіп, енгізілді, оның көмегімен әрбір өтініш беруші платформаға тіркеліп, қабылдау тәртібі туралы барлық қажетті ақпаратты, шығармашылық және арнайы емтихандардың ережелері мен кестесін қамтитын жеке кабинетін құру мүмкіндігіне ие болды. Пандемия кезінде жеке кабинет арқылы онлайн режимінде түсу емтихандарын, арнайы емтихандарды тапсыру, сондай-ақ, үйден шықпай-ақ сұхбат беру мүмкіндігіне қол жеткізді. Шетелдік талапкерлер үшін тіркеу мен әңгімелесудің жеке жүйесі қарастырылды. Талапкерлерге қауіпсіз әрі ыңғайлы болу үшін пандемия мен шектеу шараларына байланысты виртуалды қабылдау комиссиясының, сондай-ақ, call-орталықтың жұмысы ұйымдастырылды. Әр үміткер интернетке қосылып, zoom.us бағдарламасына кіріп, виртуалды қабылдау комиссиясы арқылы кеңес ала алды.

«Мәңгілік ел жастары – индустрияға» – «Серпін – 2050» мемлекеттік бағдарламасы аясында университет мобильдік қабылдау комиссиясының жұмысын ұйымдастырды. Осы мақсатта университет оқытушылары арасынан мобильді топтар құрылып, Алматы, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда және Маңғыстау облыстарына түсіндірме жұмыстарын жүргізу үшін жіберілді.

Қазіргі пандемия жағдайында университетке келген талапкерлерді, қонақтарды математика және ақпараттық технологиялар факультетінің «Robotics and intelligent machine» ғылыми-зерттеу зертханасы құрастырған Ғалымбек атты робот-мансаптық кеңесші қарсы алуда. Ол таңдаған бағыт бойынша қозғалады, адамдармен сөйлесу үшін тану мен синтез жүйесі қолданылады, дисплей экранында үш тілде: қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ақпарат береді, сонымен қатар талапкерлерге қабылдау ережелері және университеттің білім беру бағдарламалары туралы айтып береді.

Өткен жылы грантқа 1286 үміткер қол жеткізсе, биыл жағдай қабылдау комиссиясының жемісті жұмысының нәтижесінде жақсы жағына өзгерді. Түпкілікті нәтижелер қыркүйек айының басында, талапкерлерден құжаттарды толық қабылдау аяқталған кезде жарияланады. Ақылы бөлімге түскендер үшін биыл біз бірінші рет оқу ақысын кезең-кезеңмен төлеуді енгізіп отырмыз. Елдегі күрделі экономикалық жағдайды және пандемияға байланысты қоғамдағы қазіргі ахуалды ескере отырып, оқу ақысының сомасын 4-ке бөліп төлеу мүмкіндігі қарастырылды.

Сапалы білім беріп, саналы ұрпақ тәр­биелеу, бәсекеге қабілетті білікті маман дайындау университеттің басты ұстанымы. Осы орайда, ғылыми әлеуеті мен өзіндік дәстүрлері қалыптасқан қарашаңырағымызда оқытудың заманауи үлгілері мен әдістерін іздестіру жүзеге асырылып, жаңаша оқыту технологиялары қарқынды түрде енгізілуде. Профессорлық-оқытушылар құрамы мен қызметкерлердің зияткерлік әлеуеті жалынды жастардың жаңа буынын тәрбиелеуге мүмкіндік туғызады.

– 2018 жылы Қазақстанда жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту туралы заң қабылданды. Академиялық қауымдастық үшін қандай мүмкіндіктерге жол ашылды?

– Қабылданған заң жоғары оқу орындарына өздерінің білім беру бағдарламаларын әзірлеу, оқу нәтижелерін тұжырымдау, студенттердің жүктемесін анықтау тұрғысынан үлкен мүмкіндіктер туғызды. Жыл сайын заман талабына сай инновациялық білім беру бағдарламалары енгізіледі. Биыл жұмыс берушілердің қалауы мен қоғамда болып жатқан өзгерістерді ескере отырып, университеттің профессорлық-оқытушылар құрамы «Қазақ және ағылшын тілдері», «Шетелдік білім алушыларға арналған орыс тілі», «Тарих және исламтану (араб тілі білімімен)», «Маркетинг және SMM», «Робототехника және мехатроника» білім беру бағдарламаларын ұсынды.

Қазіргі уақытта білім беру қызметі саласында білім сапасы үшін бәсекелестік күш алуда. Бүгінгі таңда студенттер үшін ЖОО таңдаудағы басты басымдық – ұсынылатын білім беру қызметінің сапасы. Университетті бітіргеннен кейін студенттерге жұмыс берушілер ұсынған құзыреттерге ие болып, алған білімімен, дағдыларымен кәсіби біліктілігін дәлелдейтін уақыт туды. Мұның барлығы білім сапасын жақсарту, материалдық-техникалық базаны нығайту, ғылыми байланыстарды кеңейту, аккредиттеуден өту және әзірленген білім беру бағдарламалары бойынша жұмыс берушілерден сертификат алу қажет болған кезде жоғары оқу орындарына ерекше жауапкершілік жүктейді. Сонымен қатар, академиялық дербестіктің кеңеюі тез өзгеріп отырған еңбек нарығындағы өзгерістерге дер кезінде жауап беруге мүмкіндік береді. Енді дипломның өзі емес, түлектің университетте оқыған жылдары алған құзыреттіліктері маңызды. Жұмысқа қабылданатын кезде бітірген университетінің беделі, имиджі шешуші фактор ретінде маңызды рөл атқарады. Диплом университеттің жетістігі мен танылуының айғағына айналады.

Биыл академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті алғаш рет «Білім туралы» Заңның барлық талаптарына сәйкес келетін өзіндік үлгідегі дипломды әзірледі. Осы оқу жылында түлектерге берілген дипломдарда жоғары оқу орны, білім беру бағдарламасының атауы, бітірушінің деректері, оқу формасы, ректордың қолы көрсетілді. Әр дипломда Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі қалыптастыратын бірегей сәйкестендіру нөмірі бар. Әрбір осындай нөмір Ұлттық білім беру деректер қорында сақталады және нақты бір студентпен байланыстырылады, бұл кез келген уақытта берілген дипломның түпнұсқалығын тексеруге мүмкіндік береді. Дипломдар номерінің сәйкес келуі мен олардың өзгеруі мүмкін емес. Әр дипломда қорғаныс белгілері бар. Сонымен қатар, біз академиялық дербестіктің кеңеюі университеттің берілген дипломға жауапкершілігін арттыратынын түсінеміз. Егер жоғары оқу орны білім беру бағдарламасын өзі жасаса, онда ол маман дайындау сапасына және осындай сапаны растайтын құжат үшін жауап беруге тиіс. Бүгінде Арқадағы білімнің қарашаңырағы өз дамуының жаңа кезеңін бастан өткеруде. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен академиялық және қаржылық тәуелсіздік құқығы негізінде Коммерциялық емес акционерлік қоғам мәртебесін алдық. Ал ұлттық және жаһандық деңгейдегі табысты брендинг үшін, біздің университеттің жақсы танылуы үшін бірегей фирмалық стильде әзірленген ерекше логотипімізді анықтадық. Бұл мәселеде біз өз ұсыныстарын айтып, нұсқаларын ұсынған студенттерімізді де назардан тыс қалдырмадық. Дипломның дизайнын жасауға ниет білдіргендердің барлығының ұсынысы қарастырылып, ескерілді. Ұсынылған үлгілердің нәтижелері бойынша университет сайтында онлайн дауыс беру жүргізіліп, демократиялық жолмен жаңа университеттің логотипі таңдалды.

– Өңірлік университет инновациялық өсудің орталығы болуы керек дейміз. Осы турасында ой бөліссеңіз…

– Университеттің білім мен ғылымнан бөлек тағы бір миссиясы қоғамның дамуына ықпал ету екенін білеміз. Жоғары оқу орындары коммерцияландырудың мол тәжірибесіне сүйене отырып, өзінің ғылыми нәтижелерін өңірді дамытуға және оның мүддесіне жаратуға ынталы. Бұл өз кезегінде жоғары оқу орындары мен өнеркәсіптік кәсіпорындардың өзара тиімді ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеретін болады. Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ғалымдары өндіріс пен ғылымды ұштастыратын зерттеу университеті ретінде «Қуатты жергілікті оқу орындары. Академиялық артықшылық орталықтары» конкурсына қатысып, «Жасыл экономика» жағдайында Қарағанды облысының базалық салаларын инновациялық жаңартуға бағытталған білім беру және ғылыми-зерттеу хабы» инвестициялық жобасын әзірледі. Біздің аймақ бойынша университетіміз санға емес, сапаға жұмыс істейтін академиялық артықшылыққа ие орталық деп танылды. Сондай-ақ, бұл тұста жаңа кәсіптер атласын ескере отырып, экономиканың ғылымды қажетсінетін салалары үшін сұраныстағы кадрларды даярлау және халықаралық стандарттарға сәйкес ғылыми инфрақұрылым мен экожүйе құру күн тәртібіндегі өзекті мәселеге айналып отыр. Біз баламалы және дәстүрлі энергетиканы зерттеу паркінің, химиялық инжиниринг орталығының және инновациялық агротехнологиялар орталығының жобаларын әзірледік. Бұл жалпы өңірге не береді? Аталған инвестициялық жобалар іске асқан кезде өңірімізде заманауи ғылыми орталық құру, дамыған зияткерлік капитал, жаңа формациядағы кадрлар ағыны және халықаралық коллаборацияны дамыту мүмкін болады. Мемлекет өз тарапынан өңірлік университеттерді қаржылық қолдау жөнінде міндеттеме алады, сол арқылы жоғары оқу орындарының мәртебесін нығайтады. Осыған байланысты «Қуатты өңірлік университеттер» байқауы шеңберінде өңірлік жоғары оқу орындарында академиялық артықшылық орталықтарын құру – уақтылы шешім. Біздің ойымызша, стейкхолдерлерді тарту орталығы мен таланттар шоғырланатын орынға айналатын өңірлік университеттердің әлеуметтік рөлін нығайту перспективасы айқын. Сайып келгенде, университет ғылыми жобалардың өңірлік хабы болған кезде бұл әдеттегі тәжірибеге айналуы тиіс. Әлемдік тәжірибеде академиялық артықшылық орталықтары өздерін зерттеу университеттері, өңірлердің ғылыми-ресурстық орталықтары, ғылыми-өндірістік консорциумдар болуға ұмтылатын мықты университеттердің орнықты дамуының тиімді тетігі ретінде көрсетуде. Бүгінде жоғары оқу орындарының академиялық әлеуеті мен ғылыми инфрақұрылымын ескере отырып, даму стратегиясын таңдауға зор мүмкіндік бар. Болашақта университеттер коллаборация нысанын анықтауы тиіс. Олар: өңір ішіндегі университеттер коллаборациясы, университеттің өндірістік сектормен коллаборациясы және біріккен жоғары оқу орындары мен өндірістік сектордың коллаборациясы. Мұндай парадигмада мемлекеттік қаржыландырумен қатар бизнес-ортадан баламалы түрде ғылыми жо баларды қаржыландыру көздерін табиғи әртараптандыру үшін жағдайлар жасалады. Нәтижесінде университеттердің тұрақты даму қоры біртіндеп теңестіріліп, тек мемлекеттің қатысуына байланысты болмайды. Бұл академиялық артықшылық орталықтарының идеясын табысты іске асыру индикаторына айналмақ. Жобада даярлаудың тиісті бағыттары бойынша өңірлік жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру, зерттеу және инновациялық экожүйені қалыптастыру, озық зерттеулерді дамыту үшін жоғары оқу орындарының ғылыми әлеуетін арттыру, жас ғалымдар үшін жаңа ғылыми мектептер құру, жергілікті атқарушы органдармен және білім беру мен инновациялық жобалар кәсіпорындарымен бірлесіп жүзеге асыру үшін әріптестікті дамыту көзделеді. Біздіңше, Президент мәлімдеген өңірлік университеттерді нығайту стратегиясының құндылығы да осында жатыр. Бастапқы кезеңде қолдау көрсете отырып, мемлекет мықты университеттерге өздерін өңірде, елде, әлемдік қоғамдастықта байыпты түрде паш етуге мүмкіндік береді. Мұның барлығының айқын нәтижесі қазақстандық жоғары оқу орындарының әлемдік рейтингтерде ұстанымдарының артуынан, ғылымды қажетсінетін технологияларды құруда олардың рөлінің күшеюінен көрініс таппақ. Бұл тетікті қоғам өміріне уақтылы енгізе отырып, Білім және ғылым министрлігі университеттердің коммерциялық емес акционерлік қоғам мәртебесінде дамуына жағдай жасайды. Бүгінгі таңда инвестициялар тарту, коммерциялық әріптестік, өңірлер үшін ғылымды қажетсінетін технологияларды дамыту тәжірибесін пысықтайтын отандық университеттер тарихының жаңа парағы ашылуда. Өңірлік университеттің перспективалары сараптамалық, консалтингтік, консорциум қызметін қамтитын функционалдық саланы кеңейтумен байланысты болуы тиіс. Бұл университеттің жаңа болмыс мүдделеріне жауап беретін инфрақұрылымды жаңғыртумен тікелей байланысты. Өңірлік университеттер халыққа қызмет көрсетудің дамыған жүйесі бар ғылыми және білім беру хабына айналуы абзал.

Университет – бұл тек кәсіби білім алуға келетін орын деген қалыптасқан стереотипті өзгерту маңызды. Өмір бойы біліммен сусындағысы келетін білім алушыларға, мамандандырылған кеңестер алғысы келетін, бос уақытын тиімді ұйымдастырғысы келетін және еріктілердің көмегіне жүгінгісі келетін жандарға университет есігі әрқашан ашық болуы керек. Университеттердің өз колледждері, мектептері, балабақшалары, білім беру, консалтингтік, сараптамалық бағыттағы басқа да коммерциялық құрылымдары болуы қажет. Бұл университеттердің өңірлердің әлеуметтік өміріне белсене қатысуын күшейтетіні сөзсіз.

Өңірлік университеттер кадрларды қайта даярлаудың өзекті курстарын ұсына отырып, «күміс университеттер» қағидаттарын іске асыруда халықты жұмыспен қамту бағдарламасына елеулі үлес қоса алады. Бұл жобалар дәстүрлі түрде әлеуметтенуге ықпал ететін университеттерге халық сенімін арттырып, үлкен сұранысқа ие болады деп есептейміз. Бүгінгі таңда өңірлік университеттердің тағдыры көбінесе коммерциялық емес акционерлік қоғамның мүмкіндіктерін іске асыруға, жобалық қызметті дамытуға, бизнес-қауымдастықпен серіктестікке бағытталған тиімді басқаруға байланысты болып отыр. Біз үшін адами капиталды дамыту басым бағыт болып қала береді. Өйткені, ол шын мәнінде Қазақстанның дамуын айқындайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтып отырған жаңа болмыс өңірлік университеттерден зияткерлік, әлеуметтік және жасампаздық рөлін нығайту бойынша батыл іс-қимылды талап етеді. Отандық білім берудің үздік дәстүрлерін жалғастыра отырып, академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті өңірлік даму саласындағы кең ауқымды өзгерістердің көшбасшысы және қозғаушы күші болуға қашанда дайын.

– Жоғары оқу орны адалдық алаңына айналуы тиіс. Білім алушылардың мүддесі қаншалықты қорғалған?

– Университет жоғары оқу орнын адалдық алаңына айналдыруды, білім беру жүйесі қызметінің ашықтығын қамтамасыз ете отырып, білім алушылардың сапалы білім алуына мүмкіндік туғызуды көздейді. Университетте «Таза сессия» тақырыбында Ашық есік күндері өтіп тұрады. Оқу жылының аяғына таман жоғары оқу орнына Қарағанды облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, облыс прокуратурасының, «Адал білім» жобалық кеңсесінің және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен студенттер білім алушылардың оқу үлгеріміне қатысты академиялық адалдықты, құқық бұзушылықтарға төзбеушілікті насихаттау және білім беру ортасында сыбайлас жемқорлықпен күресу шараларын тұжырымдау, талқылау мақсатында жиналды. Адалдық алаңында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларына қатысты, студенттің оқу процесіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне тап болуы мүмкіншілігі қаншалықты, бағалау жүйесі қандай дәрежеде ашық және тағы да басқа өзекті сұрақтар қойылып, жауаптар алуға мүмкіндік туындады. Қарағанды университетінің тіркеуші кеңсесі және Қашықтан білім беру орталығы қашықтан білім беру технологияларын қолдана отырып, оқу жетістіктерін есепке алу мен бақылау және оқу процесін ұйымдастыру жөнінде бағдарламаларын ұсынды. Дәрістердің қалай өткізілетіні туралы және университеттің Студенттер мен қызметкерлерге арналған қызмет көрсету орталығында цифрлық білім беру қызметтерінің презентациясы көрсетілді. Біз барлық сыбайлас жемқорлық тәуекелдерімен жан-жақты күресуіміз керек. Тіпті, біз университет қабырғасында «сессияны бейресми жабу» ұғымын толығымен алып тастауымыз керек. Біздің міндетіміз – студенттерге, егер олар шынымен де оқу процесі барысында проблеманы сезінетін болса, жеке түрде өтініш жазу немесе топқа жиналып өтінішпен жүгінуі керек екендігін жеткізу. Бұл үшін бізде арнайы себеттер бар. Сенім телефондары бойынша ақпарат беріп, аппеляциялық комиссия арқылы шағымдана алады. Басқарма басшысы – ректордың жеке қабылдауына және блогына тікелей жазулары қажет. Бұл үшін бізде барлық жағдай жасалған. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу және білім беру қызметін талдау және мониторинг жұмыстары әрқашан менің жеке бақылауымда болады.

– Студентке қаншалықты жақынсыз? Студенттердің жан-жақты дамуына көңіл бөлініп жатыр ма?

– Аса мәртебелі студент мүддесі – басты бағытымыз. Өткен оқу жылында оқытушылар мен студенттерге хат жолдадым. Тәлімгер мен шәкірттің бірлескен жұмысы нәтижелі болған кезде ғана біз сапалы білімге қол жеткіземіз. Біздің барлық бастамаларымыз, атқарылған жұмыстар жастардың толыққанды білім алуына бағытталады. Студенттердің ұсыныс-тілектері, кеңестері біз үшін аса маңызды. Жастар креативті, озық ойлы, кейде аға ұрпақ университетіміздің заманауи бейнесін жастардың көзқарасымен көргісі келеді. Жастардың тарапынан ұсынылған артықшылықтарды жүзеге асыруды бастап та кеттік. Біз тек жұмыла бірлескен кезде ғана университетімізді алдыңғы қатарлы заманауи оқу орны ете аламыз.

Университет ұжымы пандемия кезіндегі шектеулерге орай қашықтан оқытуға қарамастан студенттердің оқу үдерісін оңтайландыруға, өмір сүру жағдайларын жақсартуға барынша күш салуда. Оқу ғимараттары, жатақханалар білім алушыларды қабылдауға дайын. 2676 орынға лайықталған 7 жатақхана қазір «Студенттер үйі» деп аталады. Ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, студенттердің жатын бөлмелерімен қатар дәліздер, тұрмыстық және демалыс бөлмелері жөндеуден өтіп, жиһаз, тұрмыстық заттармен жабдықталуда. Әр Студенттер үйіндегі теннис, шахмат, дойбы залдарында, оқу залы мен конференция залында балаларымыз бос уақытын тиімді өткізе алады. Студенттер үйінің аумағын абаттандыру жұмыстары да жолға қойылды. Әр студент білім алумен қатар салауатты өмір салтын сақтап, денсаулықтың қадірін түсінуді сәнді трендке айналдыру қажет. Осы орайда, университет аумағында көптеп Workоut алаңын орнатуды жоспарлап отырмыз.

Танымал тұлғалармен кездесу ұйымдастыру, театрлар мен мұражайларға бару жағын да қолға алдық. Жақсы адаммен жарқын жүздесу жастардың болашағына оң ықпал етеді. Наурыз айында университетімізде қыздарға арналған «Арқа Аруы» клубын аштық. Біз қыздарымыздың білімді, өнерлі болуымен қатар өн бойына қыз балаға тән ұяңдықты, ибалылықты ұялатып, он саусағынан өнері тамған іскер болғанын, ертеңгі күні адал жар, ибалы келін, ақ жаулықты ана болғанын, әлемнің тірегіне айналғанын қалаймыз. Клуб отырысы ай сайын өткізіліп тұрады. Әртүрлі саладағы жетістікке жеткен тәжірибелі, іскер әйелдермен, білікті мамандармен, аналармен кездесулер ұйымдастырылады. Клуб түрлі бағытта кеңес беру, семинарлар, өмірлік мәні бар кездесулер, дөңгелек үстелдер, пікіралмасу, дебаттар, әдеби-сазды кештер, сайыстар, сонымен қатар бет әрлеу, шаш сәндеу, аспаздық өнер, қолөнер шеберлігі, тігіншілік, кондитерлік тәттілерді дайындау және өзге де қыздарды қызықтыратын салалар бойынша шеберлік сыныптар өткізіп тұрады.

Бүгінгі ұрпақ тарихты білуге тиіс. Өткенге бойлап, сабақ алып, келешекке қадам басады. Осы мақсатта биыл академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің тарихына арналған музей, Әлеуметтік мәселелер жөніндегі департамент және Студенттер үйі қызметкерлерінің бастауымен жатақханада тұратын І курс студенттері Долинка кентінде орналасқан Қарлаг мұражайына экскурсия жасап, шерлі тарихпен етене танысып қайтты. Танымдық керуен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында жүзеге асырылып отыр. Мұражайдағы әрбір экспонатты, фотосуреттерді өз көзімен көрген студент айдаудағы тұтқындардың жан азабын, зобалаң жылдардың зардабын сезінді. Ұл-қызымыздың білімді, өнерлі болуы аздық етеді. Біз жастардың қоғамға жанашыр болғанын, белсенді болғанын қалаймыз. Осы бағытта 2020 жылдың қарашасында Қарағанды университетінде жоғары оқу орнының волонтерлік клубтары мен қозғалыстарын шоғырландыратын «Biz barmyz» волонтерлер орталығын құрдық. Бүгінде еріктілер орталығы университетте волонтерлік қозғалысты ұйымдастыратын қызметті жүзеге асыратын студенттер қауымының ерікті бірлестігіне айналып үлгерді. Орталықта факультеттер жанынан құрылған 8 клуб «Көмек» әлеуметтік бағыты, «Тазалық» экологиялық бағыты, «Рухани» патриоттық бағыты, «Шебер» спорттық бағыты бойынша жұмыс атқарады. Мұқтаж жандарға, жетім балалар мен мүгедектерге, қарт адамдарға, науқас балаларға және қандай да бір әлеуметтік көмекті қажет ететін студенттерге көмек қолын созады. «Biz barmyz» еріктілер орталығының ұстанымы: университетте волонтерлік қызметті дамыту; әлеуметтік жауапкершілікті дамыту және студенттер мен оқытушылардың университеттің қоғамдық өміріне қатысуын жандандыру; волонтерлік жобалар мен әлеуметтік идеяларды іске асыру; студенттерге, қала тұрғындарына әлеуметтік көмек; факультеттер жанындағы барлық волонтерлер клубтарының қызметін үйлестіру; волонтерлерді даярлау және оқыту; тәжірибе алмасу және кейіннен жұмыстың инновациялық нысандары мен әдістерін енгізу мақсатында басқа волонтерлік ұйымдармен өзара іс-қимылды қамтамасыз ету.

Тағы бір жағымды жаңалық, жаңа оқу жылынан бастап университетіміз де әскери кафедра өз жұмысын бастайды. Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің материалдық-техникалық базасы мен кадр құрамы толықтай жасақталды. Оқу процесінде студенттер теориялық білімдерін практикамен ұштастырып, курстың соңында олар тактикалық-техникалық дайындықтың жоғары деңгейіне ие болады. Жігіттеріміз өздерін әскердегідей ұстап, жас сарбаз курсын толықтай аяқтайды. Басты мақсат – елдің бірлігін нығайтуға күш салып, мемлекеттің тыныштығын сақтап, сыртқы жаулардың шабуылынан қорғайтын Отанына адал, әскери және мемлекеттік құпияны сақтай алатын, жоғары білікті, өнегелі, тәртіпті запастағы офицерлерді даярлау. Әскери кафедраның ашылуы университеттегі сұранысқа ие мамандықтардың санын көбейтіп қана қоймай, отансүйгіштік рухта тәрбиеленген білім мен дағдыларды меңгерген мамандарды даярлап шығарады. Болашақ әскери мамандарды университет қабырғасында оқытып, тәрбиелеуде жоғары оқу орнының оқу-әдістемелік базасының және профессорлық-оқытушылар құрамының әлеуеті жоғары деп сеніммен айтуға болады. Заманауи талаптар әскери мамандардың кәсібилігін барынша арттыруды талап етеді. Қорғаныс саласына жоғары білімді, білікті, жан-жақты азаматтарды тарту бүгінгі таңдағы еліміздің маңызды міндеттерінің бірі болып қалуы керек.

– Бұқаралық спорт – ұлт денсаулығының кепілі. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Біз саламатты өмір салтын насихаттауымыз керек. Жастардың, профессорлық-оқытушылар құрамы мен қызметкерлеріміздің спортпен айналысуына мүмкіндіктер туғызуымыз қажет. Жыл көлемінде ауқымды жұмыстардың басын қайырдық. «Аюлы» спорт кешенін қайтадан жандандырып, заманауи үлгідегі «АЮЛЫ GYM» жаттығу залын аштық. Осы игілікті іске студенттерімізді де тарттық. Олар өз дизайндарын ұсынып, спорт кешенінің интерьерін қалыптастыруға атсалысты. Былтыр әлемнің үздік он шахматшы әйелінің қатарына енген Қазақстан әйелдер құрамасының көшбасшысы Динара Садуақасованы құрметті қонақ ретінде оқу орнына шақырдық. Шахмат ханшайымы университет қызметкерлерімен, арнайы шақырылған қонақтармен, жалпы саны жиырма адаммен бір мезгілде ойын сеансын өткізді. Қадірлі қонақтың келу құрметіне орай оқу орнында «Шахмат әр ғимаратта» ауқымды жобасы бастау алып, әр факультетте, Студенттер үйінде шахмат бұрышы ашылды. Шахмат саңлағы Тигран Петросян: «Шахмат дегеніміз – формасы бойынша ойын, мазмұны жағынан – өнер, ал ойынды меңгеру жағынан – ғылым», – деген. Көктемде оқу орнында шағын футболдан алғашқы чемпионат өтті. Университеттің оқытушылары мен қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен өнер адамдары қатысты. Жақында заманауи үлгіде салынған ұзындығы 42,5 метр, ені 22,5 метр, биіктігі 7 метр болатын футбол алаңы қолданысқа беріледі.

Спортпен айналысу денсаулықтың кепілі екені сөзсіз. Дей тұрғанмен, дер кезінде ақ халатты абзал жандардың қызметіне жүгініп, дәрігерлік тексерістен өтіп тұрған да дұрыс. Осы бағытта да жұмыстар атқарылуда. Қазіргі пандемия кезіндегі қиыншылықтарды басты назарға ала отырып, университет ішінен емхана ашуды ұйғарып, №3 Студенттер үйінің бірінші қабатын толықтай сол саланың мамандарына заңды түрде жалға бердік. Жақында жоғары оқу орындарының жанынан ашылатын алғашқы №1 студенттік емхана өз жұмысын бастайды. Бұл сүйінші сұрарлық жаңалық. Енді серіктестік лицензияның негізінде оқу орнының білім алушыларына, профессорлық-оқытушылар құрамы мен қызметкерлерге әртүрлі сала бойынша маманданған дәрігерлер қызмет көрсетеді. Дәрігерлердің кабинеттері заман талабына сай жабдықталған. Қарағанды университетінің ұжымы күндізгі емдеу бөлімінде ем қабылдай алады. Коронавирус белгілері бар науқастарымызды бөлек қабылдауға мүмкіндік беретін фильтр кабинеті іске қосылады. Сондай-ақ, университет пен ҚР Ұлттық курорт қауымдастығы өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды. Арадағы ынтымақтастық өз кезегінде профессорлық-оқытушылар құрамы үшін Қазақстанның санаторий-курорттық ұйымдарында қалпына келтіру емі мен медициналық оңалтуды ұсынады, жаңа медициналық технологияларды дамыту аясында тәжірибе алмасуды, біліктілікті арттыру бағдарламаларын ұйымдастыру және жүзеге асыруды, бірлескен ғылыми форумдар өткізуді қарастырады.

– Сұхбатыңызға көп рақмет! Алдағы уақытта да Ебіней Арыстанұлы Бөкетов атын иеленген білім ордасы биік белестерді бағындырады деп сенім артамыз. Қоғамның қозғаушы күшіне айналған жастарға білім, тәлім-тәрбие, бағыт-бағдар беру жолындағы еңбектеріңіз еселене берсін!

Әңгімелескен Ілияс МҰҚАЙ.

Басқа материалдар

Back to top button