Спорт

Нұркен Әбдіровті еске алуға арналған республикалық турнир өтіп жатыр

Қарағандыда Кеңес Одағының Батыры, ұшқыш Нұркен Әбдіровті еске алуға арналған грек-рим, еркін және әйелдер күресінен республикалық турнир өтуде. Биыл 57-ші мәрте өткізіліп отырған бәсекеге елдің барлық өңірінен 500-ге жуық спортшы қатысуда.

Сурет ұйымдастырушылардан

Аталған чемпионат бес күнге жоспарланған. Жарыстың алғашқы күндерінде бозкілемге грек-рим күресінің сайыпқырандары шығып, бес салмақ дәрежесінде екі күн бойы кіл мықтыны анықтады. Жарыстың үшінші күні әйелдер күресінен белдесулер өтсе, соңғы екі күнде еркін күрес балуандары жүлделерді сарапқа салмақ.

Бүгінде грек-рим күресінен өткен турнир өз мәресіне жетті. Бұл сайысқа 2008 жылы туған және одан жоғары жастағы спортшылар қатысқан. Ал, облыс атынан 30-ға жуық балуан қатысып, жүлде үшін барын салды. Солардың қатарында 77 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен, спорт шеберлігіне кандидат Саят Ерғали да бар. Ол аталған турнирде үш белдесу өткізіп, чемпионаттың қола жүлдесіне қол жеткізді.

– Күреспен 10 жылдан бері айналысамын. Ең бірінші спорттық жолым Теміртауда басталды. Қазір Ә.Молдағұлова атындағы облыстық мектеп-интернат-колледжінде оқимын. Осы чемпионатта алғашқы белдесуімде алматылық балуаннан жеңіліп қалдым. Кейін қарағандылық қарсыласымды жеңіп, қола жүлде үшін өтетін белдесуге жолдама алдым. Бұл белдесуде маған оңай болған жоқ. Алғашқы минуттар қарсыласым менен айласын асырып, үш ұпай еншіледі. Содан кейін өз-өзіме келіп, барымды салдым. Нәтижесінде 5:3 есебімен жеңіп, қола жүлдегер атандым. Алдағы уақытта ел чемпионаты басталады. Соған дайындыққа кірісемін, – деді Саят Ерғали.

Турнир 26 желтоқсанға дейін жалғасады.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button