Нұркен ауылында ардагерлерге арнайы кабинет ашылды
Ақсақалдың батасы – береке, ақылы – бағыт. Осы ұстанымды берік ұстанған Ақтоғай ауданына қарасты Нұркен ауылдық округінде ардагерлерге көрсетілген қолдау көпшілікке үлгі боларлық іс болды. Ауыл ардагерлерінің бос уақытын тиімді өткізуі, өзара бас қосып, қоғамдық мәселелерді талқылайтын орта қалыптастыру мақсатында бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Мұхтарбек Шоқановтың ұсынысын ауыл әкімі Абылай Совет қолдап, әкімдік ғимаратынан ардагерлерге арнайы кабинет бөліп берді. Бұл бастама ардагерлер ұйымының тұрғындармен және жергілікті билікпен тығыз байланыста жұмыс істеуіне мүмкіндік туғызды.

Жаңа кабинет – ардагерлер үшін тек бас қосатын орын ғана емес, тәжірибе алмасып, ақыл-кеңес беретін, ел бірлігін нығайтатын рухани орталыққа айналмақ. Мұндай қолдау ауыл қарияларының қоғамдық өмірге белсенді араласуына серпін беріп отыр.

Осы игі істі жоғары бағалаған аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы ауыл әкімінің ардагерлер өміріне ерекше көңіл бөліп, нақты қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді. Сонымен қатар, бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Мұхтарбек Шоқанов ауыл әкімінің бастамашылдығы мен ұйымдастырушылық қабілетін де ерекше атап өтті.

– Бұл – ардагерлерге көрсетілген құрмет қана емес, жас ұрпаққа берілген тәлім. Қариясын сыйлаған қоғамның болашағы берік болады, – деді Мұхтарбек Шоқанов.
Айта кетейік, қариясын құрметтеген Нұркен ауылының бұл игі қадамы өзге елді мекендерге де өнеге болары сөзсіз.
Нұрдос КӘРІМ
«Ortalyq Qazaqstan»
Ақтоғай ауданы



