Нұраның орталығы – Нұра
Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы еліміздің рухани өмірінде жаңаша серпін туғызды. Бәсекеге қабілетті ұлт құру жолында атқарылуы тиіс толағай міндеттерді көрсеткен мақалада ұлттық құндылықтарды құрметтеуде, туған жерді көркейтуде жаңашыл ойлау қажеттігі айтылған.
2016 жылы ҚР Президенті Әкімшілігінің жетекшісі Ә.Жақсыбековтің ономастикалық жұмыстарды жандандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай аудан бойынша екі елді мекеннің – аудан орталығы Киевка кенті мен Щербаков ауылының, үш ауылдық округ пен 55 көше атауын өзгертуге ұсыныс берілген еді. Аталған ұсыныстар қолдау тауып, былтырғы жылдың соңына қарай Киевка – Нұра кенті, Щербаков – Қайнар ауылы болып аталды.
Осылайша, кеңестік кезеңнің көлеңкесіндей болған атаулар төл тілімізде жаңарды. Бұл бастама аудан тұрғындарының еңсесін көтеріп, көңілдеріне мақтаныш ұялатты. Аудан орталығы Нұра деп аталмастан бұрын да, туған жерге деген зор құрметтің белгісіндей етіп, тұрғындар атынан жергілікті әкімдік «Нұрлы жер, жүрегім – Нұра» деп ойып тұрып жазып қойған болатын. Бұл белгі бүгінгі күні жаңа атаумен қабысып, тіптен, аудан атауының мәнін аша түскендей.
Міне, аудан орталығының жаңа атауы жаңа жылдың алғашқы онкүндігінде жаңарған қалыпта тұғырға қонды. Бұл бастама ауданның 90 жылдығына арналған «90 игі іс» акциясының тұсауын кесті.
Тазагүл ПІШЕНБАЕВА.