Әнұранмен асқақтаған рух
Ұлттық мереке Республика күніне орай Қарағанды қаласының Тутұғыр алаңында «Қыран елім – Қазақстан» атты патриоттық акция өтті. Үш мыңнан аса қарағандылық мемлекеттік Әнұранымызды асқақтата шырқады. Осылайша қарағандылықтарға ұлттық мерекеге әр берді.
Салтанатты іс-шараға Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қатысып, жиылған жұртты айтулы мейраммен құттықтады.
– Қымбатты қауым, қадірлі жерлестер! Баршаңызды Республика күнімен құттықтаймын! Бұл – еліміздің бірегей ұлттық мейрамы. Тәуелсіздіктің бастауы. Егемендік жылдарындағы талай қиындықты бірге еңсердік. Біз бірлігі бекем әділетті Қазақстанды бірге құрамыз. Елге жанашыр әр саналы азамат өз үлесін қосуы керек. Ортақ мақсат, бір мүддеге сай әрекет етсек, республикамыздың келешегі кемел, болашағы жарқын. Қазақстанның Көк Туы биікте желбіреп, Әнұранымыз жер-жерде шырқалып жатыр. Бұл – ата-баба аңсап өткен егемендіктің арқасы. Ендеше егемендігіміздің қадірін түсініп, тәуелсіздікті нығайтуға атсалысайық. Мерекеден мерекеге аман-есен жетейік, – деді аймақ басшысы.
Акцияға мұнымен қоса депутаттар, спортшылар, ардагерлер, қоғам қайраткерлері мен жастар қатысты.
Мұндай елдің рухын көтеретін іс-шара облыстың барлық қала, аудандарында өткенін айта кеткеніміз жөн.
Республика күнінің мәнін арттыруды мақсат тұтқан шараға қатысушылардың басым бөлігі жастар болды. Бұл – ұлттық мереке келешек иесі жастардың жүрегіне нық орнағанының айшықты белгісіндей.
– Мен де және менің құрдастарым да жарқын келешек болатынына сенемін. Жастар үшін қазір барлық мүмкіндіктер жасалып жатыр. Күш-жігерімізді салып білім алудамыз. Бірақ, жастар үлкен ерліктерге бару үшін тек білім алу аздық етеді. Осындай Ұлттық мерекелерді атап өту арқылы рухты шыңдау керек. Рухы шыңдалған, өзіне сенімді азаматтар ғана биіктерді бағындырады. Бүгінгі шараны ұйымдастырушыларға айтар алғысым шексіз! Достарыммен бірге Көк байрағымыздың астына жиналып, әнұран шырқадық. Әнұран шырқалып жатқанда желбіреген туыңа көз салсаң, арқаң шымырлап, еңсең көтеріледі екен. Көңіл күйіміз өте керемет! – дейді шараға қатысқан Ербұлан Айдаров.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz