Нұрада мектеп жабылмайды
Газетіміздің үстіміздегі жылдың 16 шілдесіндегі санында газет бөлім меңгерушісі Нұрқанат ҚАНАФИННІҢ «Теңіз өңірі: айналып өткен өркениет» тақырыбындағы мақаласы жарияланған еді. Нұра ауданына арнайы барып, жергілікті жердегі әлеуметтік саланың ахуалымен танысқан журналистің мақаласында сол жердегі шешімі кезек күттірмейтін проблемалар туралы айқын жазылды. Түйіні күрмеулі мәселелер қатарында өңірдің білім беру саласындағы олқылықтар да қамтылды. Бүгінде газет бетінде көтерілген тақырыпқа байланысты өзге басқармалар арасынан облыстық білім басқармасы бірінші болып ресми жауабын редакциямызға жолдады.
Мақалада «Соналы бастауыш мектебінің әне-міне жабылуы мүмкін» деп тұрғындар алаңдаушылық танытып отырғанын айтып едік. Білім басқармасы бұл қауесетті жоққа шығарыпты. «2016-2017 оқу жылының басында Соналы бастауыш мектебінде 2 сыныпта (2 және 4 сыныптар) 6 оқушының білім алуы жоспарлануда. Аталған мәселе бойынша жергілікті атқарушы орган тарапынан мектепті жабу туралы шешім қабылданған жоқ» делінген хатта.
Сондай-ақ, хатта көрсетілгендей Тікенектідегі мектеп те өз жұмысын жалғастыра береді. «Сарыөзен негізгі орта мектебін оңтайландыру немесе жабу жөнінде жергілікті атқарушы орган тарапынан қабылданған шешім жоқ, мектепте 2016-2017 оқу жылында 40 оқушының білім алуы жоспарланып отыр».
Алдағы жылы Жанбөбектегі балабақша жөндеуден өтіп қалуы мүмкін. Нұра ауданы әкімдігінің шешімімен 2017 жылы балабақша ғимаратын қайта жөндеу жұмыстарын жүргізу жұмыстары қолға алынуы тиіс. Жалпы құны 30 млн. 52 мың теңгеге жобаның жобалық-сметалық құжаты жасалды.
Аталған мақалада Құланөтпес негізгі мектебінде спорт залы жоқтығы көтерілген еді. Сонымен қатар, ауылдардағы мектептер интернет желісіне қосылмағандығын да сөзімізге арқау еттік. Облыстық білім басқармасы бұл мәселелерге де қатысты нақты жауап берген екен.
«Құланөтпес негізгі орта мектебі бейімделген ғимаратта орналасқандықтан, спорт алаңы қарастырылмаған. Аталмыш мектеп орналасқан ауыл орта әлеуметтік-экономикалық дамудағы елді мекендерге жатады және ауыл тұрғындарының қалалық жерлерге және аудан басына белсенді көшуіне байланысты оқушылар саны жыл сайын азаюда. Жоғарыда баяндалғандар негізінде, экономикалық тұрғыдан бұл ғимараттың жанына спорт алаңын салу тиімсіз болып табылады.
Кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету үшін техникалық мүмкіндіктер болмағандықтан, бұл мәселені спутниктік жабдықтарды орналастыру арқылы шешу жоспарлануда.
Жоғарыда көрсетілген оқу мекемелері Нұра ауданы әкімдігіне қарасты болғандықтан, нақты шешім қабылдау аталған жергілікті атқарушы орган әкімшілігінің құзыретінде екендігін хабарлаймыз».
РЕДАКЦИЯДАН.