Нұра өзенінің жағалауы жинастырылды
Республикалық “Таза Қазақстан” экологиялық бағдарламасы шеңберінде Бұқар жырау ауданында да өзен-көлдердің айналасын жинап,тазалау мақсатында “Таза жағалау” акциясы өткізілді.
Бұл акцияны аудан тұрғындары белсене қолдап,осы өңірден ағып өтетін Нұра өзенінің жағалауын қоқыс қалдықтарынан арылтып,жинастырды. Әсіресе,бұл іске Ботақара,Ғабиден Мұстафин кенттері мен Шешенқара, Петровка, Ақтөбе ауылдарының тұрғындары, жергілікті мемлекеттік органдардың, білім беру және жастар ұйымдарының өкілдері мен еріктілер бір кісідей атсалысты. Барлығы 200-дей адам қатысқан тазалық шарасында Жаңа өзен аулының тұрғындары да Чкалов су қоймасының жағалауын қағаз,ағаш,пластика,шыны қалдықтарынан арылтып, ретке келтірді.
Акцияға қатысқан еріктілердің бірі Төкен Жантөре:
– Таза қоршаған орта–біздің жалпы жауапкешілігімізде.Мұндай акциялар табиғатты тазалап қана қоймай,өскелең ұрпақтың оған деген қамқор қатынасын қалыптастырады,-дейді.
Одан әрі бұл акция ауданның басқа да елді мекендерінде жалғасатын болады.
Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы
Суреттер ұйымдастырушылардан