Елімізде жастарға көңіл бөліп, оларды барынша қолдау ерекше қарқын алуда. Бір ғана жастар бастамасын дамытуға берілетін грант жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін шешуде. Осы бір қайтарымсыз қаражаттың қайырын көріп отырғандардың бірі – нұралық Шыңғыс Қадырбаев.
– Жеке кәсіп ашқысы келетін адамның белгілі бір сомада қаржысы болуы керек. Жастарда мұндай мүмкіндік бола бермейді. Ал, кәсіпкерлікті қолдау мақсатында берілетін грант бастамасын жүзеге асыруға қолайлы. Мен облыс әкімінің 2 млн. теңге көлеміндегі грант иегерімін. Сабын жасау ісін қолға алдым, – дейді жас кәсіпкер Шыңғыс Қадырбаев.
Ол отбасылық кәсіпке өз үлесін қосу мақсатында сабын жасаудың қыр-сырын меңгереді. Бұл бастаманың жүзеге асуына елімізде кейінгі кезде сабын өнімдерінің қымбаттап кетуі түрткі болған. Осыған дейін ресейлік сабын өнімдерінің сапалысын саудалап келген болатын. Отандық өнім қатарын толықтыру жас азаматтың әкесімен бірге ақылдаса отырып жүзеге асырған кәсібі. Осы өндірісте тәжірибесі бар арнайы технолог мамандардан білімін толықтырады. Көріп-біліп, үйренгеннен кейін өздері жасап, айналымға шығарады.
Бизнес жоспарды жүзеге асыру, әрі еңбекке ұмтылу, бастысы мемлекеттің жастарға деген қолдауын дұрыс пайдалана білуге ынталы жас кәсіпкер өз ісінің білгірі.
– Сабын жасауда түрлі шикізат өнімдерін пайдаланамыз. Таза әрі табиғи шикізатты Қарағанды, Ақмола облыстары мен Семей, Көкшетау қалаларынан аламыз. Көбіне өнімнің сапасына мән береміз. Жасалу әдісі – құпия. Бастысы сұраныс бар. Яғни, 200 келі мен 500 келі аралығында жөнелтіп отырамыз,– дейді кәсіпкер.
«Нұра» атауымен сатылымға шыққан сабын Қарағанды және Ақмола облысында саудалануда. Әзірге екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта кәсіпкерлік аясын кеңейту жоспарда бар. Сәйкесінше, жұмыскерлер қатары да артпақ.
Сағыныш ӘБІЛ.