Нұра нұрлана түседі деген сенім бар
Күнтізбелік жыл ауысар қарсаңда Нұра ауданының әкімшілігі өтіп бара жатқан жылдың қорытындысын шығарды. Ауданның экономикалық салада қол жеткізген табыстарымен қатар, өңір үшін 2024 жылдың ең елеулі оқиғасы – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс сапармен осында келіп, ауданның үздік шаруашылықтарының бірі «Шахтер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің еңбекшілерімен жүздесуі деп атап көрсетілді.
Мемлекет басшысы жұмыс сапары кезінде ауылдың мәдениет және спорт нысандарын аралап өтті. Нұра ауданының балаларына автобус сыйға тартты.
Жыл соңында тұрғын үй кезегінде тұрған 61 азаматқа пәтер кілті табыс етілді. Ерте көктемде, көктемгі су тасқыны кезінде басталған «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында 823 гектар аумақ тазартылып, 3450 түп тал ағашы отырғызылды.
Аудандық маңызы бар жолдар жөнделіп, Балықтыкөл аулының кіреберісіне, Жараспай – Құланөтпес аралығындағы жолдың бойындығы өзектерге су өткізгіш құбырлар орнатылды.
Өңірдің Аққолқа, Бестамақ және Топаркөл ауылдарына су жүйесі тартылып, су тазалау аппараттары орнатылды.
Ауда орталығында Өнер үйінің құрылысы басталды. Қоспәтерлі 11 үйдің құрылысы аяқталды.
Нұра облыстағы ең астықты өңір екені белгілі. 2024 жылы жаздық себу аумағы 326 400 гектарды құраса, егістік алқабы 290 800 гектарға жетті. Оның ішінде бидай – 258 000 гектар, арпа – 28 700 гектар, сұлы – 4 100 гектар, майлы дақылдар – 6 500 гектар болды. 1 000 гектар алаңға картоп отырғызылды.
Көктемгі егіс науқанында жер қойнына 32 900 тонна дән сіңірілді. Жоғары өнім беретін астық тұқымы 1 351 тоннаға жетті. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 3 миллиард 117 миллион теңгені құрады. Субсидия – 1 миллион 823 мың теңге болды.
Нұра – аграрлық сала мен өнеркәсібі қатар дамыған аудан. Мұндағы өнеркәсіп өнімінің көлемі 169 миллиард теңгеге жетті. Жыл ішінде 15 миллион тонна көмір, 500 мың тонна кокс, 115 мың тонна марганец концентраты өндірілді. Аудан экономикасына 30 миллиард теңгеден астам инвестиция құйылды.
Ауданда тіркелген кәсіпкерлік субъектілердің саны – 1790. 3262 адам шағын және орта бизнесте жұмыс істейді. Олар жыл ішінде 36 миллиард теңгенің өнімін шығарды. Есепті мерзімде 9 жаңа бизнес нысаны іске қосылды.
2024 жылы Нұра ауданында 160 спорттық шара өткізілді. Оның біреуі облыстық деңгейдегі спартакиада болса, төртеуі аудандық деңгейдегі жарыс, қалғандары мектеп оқушылары арасындағы спартакиадалар.
Теміртау қаласында ұйымдастырылған ауыл спортшыларының облыстық «Қарлы қыс – 2024» спартакиадасында нұралықтар ІІІ орыннан көрінген болатын. Балқаш қаласында облыстың спортшы әйелдері арасында өткізілген «Жаны нәзік, рухы биік арулар» атты спартакиадада Нұра ауданының командасы ІІ орынға табан тіреді. Яғни, нұралықтардың еңбекте де, спортта да ауыз толтырып айтарлықтай табыстары бар.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»
СУРЕТТЕРДЕ: Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нұра ауданына жұмыс сапары кезінен көріністер.