Руханият

Нұра музейінде майданнан қалған темір каска сақтаулы

Нұра аудандық тарихи-өлкетану музейінің төрінде сақтаулы тұрған ерекше жәдігердің бірі – ІІ дүниежүзілік соғыс жылдарынан қалған жауынгерлік темір каска. Қаншама уақыттың сынына төтеп берген, бетін тот басып, қоңыр реңге айналған бұл бас киім – адамзат тарихындағы ең сұрапыл қанды қасаптың үнсіз куәсі.

Сурет автордан

Кезінде жауынгердің басын оқ пен снаряд жарықшағынан қорғаған қарапайым темір бүгінде ұлт тарихын еске салатын қымбат мұраға айналды. Оның бойындағы әрбір сызаты мен дағы – майдан шебінде өткен ауыр күндердің, от пен оқтың арасындағы тағдырлардың ізі.

Құнды жәдігерді музейге Л.Н.Гумилёв атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, «Мемориалдық аймақ» іздеу жасағының командирі Майдан Көмекұлы Құсайынов арнайы табыс еткен көрінеді. Оның айтуынша, каска Харьков маңындағы қазба жұмыстары кезінде табылған неміс әскери бас киімі.

Каска қалың болаттан жасалған. Пішіні – дөңгелек төбелі. Уақыттың салдары мен табиғат құбылыстары әсерінен тозғанымен, бұйымның тарихи құндылығы айрықша. Жиектері аздап жеміріліп, бетіне соққының терең іздері қалған.

– Музейдің көрнекі бұйымдарының бірі ретінде бұл жауынгерлік бас киім – соғыс зардабының халық жадында мәңгі сақталатын ескерткішінің бірі және нақты айғағы. Осындай жәдігерлер бүгінгі ұрпаққа бейбіт өмірдің қадірін ұқтырады, тарихқа тағзым етуге жетелейді, – дейді музейдің қор сақтаушысы Анаргүл Нақыпова.

Ермек БАЛТАШҰЛЫ,

«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button