Биыл Нұра ауданындағы еріктілер қозғалысының құрылғанына 10 жыл толды. Он жыл ішінде шағын бастама ауданның қоғамдық өмірінің ажырамас құрамдас бөлігіне айналып, әлеуметтік қолдаудың маңызды тетігіне айналды. Еріктілер қарттарға, қиын жағдайдағы отбасыларға, ерекше балаларға көмек көрсетіп, медицина мекемелерімен жүйелі әріптестік орнатты. Қазіргі таңда ауданда екі еріктілер тобы жұмыс істейді, олардың еңбегі республикалық деңгейде жоғары бағаланып отыр.


Nura Arnasy тобы 2015 жылы құрылғанымен, идея одан әлдеқайда бұрын пайда болған. Топтың негізін қалаушысы Талғат Жайлаубайұлы сол кезеңді былай еске алады:

– Еріктілер тобын құру – менің көптен бері жүрегімде жүрген арманым еді. Астанада еріктілердің мұқтаж жандарға қолдау көрсететінін жиі көрдім, бұл маған ерекше әсер етті. Сол ізгілікті өз туған жерімде де қалыптастырғым келді. Жобаны бастауға мүмкіндіктер бірден бола қойған жоқ, бірақ адамдарға жақсылық жасау ниеті барлық қиындықтарды жеңуге күш берді, – дейді ол.

Уақыт өте келе топтың жұмысы кеңейіп, бағыттары да көбейді: еріктілер жалғызбасты зейнеткерлерге жәрдемдеседі, аз қамтылған отбасыларға азық-түлік жеткізеді, жастармен және ерекше қажеттіліктері бар балалармен айналысады. Ең ауыр кезеңдердің бірі – пандемия болды. Ол уақытта ауданда дәрі-дәрмек пен қорғаныс құралдары қатты тапшылыққа ұшырады. Еріктілер мыңдаған маска таратып, өз қолдарымен бахилалар тігіп, қажетті препараттарды алуға көмектесті.

Қазір қозғалысқа 194 адам тартылған, олардың 74-і – ең белсенді еріктілер. Құрамның басым бөлігін жастар құрайды: мектеп оқушылары, студенттер және әлеуметтік осал топ өкілдері белсенді түрде қатысады. Бұл жұмыс оларды жауапкершілікке баулып, азаматтық ұстанымын нығайтады. Тіпті Қарағандыда білім алып жүрген жастардың өзі жазғы демалыста ауданға келіп, жұмысты жалғастыруды дәстүрге айналдырған. Талғат Жайлаубайұлы Жастар ресурстық орталығын басқаратынын айта келе, бұл бағыттың оның өзі үшін ерекше маңызға ие екенін жеткізеді.

– Жастар үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысамыз. Кейде мүмкін еместей көрінетін дүниелердің өзі тырыссаң орындалатынына көз жеткіземіз. Әр адамға жеке көзқарас қажет. Мен жастарға жақындарына қолдау көрсетудің, бір-біріне жәрдемдесудің құндылығын түсіндіруге тырысамын, – дейді ол.

Қозғалыстың маңызды бағытының бірі – медициналық волонтёрлік. Еріктілер аудандық ауруханаға қолдау көрсетуге, медицина қызметкерлеріне жәрдемдесуге жиі атсалысады. Демеушілердің көмегімен ауруханаға көтергіш механизмі бар арнайы функциялы кереует және көктемгі су тасқыны кезінде медицина мамандары алыс ауылдарға жете алуы үшін қайық сатып алынды. Денсаулық сақтау саласына қолдау көрсету мақсатында Талғаттың әріптесі Әлия Аңсарқызы жетекшілік ететін QazMed тобы құрылды. Олардың еңбегі республикалық «QazMed Volunteers – ел игілігі үшін медициналық волонтёрлік» форумында лайықты бағасын алды.

Дегенмен, еріктілер үшін ең маңызды құндылық – тұрғындардың сенімі.
– Қозғалысқа қуат беретін – күнделікті адами қарым-қатынас. Қарттардың көңіл бөлінгеніне қуанып, әңгімелесуге мүмкіндік табуы біз үшін ерекше ынта береді. Өйткені үлкендерге керек нәрсе – қарапайым адами жанашырлық, – дейді Талғат Жайлаубайұлы.

Кәсіпкерлер мен жергілікті биліктің қолдауы да қозғалыстың дамуына серпін берді. Жастар орталығына автокөлік беріліп, техника жаңартылды, түрлі іс-шараларды өткізу мүмкіндігі кеңейді. Еріктілер қайырымдылық концерттер ұйымдастырып, республикалық форумдарға қатысып, аудан атын ел көлемінде танытып жүр.

Бүгінде Нұра ауданы еріктілер белсенділігімен танылып отыр. Өткен жылы Нұра ауылы Қазақстандағы ең мейірімді ауыл деп танылып, «Волонтёр года» халықаралық сыйлығы мен «Игі істер марафоны» жобасының «ЕҢ МЕЙІРІМДІ АУЫЛ – 2024» номинациясында жеңімпаз атанды. Талғат Жайлаубайұлының айтуынша, волонтёрліктің шынайы мәні марапатта емес, адамдардың жадында қалатын жылы істерде.
Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі



