Көбетейдің көкжиегінде жаңа тыныс пайда болды. Нұра ауданында 1100 басқа арналған заманауи сүт-тауар фермасы ашылды. Бұл – жай ғана ферма емес, ауылдың жүрегіне жан бітіретін, тіршілігін тірілтетін ірі нысан. Жаңа жоба – бір жағынан ауыл шаруашылығындағы технологиялық серпіліс болса, екінші жағынан, туған жерінен ажырамауға бекінген жастарға берілген сенімді серт.

Ферма – еуропалық стандартқа сай. Іші-сырты түгел жаңғырған, «ақылды» жүйелермен жабдықталған. Сауу процесінен бастап, жемшөп дайындауға дейін автоматтандырылған. Тіпті, сиырлардың жайлылығы үшін ауа райын бақылайтын климат-бақылау жүйесі де іске қосылған. Мұның бәрі өнім сапасын емес, адам мен табиғат арасындағы үйлесімді қамтамасыз етуге бағытталғандай.
Жобаның өмірге келуіне бастамашы болған – «Рамадан МФ» ЖШС мен «Черниговское и К» серіктестігі. Бірі – шаруаның қамын ойласа, екіншісі – өңір болашағына сеніп, қомақты инвестиция салған. Қазірдің өзінде фермада голштин тұқымды сиырлардың алғашқы партиясы жайғасыпты. Бұл – әлемдегі ең сүтті тұқымның бірі. Жылына 9 мың тонна өнім беру көзделген. Бұл межеге келесі жылы толық жетпек.
Салтанатты ашылу рәсіміне облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев арнайы келіп, ауыл халқымен бірге қуанышқа ортақтасты.
– Мұндай ферма – тек өндіріс емес. Бұл – ауылдың болашағына салынған инвестиция. Мұнда 60-қа жуық адам жұмыс істейді. Ал, жұмыс бар жерде – өмір бар. Жастардың ауылда қалуына, отбасын құрып, үйренген жерінде тұрақтауына осындай жобалар себеп болады. Сондықтан, мұны ауыл экономикасының жаңа дәуірі деуге толық негіз бар, – деді аймақ басшысы.
Жоба құрылысы былтыр басталған. Бар болғаны бір жылдың ішінде Көбетейдегі бос жатқан алқап – бүгін нағыз өндірістік орталыққа айналды. Мал шаруашылығын дамыту жөніндегі директордың орынбасары Арман Нұржанов:
– Голштин тұқымын таңдадық. Сапасы сын көтереді. Инфрақұрылым толық дайын. Жемшөп базасы жасалды. Барлық технология – еуропалық деңгейде. Енді тек нәтижелі еңбек ету қалды, – дейді.
Ферма тек табысты емес, табанды жобалардың бірі болмақ. Мұны ауыл ақсақалдары да қуана құптады. Нұра мен Қарағандының Құрметті азаматы Георгий Прокоп:
– Бұрын бүкіл аудан тәулігіне 27 тонна сүт тапсыратын. Енді бұл көрсеткішті жалғыз ферма бере алады. Бұл – дамудың дауысы. Ең бастысы – бәрі бір алаңда шоғырланған. Азық та, өндіріс те, жұмыс күші де осында. Бұл дегеніміз – нағыз әлеуметтік жауапкершілік, – дейді.
Ауыл өмірі қайта серпілсе, дала да мейірленіп, адам да үміттенеді. Көбетейдің бұл жаңа бетбұрысы – Нұра топырағындағы болашақтың нышаны іспетті.
Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»