Нұра ауданы Көбетей ауылында 1100 бас ірі қара малға арналған 60 жұмыс орнымен жаңа сүт-тауар фермасы ашылады.
Сүт-тауар фермасы жаңа агроөнеркәсіптік кешендерге жеңілдікпен несие берудің мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Черниговское и К» ЖШС және «Рамадан МФ» ЖШС бастамасымен салынбақ.
– Сүт-тауар фермасын салу идеясы қызметімізді әртараптандыру ниетінен туындады. Біз өсімдік өсірушілерміз, бірақ жыл сайын моно дән егумен айналысу қиындай түсуде. Сондықтан «Рамадан МФ» ЖШС-мен күш біріктіріп, Қарағанды облысы мен Астананың сүт өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз ететін заманауи сүт-тауар фермасын құру туралы шешім қабылданды. Бұл сиырлар ең сүтті тұқымдардың бірі ретінде белгілі. Ферманың жобалық қуаты – 1100 бас. Біз күніне 10 мың литрге дейін сүт өндіруді жоспарлап отырмыз. Бәсекеге қабілетті еңбекақы төленетін 60 жаңа жұмыс орнын құрамыз. Бірінші кезекте біздің тұрғындарды жұмысқа орналастырамыз. Қазір олардың көпшілігі елордада жұмыс істеуге мәжбүр. Біздің ферма жастарға қалада жұмыс іздемей, туған ауылында тұруға және жұмыс істеуге, сонымен бірге жақсы ақша табуға мүмкіндік береді, – дейді «Черниговское и К» ЖШС директоры Айдос Қанапин.
Фермада жұмыстың барлық циклін автоматтандыруға мүмкіндік беретін заманауи бағдарлама енгізу жоспарлануда. Кәсіпкерлер гольштин асыл тұқымды сиырларын өсірмекші.
Сүт-тауар фермасы өзін азықпен қамтамасыз етеді. Ол үшін су тарту құрылысын және су құбыры желілерін салу жобасы әзірленді. Ол сүрлемге және басқа да дәнді дақылдарға жасыл жүгері отырғызу жоспарланған 700 гектар алқапты суаруды көздейді. Жоба «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша іске асырылмақ. Кәсіпкерлер оны жүзеге асыруды күтуде және австриялық «Bauer» фирмасының алты шашыратқыш машинасын сатып алды.
– Бұл «Сарыарқа» ӘКК қолдаған аудандағы, тіпті облыстағы ірі сүт-тауар фермасын құру бойынша инвестициялық жобалардың бірі. Біздің ауданда қазір 30 басқа арналған бір ғана сүт-тауар фермасы бар. Жаңа ферма агроөнеркәсіптік сектор мен мал шаруашылығын дамытуға серпін береді, – деп атап өтті Нұра ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ербол Мәмбетов.
Ауданда барлығы 671 шаруа және фермер қожалығы, 48 271 бас ірі қара бар.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz