Нұра ауданында ақын Қуаныш Мақсұтовпен шығармашылық кездесу өтті
Қарағанды облысы әкімінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына арналған «Адал еңбек пен ынтымақ – Ел игілігі» жобасы аясындағы игі шаралар Нұра ауданында өз жалғасын тапты.

Нұра төрінде жоба авторы, Халықаралық, республикалық ақындар айтыстары мен фестивальдардың лауреаты, ҚР Мәдениет саласының үздігі, ақын, бард, қоғам қайраткері Қуаныш Мақсұтов аудан жұртшылығымен кездесті.

Кездесуге жиылған халық аудандық Мәдениет үйінің фойесінде ұйымдастырылған тақырыпты қамтитын кең көлемді көрмені тамашалады.
Ақын еңбектің қадірі, отансүйгіштік пен адамгершіліктің, бірлік пен ынтымақтың маңызы, туған өлке тарихы мен тұлғалары жайлы әсерлі ой өрбітті.
Қазақтың Сары Тентегі аталған ақын көрермен қауымның көкейлеріндегі сұрақтарына жауап беріп, еркін пікір алмасты.

Аудан мен еліміздің өркендеуіне еңбегін сіңірген Нұра өңірінен шыққан Алашқа әйгілі қайраткерлер мен еңбек адамдарын дәріптеп, қазақ халқының сал-серілік дәстүрінде өткен кездесуінің қонақтары – елге еңбегімен үлгі болған, өмірін адал еңбекке арнаған аудан ардагерлеріне облыс әкімінің қолдауымен жарық көрген кітабын сыйға тартты.

Халқымыздың алқа-қотан дәстүрінде өткен ерекше кездесу кеші Нұра өңірінің мәдени өміріндегі ерекше рухани оқиға болды. Ақынның жүрекке жеткен жырлары мен туындылары, өнер майталмандары орындаған әсем ән-күйлер тыңдарманға мол әсер сыйлады.

Кеш барысында аудан өнерпаздары әнші Амангелді Шахарбаев, күйшілер Нұрсұлтан Есенов пен Қайрат Жақып ұлттық өнеріміздің құдіретін паш етті.

Кездесу соңында Нұра ауданының әкімі Бақытжан Мұқанов сөз сөйлеп, ақын Қуаныш Мақсұтовқа аудан халқы атынан ризашылығын білдірді. Аудан басшысы ақынның шығармашылығы мен жобасының Жаңа Қазақстанды нығайтудағы маңызын атап өтіп, ата дәстүрі бойынша иығына шапан жауып, аудан әкімінің құттықтау хатын табыс етті.


Ел бірлігін, еңбектің қадірін, ұлт рухын, Нұра өңірінің тарихы мен тұлғаларын дәріптеген кеш көрермен көңілінде ұзақ сақталары сөзсіз.
Нұра ауданының ішкі саясат бөлімі



