Нұра ауданында көпбалалы ана шағын орталық ашты
Көп балалы ана Елнұр Мұхамедияр Нұра ауылында шағын орталық ашты. Ол 2018 жылдың желтоқсан айында «Жергілікті дамудың инклюзивті жоспары» жобасы аясында 1 200 000 теңге грант ұтып алған. Бұл туралы Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Ләйлім» шағын орталығында дамыту сабақтары мен ойындар өткізіледі. Мектеп жасына дейінгі балалар ермексаздан мүсіндер жасап, құммен сурет салуды меңгереді. Сонымен қатар, логопед мамандар балалардың дұрыс сөйлеуін қадағалап, осы бағытта жұмыс жасайды.
Мұнда бастауыш сынып оқушылары үшін ұзартылған күн топтары ұйымдастырылды. Оқушыларға сабақта өткен материалды жақсы меңгеруге көмек көрсетіледі және қосымша сабақтар өткізіледі.
Барлық сабақтар қазақ және орыс тілдерінде өтеді. Орталыққа бару құны-топтағы балалардың санына байланысты айына 10-нан 15 мың теңгеге дейін.
Елнұр Мұхамедияр Еуразия ұлттық университетін Қаржы және несие мамандығы бойынша бітірген. 2017 жылдан бастап жеке кәсіпкерлікпен айналысады. Ол сондай-ақ «Бизнес – Кеңесші» жобасы бойынша, «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау және дамыту бағдарламасы бойынша курстардан өткен.