АймақНұра

Нұра ауданында еңбек адамдары құрметтелді

Нұра ауданына қарасты Құланөтпес ауылында «Еңбек адамы жылы» аясында ел дамуына елеулі үлес қосып жүрген еңбек адамдарына құрмет көрсетіліп, марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты жиынға Астанадан келген мәртебелі меймандар, ауылдың мәдениет үйі қызметкерлері, ақсақалдар, ауыл тұрғындары, сондай-ақ мектеп оқушылары қатысты.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Құланөтпес ауылдық Мәдениет үйінде өткен шара барысында ауылдың үздік механизаторлары, ел экономикасына тірек болып отырған шаруа қожалықтарының жетекшілері мен қоғам белсенділері мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды.

Атап айтқанда, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен ауыл шаруашылығы саласында 50 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі механизатор Жанат Алтынов, «Смағұлов М» шаруа қожалығының басшысы Арман Смағұлов, фермер Қуандық Шурин, сондай-ақ «Береке» фермерлік шаруашылығының басшысы Руслан Балабиев марапатталды.
Ал Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасына «Абдыкеров Н.А.» шаруа қожалығының басшысы Нұрбек Абдыкеров, фермер Әнуар Мусаев, «Аружан» шаруа қожалығының басшысы Нұржан Барлыбаев, сонымен қатар, «Мерей» фермерлік шаруашылығының басшысы Ақан Мустафин ие болды.

Шара барысында сөз алған ауыл ақсақалы, ардагер механизатор Қайыргелді Қанапияұлы: «Бұл марапаттар – ауыл азаматтарының адал еңбегі мен кәсіби жетістіктеріне берілген лайықты баға», – десе, ауылдың бұрынғы әкімі, еңбек ардагері, агроном Қуат Әбішев: «Бұл – еңбек адамына деген шынайы ризашылықтың белгісі, жас ұрпақты еңбекке баулудың, еңбекқорлықты насихаттаудың жарқын үлгісі», – деп атап өтті.

Жиынға ауыл тұрғындары, кәсіптік бағдар беру мақсатында арнайы шақырылған жастар мен оқушылар белсене қатысты.
Іс-шара аясында еңбек тақырыбына арналған кітап көрмесі ұйымдастырылып, WhatsApp желісі арқылы ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жигули Дайрабаевтың бейнеқұттықтауы көрсетілді. Сонымен қатар ауыл ақсақалдары жас буынға еңбек туралы өнегелі ойларын жеткізді.

Жиынға қатысқан қонақтар – ауыл жанашыры Зұлқаппар Оспан, Нұра ауданы фермерлер қауымдастығының төрағасы, «Шестернин» шаруа қожалығының басшысы Василий Шестернин, ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының қызметкері, менеджмент магистрі, мәдениет қайраткері, «Құрметті стандарттаушы» атағының иегері Талғат Мусаев, ҚР Парламенті Мәжілісі Инженерлік орталығының қызметкері, фотосуретші Майлыбай Сайлау марапат иелерін құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.

Өз кезегінде осы іс-шараның ұйымдастырылуына мұрындық болған Құланөтпес ауылының тумасы, ҚР Парламенті Мәжілісі Аппаратының қызметкері Мустахим Айтеев ауылдастарының еңбегін жоғары бағалауға ықпал еткен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Қазақстанның Еңбек Ері» Мұқаш Ескендіров пен Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаевты ерекше ілтипатпен атап өтті.

Сондай-ақ Мустахим Арыстанұлы сөзін

«Құрметті жерлестер! Біздің ауыл Кеңес дәуірінде аудан, облыс, тіпті республика көлемінде танымал болды. Бұл – қарапайым ауыл тұрғындарының қажырлы еңбегінің, маңдай терінің жемісі. Қасиетті де құнарлы жеріміздің арқасында егіншілік пен мал шаруашылығы саласында үлкен жетістіктерге жеттік. Ондаған ауыл еңбеккерлері түрлі марапаттарға, сыйақыларға, туристік жолдамалар мен жоғары наградаларға ие болды. Бүгінгі игі дәстүрдің қайта жалғасып жатқаны – қуанышты жағдай»,

– деп түйіндеді.

Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button