Нұра ауданында ауызсу жүйесі 100% қамтылуға жақын
Нұра ауданында ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған маңызды жобалар іске асуда. Негізгі басымдық – ауылдарды орталықтандырылған таза ауызсумен қамтамасыз ету және ішкі жолдарды жаңарту. Бұл міндеттер мемлекет қолдауы мен жергілікті ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының әлеуметтік жауапкершілігі аясында жүзеге асуда.
Бүгінде ауданның 37 ауылдық елді мекенінде тұратын 22 148 тұрғынның 98,6 пайызы сапалы ауызсумен қамтылған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 100 пайызға жетеді деп жоспарланып отыр. Құланөтпес, Жараспай, Қантай және өзге де ауылдарда су жүйелерін кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстары жүргізілуде.
Нұра ауданының әкімі Бақытжан Мұқанов бұл бағыттың маңыздылығына тоқталды:
– Біздің басты міндетіміз – әрбір ауылды таза ауызсумен толық қамту. Құланөтпес, Жараспай, Қантай ауылдарында су құбырларын тарту және жаңарту жалғасып жатыр. Әр жоба сапалы әрі уақытылы орындалуы қажет, өйткені бұл тұрғындардың өмір сүру деңгейіне тікелей әсер етеді, – деді аудан басшысы.
Жол инфрақұрылымы да аудан үшін стратегиялық маңызға ие. Нұра ауданындағы автожолдардың жалпы ұзындығы – 1122 шақырым (республикалық, облыстық және аудандық жолдар). Ал ауылішілік жолдар – 261,9 шақырым. Өткен жылы жолдардың нормативке сәйкестігі 80,1% болса, биыл бұл көрсеткіш 84,1%-ға жетуі көзделуде.
Қазіргі уақытта республикалық маңызы бар Астана – Қабанбай батыр – Нұра – Теміртау автожолына кіретін Көбетей – Нұра бағытындағы 24 шақырымдық жол учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Асфальтбетон жабындысының екінші қабаты төселуде.
«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында былтыр Изенді мен Ақмешіт ауылдарындағы 10,4 шақырым жол жөнделді. Биылғы кезек – Қайнар ауылының жолдары. Сонымен қатар, Нұра кентінің көшелерін ағымдағы жөндеуге жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді.
Мемлекет пен бизнестің әріптестігіне айқын мысал – Құланөтпес ауылындағы ішкі жолдарды жөндеу. Мұндағы 6 шақырымдық жолды жөндеуге «Құлан-Өтпес» ЖШС, «Абдыкеров», «Бахтияр» және «Береке» шаруа қожалықтары өз қаражатынан қаржы бөлді. Жұмыстар ай соңына дейін аяқталмақ.
– Биыл біз ауылішілік жолдарды жөндеуге бастамашы болып, бар күшімізді салдық. Жолдың сапасы – тұрғындардың қауіпсіздігі мен ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдауды жеңілдететін маңызды фактор. Өзге шаруашылықтармен бірігіп, туған өлке үшін аянбай еңбек етудеміз. Барша ауылдастарды осындай игі істерге үлес қосуға шақырамын, – деді «Құлан-Өтпес» ЖШС басшысы Сайын Ибрагимов.
Мемлекеттік бағдарламалар мен жергілікті бастамалардың үйлесімділігі Нұра ауданындағы өзекті мәселелердің тиімді шешілуіне жол ашып отыр.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА