Нұра ауылында қауіпсіздікті күшейту мақсатында бейнебақылау камераларын орнату жұмыстары басталды. Нұра ауданының әкімі Бақытжан Мұқанов мердігер ұйым өкілдерімен, Нұра кентінің әкімі Мұратбек Тұраровпен және аудандық полиция бөлімінің бастығы Марат Тұяқбаевпен елдімекенде бейнебақылау камераларын орнату мәселелерін талқылады.

Кездесу барысында ауыл картасы бойынша бейнебақылау камералары орнатылатын орындар белгіленді. Аудан әкімі камераларды қозғалысы көп жерлерге, сондай-ақ мектептер мен балабақшалар маңына орнатуға ерекше назар аударуды тапсырды.
– Камералар ауылдың кіреберістері мен шығаберістерінде, Нұра арқылы өтетін облыстық жол бойында, қоғамдық орындарда және көлік қозғалысы ең көп тіркелетін жол учаскелерінде, сондай-ақ орталық көшелердің дерлік барлық қиылыстарына орнатамыз. Бұл жұмыстар жедел әрекет етуге мүмкіндік беріп, тұрғындар қауіпсіздігін арттырады, — деп атап өтті Бақытжан Мұқанов.
Сондай-ақ, бейнекамералар қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында қоқыс шығаруды бақылауға да септігін тигізбек. Жалпы ауыл бойынша 60 бейнебақылау камерасы орнату жоспарда бар. Олардың 10-ы 360 градусқа панорамалық шолу жасайды, қалғандары 180 градус шолу бұрышын ұстап тұрады. Мердігер ұйыммен үш жылдық келісімшарт жасалған, соған сәйкес техникалық қызмет көрсету тұрақты түрде жүргізіліп отырады. Камераларды орнату осы аптада басталмақ.
– Бейнебақылау жүйесі құқықбұзушылықтар санын азайтуға, қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттыруға және ауылдағы өмір сапасын жақсартуға көмектеседі, – дейді аудан әкімі.
Полиция бөлімінің бастығы Марат Тұяқбаевтың айтуынша, бейнекамералар құқықбұзушылықтардың алдын алуда маңызды рөл атқарады және қылмыс деңгейінің төмендеуіне ықпал етпек.
Рузана ҚУАНЫШҚЫЗЫ,
Е.Бөкетов атындағы
Қарағанды зерттеу университетінің
IV курс студенті