Нұра

НҰРА: ақ мол болады

     Нұра ауданында кәсіп ашудан бөлек, ауыл халқының әл-ауқатын түзетуге бағытталған тиімді жоба қолға алынғаны туралы бұдан бұрын да айтылған-тын. Өңірлік орталық коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифингте Нұра ауданының әкімі Ниқанбай ОМАРХАНОВ осы жобаға қатысты атқарылып жатқан мәселелер туралы толық мәлімет берді.

Жобаға сәйкес ауданның 12 ауы­лында ауыл шаруашылық ко­оперативтері құрылып, қабылдау пункт­тері ашылады. Бұл, кез келген адамның өзінің қолындағы сүтінің 1 литрін сексен теңгеден өткізе алады деген сөз. Айта кету керек, қа­былдау пункттерінде тек шаруа қо­жалықтарынан, немесе кооперативтерден ғана емес, өнімін өт­кіз­гісі келген кез келген адамнан сүт қабылданады.

Жобаның тағы бір ерек­шелігі, кооперативтер, не шаруашы­лық­тар болсын, олардың арасында өзара бәсекелестік туатынында. Ол қалай дейсіз ғой? Мысалы, тұқымына қарай сүттілігі әр түрлі болатын асыл тұқымды ірі қара ұстаған қолайлы ма, әлде сүтті аз беретін мал ұстаған тиімді ме? Әрине, сүтті сиыр тұқымын асырау қолайлы. Сол себепті тұрғындар малды асылдандыруға ниеттенеді. Бұл жерде өнімді өткізу проблемасы шешіліп қана қоймай, мал тұқымы да асылдандырылады, малды азықтандыратын сапалы жем-шөпке деген сұраныс та артады.

Аталмыш жоба үшін Нұра ауданына басымдық берілуінің де өзіндік ерекшелігі бар. Орналасу географиясы бойынша Астанадан басталатын Нұра ауданында 3 200-ден астам мал шаруашылығымен айналысатын жеке қосалқы шаруа­шылықтар бар. Оның үстіне ау­дан арқылы өтетін автомобиль жолдарын қосыңыз. Жобаны іске асыру арқылы қосалқы шаруа­шылықтардың экономикалық әлеу­етін көтеру, жекелеген адам­дарға көмек көрсету көзделіп отыр. Өйткені, мемлекетіміздегі ауыл шаруашылық өнімдерінің сексен пайызы осы қосалқы шаруа­­шы­лықтардан алынады.

Ауыл шаруашылық коопера­тивтері құрылатын 12 ауылда бар­лығы 3265 отбасы тұратын болса, олардың қолдарында 10 500 ірі қара бар, оның 5400-і сүтті сиыр. Бұл жерлерде қырдың қызыл сиырының тұқымы да сақ­талған. Егер жоба бір жылдың ішінде орындалып, Нұра ауданы жылына 4200 тонна сүт тапсыратын болса, халықтың қалтасына 320-350 миллион теңге сомасында қаражат түседі екен. Біздің ең түпкі мақсатымыз – осы, – дейді аудан әкімі.

Қабылданған өнім Қарағанды, Павлодар, Астана сүт зауыттарына өткізіледі. Егер, зауыттар 60 пайыз көлемінде табиғи сүтті тұтынатын болса, яғни, тұрақты түрде өнім қа­былдайтын орындары ашылса, таза сүт өнімін өндіруге деген субсидия көбірек бөлінбек. Сонда жасанды өнім өз-өзінен шет­ке ысырылмақ. «Баға сапаны анықтайды» де­мекші, бұл жерде қабылдау пункт­тері ашыл­ғаннан кейін баға арзандамақ емес, халық қымбат болса да таза, сапалы, табиғи өнімді тұтынады деген сөз.

Н.Омархановтың айтуын­ша, Нұра ауданында қолға ал­ын­­бақ жобаға ФАО да, яғни, БҰҰ-ның азық-түлік және ауыл шаруа­шы­лық ұйымы да қызығу­шылық танытқан көрінеді.

Салтанат ИЛЯШОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button