«Нұр Әлем» нысаны – елдіктің нышаны
Осы сенбіде Астанадағы «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесі ашылады. Небары төрт күннен кейін…
Жоспарға сүйенсек, бүгінгі күннің басты тақырыбына айналған іс-шараның ауқымы кең. Көрме алаңындағы басты нысан – «Нұр Әлем» ұлттық павильоны. Ел аузында «шар тәріздес нысан» аталып кеткен…
Бұл – «ЭКСПО – 2017» Көрме кешенінің орталық нысаны, архитектуралық нышаны. Диаметрі 80 метрді, биіктігі 100 метрді құрайтын сфералық ғимараттың әлемде теңдесі жоқ. Келушілер Қазақстанның тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі, көрікті жерлері, сонымен қатар, елдің жетістіктерімен осы жерде танысады. Яғни, 1-қабатында Қазақстанның павильоны орналасады. Сфераның өзінде Болашақ мұражайы жайғаспақ. Жай мұражай емес, ерекше мұражай. Ол Көрме өткеннен кейін өз бетінше инновациялық хаб әрі манызды зерттеу және мәдени орталыққа айналуы тиіс. Мұражайда ғарыш, күн, биомасса, жел, су және кинетика сияқты қуат көздерінің негізгі түрлері көрсетіледі. 2-8 қабаттарда орналасқан экспозициялық кеңістіктерді қабылдау мүмкіндігі сандық, мультимедиялық және интерактивті технологиялар арқасында нығая түседі. Ғимарат үстіндегі шолу алаңына лифт арқылы көтеріліп, бүкіл «ЭКСПО» ауданына ашылатын әдемі көріністі тамашалай аласыз.
Құрылымның қасбетінде күн энергиясын электр қуатына түрлендіретін фотовольтаикалық элементтердің бірігуі ойластырылған. Сонымен қатар, сфераның жоғары жағында 2 жел генераторы орнатылған.
Жалпы, Көрме аумағында Амфитеатр да жұмыс істейді. Негізгі ойын-сауық алаңының сыйымдылығы 6 мың адамға шақталған. Коммерциялық, тақырыптық, халықаралық павильондар да толықтай жасақталған. Үздік тәжірибелер аймағы да «ЭКСПО-ның» мазмұнын байыта түсері сөзсіз.
Жуырда Көрме аумағына арнайы барып, көзбен көріп қайттық. Ұйымдастырушы кеңсесі мен Медиаорталықта да қауырт тіршілік жүріп жатыр.
Қуаныш АМАНҚҰЛОВ