Н.Нұрмақов атындағы №2 мектеп-интернатында Мәди Бексұлтановты еске алуға арналған турнир өтуде
Қарағандының тарихымен тамырлас Н.Нұрмақов атындағы №2 мектеп-интернаты – талай дарынды шәкіртті түлеткен киелі білім ордасы.

Осы қара шаңырақтан қанат қаққан азаматтардың қатарында қоғам қайраткері Мәди Бексұлтанов та бар еді. Алайда, тағдыр оны небәрі 42 жасында арамыздан алып кетті. Саналы ғұмырында елге қызмет етуді мұрат тұтқан Мәди Қазыбекұлының жарқын бейнесі бүгінде оны білетін жандардың жүрегінде сақтаулы. Ардақты азаматты ұмытпай, есімін ұлықтау мақсатында мектептің 1986 жылғы түлектері, яғни, сыныптастары марқұмды еске алу мақсатында мектепішілік турнир өткізді.

Еске алу турнирінің ашылу салтанатына Мәди Қазыбекұлының анасы Валентина Бексұлтанова мен оның алғашқы ұстазы Бақыт Байболатова арнайы қатысып, естелігімен бөлісті. Сонымен қатар, Есенғазы Иманғалиев пен Қарағанды қалалық білім бөлімінің басшысы Есентай Әшімов те арнайы келіп, марқұмның азаматтық болмысын, адами қасиеттерін атап өтті. Әрі ұйымдастырушыларға алғыс білдіріп, ізгі тілектерін жеткізді.

Турнир бағдарламасы ұлдар мен қыздар арасында бөлек ұйымдастырылған. Атап айтқанда, ұлдар арасында футболдан жарыс 8-11 сынып оқушыларының қатысуымен өтуде. Биылғы додаға сегіз команда қатысып, олар екі топқа бөлінген. Турнир ережесіне сәйкес әр команда тоғыз ойыншыдан жасақталып, құрамында бір жаттықтырушы мен бір тәрбиешінің болуы міндеттелген. Топтық кезеңде командалар өзара үш ойыннан өткізіп, үздіктерді анықтауда.
Ал, қыздар арасында волейболдан жарыс 6-11 сынып оқушылары арасында ұйымдастырылған. Бұл сайыста да тәртіп пен талап бірдей. Әр команда құрамында жаттықтырушы мен тәрбиеші болуы шарт. Қазіргі таңда волейбол бәсекесіне мектептен алты команда қатысып, өзара мықтыны анықтауға күш салуда.

Мәди Қазыбекұлы 1993 жылы Қарағандыға дипломды социолог ретінде оралып, облыстық әкімшіліктің Жастар ісі жөніндегі комитетінде жұмысын бастады. Қарағанды Мәди Қазбекұлының мансабындағы алғашқы баспалдақ әрі маңызды кезең болды. Ол мұнда жас маманнан қалалық деңгейдегі басшыға дейінгі жолдан өтті.
Бес жыл ішінде ол I санатты маманнан облыстық жастар саясаты, туризм және спорт бөлімінің бастығына дейін көтерілді. Оның басшылығымен өңірде жастарды қолдаудың алғашқы жүйелі бағдарламалары енгізілді.

1998 жылдан бастап Қарағанды қаласы әкімі аппаратының ішкі саясат, әлеуметтік сала, көші-қон және демография бөлімінің меңгерушісі болды. Бұл қызметте ол ірі индустриялық орталықтағы әлеуметтік даму мен жұртшылықпен өзара іс-қимылдың ең күрделі мәселелеріне жетекшілік етті. Кейінірек Білім және ғылым министрлігінде, атап айтсақ, әкімшілік департаментінің директоры, кейін министрдің кеңесшісі болып жұмыс істеді. 2008 жылдан бастап ҚР Парламенті Сенатының Аппаратында Әлеуметтік-мәдени даму комитетімен өзара іс-қимыл жасау бөлімі меңгерушісінің орынбасары қызметін атқарды. Оның соңғы жауапты қызметі Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөліміндегі сектор меңгерушісі болды. Онда идеология мен азаматтық қоғам мәселелеріне жетекшілік етті. 2006 жылы диссертациясын сәтті қорғап, саяси ғылымдар кандидаты дәрежесін алды және өзінің терең сарапшы-практик мәртебесін дәлелдеді. Көпжылдық жемісті жұмысы және мемлекеттілікті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін «Ерен еңбегі үшін» медаліне ие болған.
Мақаланың толық нұсқасын газеттің алдағы санынан оқи аласыздар.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz



