Жаңалықтар

«Ән-ғұмыр» қанат қақты

Көкірегі ән-жырлы, өзі сан қырлы, күміс көмей әнші Мейірхан АДАМБЕКОВ бұл күнде сағынышқа айналған. Әнімен Шайтанкөлге аққу қондырған дүлдүл әншінің нұрлы бейнесі өмірден өткен соң, замандас аға-бауырлары, достары мен шәкірттерінің қаламынан сыр болып ақтарылды. Достық үйінде сол естеліктер мен мақалалар топтастырылған «ӘН-ҒҰМЫР» кітабының тұсауы кесіліп, оқырманға жол тартты. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, арда азамат туралы еңбектің редакциялық алқасында белгілі тұлғалар Рымбала ОМАРБЕКОВА, Сағат БАТЫРХАН, Жақсыкелді КЕМАЛОВ, Қойлыбай АСАН, Аманжол ӘЛТАЙ болса, демеушілері белгілі қайраткер-меценаттар – елордалық Мейрам АЙДАБОЛОВ һәм Аманкелді ТҰРСЫНҰЛЫ. Кешке Арқаның кіл игі жақсылары жиылды.

Арқадағы ән мектебінің иесі де, киесі де болған кербез де сырбаз азамат жүрекке жұмсақ әсем қоңыр дауысымен ән көгінде аққу­-ғұмыр кешті, сұлу әндері өзіндей сырлы да, сымбатты қалпында құлақта қалды.

Сырбаз шайыр Аманжол Әлтай тізгіндеген кеш Қойлыбай Асанов пен Дәуренбек Әркенов бірігіп жазған «Ағаға сағыныш» әнімен басталды. Сөзі мен әні үйлескен бөлек туынды екен. Ән орындалғанда жиынға келген әншінің аға­-бауыр, шәкірттерінің жү­зінен үлкен сағынышты байқадық. Көз алдымызға Мейірхан ағаның бап­пен ән орындап тұрғаны елестеді…

«Ән­ғұмыр» кітабының тұсауын Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері Рымбала Омарбекова, Қарағанды қалалық мәслихатының хат­шысы Құдайберген Бексұлтанов һәм Мейірхан ағаның семсер сүйіп серт байласқан жан досы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері дүлдүл ән­ші Жақсыкелді Кемалов кесті.

«Фолиант» баспасынан шыққан, 200 беттен тұратын сүбелі еңбек «Ға­сыр адамы» әншінің аяулы ағасы, академик Темірғали Көкетаевтың «Әні қалды Алаштың аспанында» атты жылы естелігімен басталыпты. Сонымен қатар, мұнда арда әнші­нің отбасылық һәм киелі өнер сах­насындағы бірегей фотосуреттері де енгізілген.

– Мейірхан ағамыз «Сағындым ғой» әнін орындағанда таңдай қақты­ратын­-ды. Әнді сезінуі, жүрекке жеткізуі бөлек еді. Енді ағамыздың өзін сағына еске алып отырмыз. Бұл өкінішті, әрине. Бірақ, Мейірхан аға өлмейтін әндерімен, парасатты болмысымен халқының жүрегінде мәңгі қалары анық, – деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ерлан Құсайын.

Қарқаралының қасиетті топы­рағында туып, бозбала балаң шағында­-ақ әйгілі «Салтанат» ән­-би ансамблінің құрамында Францияда өткен халықаралық фестивальға қатысып, Париж аспа­нын Әміреден кейін қазақ әнімен тербеген дара талант еді Мейірхан ағамыз. Асқаралы алпыстан сәл ғана асқан қысқа ғұмырында ән көгінде қалықтап, өнер айдынын­да еркін жүзді, туған елін әуезді әнге бөледі.

– Әншілігінен бөлек, айтқыш­тығы, астарлы әзілге жүйріктігі де елдің есінде қалды. Мейірханның тауып айтқан әзілдерінің өзі бір кі­ тапқа жүк болары анық. Бұл – ал­ дағы күн еншісінде. Кездесе қал­сақ, бір күлдірмей жібермейтін. Қазақ ән өнерінің қайталанбас жүйрігі еді ғой, жарықтық. Жатқан жері жарық болсын, – деп еске алды «Қазақтың Керей ханы» атанған біртуар актеры Қайрат Ке­малов.

Кеш барысында жас талант Медет Осатаев Мейірхан ағаның репертуарындағы ғажап туынды Нұрғиса Тілендиевтің «Сағындым ғой» әнін әуелеткенде жүрегіміз алып ұшып, ән құдіретіне бас идік. Кітапты парақтап отырсаңыз, қазақ дәстүрлі ән өнерінің дүлдүлі Мейірхан Сәйдіұлы туралы сыйла­сып, сырласып өткен аға-­апалары мен өнер айдынында бірге қанат қаққан қимас достары, әріптестері, шәкірттерінің сарғайған сағыныш­қа толы жүрекжарды естеліктері, әр жылдары баспасөзде жария­ланған мақала, еске алулар ән­ ғұмыр иесінің бар болмысы мен жарқын бейнесін көз алдыңызға әкеледі.

– Кітапқа әкем жайлы көптеген мақала, естеліктер енгізіліпті. Біз білмейтін көп дүние бар екен. Қалжың әңгімелері де енген. Басқа да қырын танып жатырмыз. Оқып отырып толқыдым, жарыққа шы­ ғарған ағаларға мың алғыс ай­тамын. Бұған дейін әкемізді еске алу концертін өткізіп, жұлдыздар аллеясында жұлдызын жаққан едік. Сонымен қатар, көзінің қарашығындай сақтап, сүйіп ұс­таған жан серігі домбырасын Ал­матыдағы мультимедиялық ұлт аспаптары орталығына өткізген едік. Онда Ақан сері, Біржан сал сынды тарихи тұлғалармен қатар, өз ұстаздары Жәнібек Кәрменов, Жүсіпбек Елебековтердің дом­бырасымен қатар тұруы – зор мәртебе, – деп тебіренді әншінің ұлы Алданыш Адамбеков.

Туындының Тәуелсіздіктің 30 жылдығына керемет тарту болғаны сөзсіз. «Ән­ғұмыр» кі­табы ұлтымыздың өнерсүйер әр азаматының шаңырағының төрін­де тұрарына сенім кәміл.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button