Жаңалықтар

Ән мен жырдың дүлділі

Қарымды қаламгер, ақын-сазгер, өлкетанушы Қуандық СӘДЕНОВ – 60 жаста. Мерейтойға орай Балқаш қаласындағы С.Сейфуллин атындағы қалалық кітапханада сан қырлы талант иесінің асқаралы мерейтойы аталып өтті. «Жыр арнадым, ән арнадым еліме» тақырыбындағы әдеби-сазды кешке қаламгердің оқырмандары және үзеңгілес достары да қатысты.

Шара мерейтой иесінің «Ару Балқаш, әнім менің» әдемі әнімен ашылып, ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы деректі фильм көрсетілімінен басталды. Артынша Қуандық Мақсұтұлының әндеріне кезек беріліп, Балқаш қаласы әкімінің орынбасары Саягүл Жақсылықова құттықтап, шаһар басшысы Ораз Тәуірбековтің және қалалық мәслихат хатшысы Қадыржан Тейляновтың жүрекжарды лебізін жеткізді. Мерейтой иесінің мәдениет саласына сіңірген еңбектері жайлы сөз қозғалды. Ал, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Жанболат Башарұлы «бір өзі – бір театр» деп баға беріп, адамгершілік қасиеттерін тілге тиек етті.

– Қуандық бауырым – әндері әуезділігімен, өзіндік нәзік иірімімен, сыршылдығымен, қазақылығымен жүрекке жол тапқан талант иесі. Сазгерлік, әншілік, ақындық пен журналистика тізгінін тең ұстау – әркімнің маңдайына жазылмаған бақыт. Біз қашанда текті бауырымызбен мақтанамыз. Өйткені, Қуандық өнерді адал емген, жақсылық жасаудан жалықпаған ерекше тұлға, – деді Жанболат Башарұлы. Сондай-ақ, «Құлық Жалаңтөс – Таңат баба» қоғамдық қорының басқарма алқасы және төрағасы Мейірхан Тәтибеков, айтыскер ақын Бақытжан Әрінов, «Балқаш өңірі» газетінің бас редакторы Қуаныш Аманқұлов және жауапты хатшысы Еркеназ Бақтораз, «Северное Прибалхашье» газетінің тілшісі Сағынған Науанбаев, ақындар – Мөлдір Бөлекова, Мақсат Күземханов, Айдын Байыс сынды әдебиет, өнер, мәдениет саласында еңбек етіп жүрген зиялы қауым өкілдері арнайы қатысып, жылы лебіздерін білдірді. Сонымен қатар, С.Сейфуллин атындағы білім ұясының оқушылары ақынның өлеңін оқып, Балқаш қалалық мәдени-сауық орталығының әншілері орындауындағы сазгердің әуезді әндері әркімнің-ақ жұмыр жүрегін самал желдей тербеді. Кештің өтуіне ұйытқы болған С.Сейфуллин атындағы орталықтандырылған қалалық кітапхана ұжымы атынан директор Балшырын Мұхаметжанова құттықтау сөзін жеткізіп, Қуандық Мақсұтұлына шығармашылық табыс тілеп, сый-сияпат жасады.

Нұрдос КӘРІМ.

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button