Жаңалықтар

Ән мен өлеңді ЖИ жазатын уақыт келді ме?

Жасанды интеллект туралы айтып келе жатқанымызға неше жылдың жүзі болды. Жазған сайын, тақырыпты төңіректеген сайын мың да бір пайдасын да, мың да бір зиянын да танып, білудеміз. Әріге бармай-ақ қарапайым мысал ретінде облыстық «Орталық Қазақстан» газетін алайық. Сіз бен біздің көз алдымыздан өтіп жатқан осы тақырып турасында жарияланып жатқан материалдарда есеп жоқ. Бір-біріне ұқсамайтын, өзіндік салмағын арқалаған, жасанды интеллектінің әлеуетін сан қырынан танытқан еңбектер. Осыған қарап, қызықтың көкесі әлі алда екенін, бәрі енді ғана басталғанын түсінесіз. Қалай дегенмен де, XXI ғасырдың екінші ширегінен дәл осы жасанды интеллектінің дәуірі басталды. Жаңа ай, жаңа жыл, тіпті жаңа ғасыр емес, жаңа дәуір. Жаңа дәуір неше ғасырды қамтиды, немесе мың жыл үстемдік ете ме? Қазірдің өзінде білім мен экономика, медицина, құрылыс, коммуникация, мемлекеттік қызмет секілді маңызды салалардың барлығымен қабысуда. Бүгінгі сөзімізде баладай көз алдыңызда жетіліп келе жатқан жасанды интеллектінің тағы бір қылығын айтпақпыз.

Сурет ЖИ

Жасанды интеллектінің Чат GPT деген қосымшасы пайда болғалы «ақындар мен жазушылар» қаптап кетті. Арнайы антиплагиаттық жүйеге салмасаңыз, табиғи туынды мен жасанды туындыны айыра алмайсыз. Бұл туралы талай жазылды. Әлгі қосымша үшін журналистік зерттеу, ғылыми диссертация, қарапайым мақала, өлең жазу дегеніңіз, тіпті оңай. Бұрындары осы жұрт еске алу, белгілі бір байқауға таныстыру жаздыру үшін ақындардың қыр соңынан қалмайтын еді. Қазір бұл мәселені жасанды интеллектінің қосымшасы жүктелген смартфоныңызбен-ақ реттейсіз. Өмірлік жолын қасиетті қаламмен төсеген қаламгерлер қауымы былтырдан бері дүрлігіп жүр. Қаламгерлердің ауылына төнген бұлт композиторлар мен әншілердің ауылына да бағыт алыпты. Бүгінде жасанды интеллект ән жазып, тіпті, белгілі бір әннің кавер нұсқасын санаулы минутта әзірлеп береді. Ән айтатын дауысыңыздың, қабілетіңіздің жоқтығы да қайғы емес. Қалаған әніңізді шамаңыз жеткенше айтып, студияда жаздырасыз. Сол жазбаны жасанды интеллекті ақылы қосымшасына жүктейсіз. Сізді тап-тамаша әншіге айналдыра салады. Үлкен сахнаға шықпасаңыз да, той-томалақ, қызық-қуаныштарда қошеметке бөленіп, әнші атанасыз. Міне, «абракадабра» дегеніңіз – осы.

Мысалы, қырғыз халқының Элмирбек Иманалиев деген сазгерінің «Жалғыздық» деген әні бар. Бұл – Қырғызстан тыңдарманына бұрыннан танымал ән. Әлдебір блогер жасанды интеллекті арқылы сол әннің кавер нұсқасын жасапты. Әлгі кавер әлеуметік желілерде небәрі 1 айдың ішінде 2 млн-ға жуық қаралым жинаған. Instagram, Tik-Tok, You Tube желілерін ашып қалсаңыз болды, «мен мұндалап» көз алдыңызда жарқ ете қалады. Жасанды интеллектінің мұндай мүмкіндігі барынан хабары жоқ адам орындаушыны ғаламат әншілердің қатарына қосары анық. Кәдімгідей толқытып, елжіретіп жібереді. Тіпті, бірнеше қайталап тыңдауыңыз да ықтимал. Бұл бір ғана мысал. Мұндай әндер мен кавер нұсқалар ғаламторда самсап тұр.

Біржан салдың, Ақан серінің, немесе халық әндерінің рэп, тіпті, рок жанрындағы нұсқасын жасау да қиын емес. Жалпы айтқанда, ойыңызға не келеді, соны істейсіз. Жасанды интеллект бәріне әзір.

Мысалы сіз ақынсыз. Өзіңізге ерекше ұнайтын, «әнге егіз-ау» деген бір өлеңіңізді жасанды интеллектінің қосымшасына жүктеп, «мына өлеңге ән жаз» деп пәрмен бересіз. Жасанды интеллект сізден «әнді қандай жанр­да жазайын?», – деп сұрайды. Рок па, джаз ба, шансон ба, қалауыңыз біледі. Бір минут күтесіз. Керек десеңіз, әннің ажарын ашатын бэт вокалдың түр-түрін қосасыз. Әннің ырғағын (тональность) реттейсіз. Ер адамның дауысы керек пе, әлде әйелдікі ме, ол да оңай шешілетін шаруа. Гитараның, пианиноның, керек десеңіз, домбыраның, сыр­найдың үнімен әрлейсіз. Кәсіби тілмен айтқанда, аранжировка. Алақандай смартфоныңыз ән жазылатын кәсіби студияның рөлін атқарады. Сөйтіп, сөзіңізге әніңіз дайын.

Жасанды интеллект музыканы қалай жазады? Осыған анықтама берелік. ЖИ осы уақытқа дейін ғаламторға жүктелген музыканың барлығын зерттеп, қас-қағым сәтте үйрене алады. Миллиондаған, тіпті, миллиардтаған әннен сізге қажетті әнге детальдарды жинақтайды. Нейрожелілер ноталардың, ырғақтың, аккордтардың және композиторлардың стилінің құрылымын да зерттейді. Генерация: берілген параметрлер бойынша, яғни, жанр, көңіл күй, темп, аспаптар бойынша ЖИ жаңа музыкалық тізбектер жасайды. Өңдеу, немесе аранжировка және мастеринг: қазіргі үлгілер тек әуен құрастырып қана қоймай, аспаптарды, эффектілерді және дыбыс өңдеуді нағыз дыбыс режиссері сияқты таңдай алады. ЖИ-де «Suno», «Udio», «Mubert», «AIVA», «Amper Music» деп аталатын ән құрастыратын жүйелер вокалы бар толыққанды әндер жасайды. Ал, «OpenAI MuseNet» және «Jukebox» жүйелері Бах, Бетховен, Queen секілді стильдерде музыка жаза алатын эксперименттік үлгілер.

ЖИ фильмдерге, ойындарға және жарнамаларға саундтрек жаза алады. Дәл қазіргі көңіл күйіңізді тиісінше жазып бере алсаңыз, көңіл күйге сай фондық әуендер құрастырады. Тіпті, белгілі композиторлар мен орындаушылардың стиліне еліктейді.

ЖИ-ге берілетін тапсырманың бір үлгісін жазып көрелік. Мәселен, сіз мұғалімсіз. Мектепте өтетін патриоттық іс-шараға арнайы фольклорлық стильде әуен жазғыңыз келеді делік. Мысалы, ЖИ-ге «Домбыра мен қобыз дыбыстары негізінде жасалған әуен. Баяу басталып, біртіндеп қарқындырақ ырғаққа өтеді. Әуен қазақ даласының кеңдігін, желдің дыбысын және еркін рухты бейнелейді. Заманауи этно-фьюжн стилінде, жеңіл электронды сүйемелмен. Эпикалық, шабыт беретін атмосфера» деп тапсырма бересіз.

Әлбетте, ЖИ эмоциядан ада. Адамның эмоциясы, табиғи қабілеті араласпаған туынды мінсіз болуы да мүмкін.

Жасанды интеллектінің төңірегінде болып жатқан осы жаңалықтарға байланысты Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары жаңа заң жобасын ұсынды және сол заң мақұлданды. Енді 2026 жылдан бастап, сахналарда фонограммамен ән айтуға ресми түрде тыйым салынды. Заң бұзылған жағдайда әнші лицензиясынан айырылады және 3 жарым млн теңге айыппұл төлейді.

Елімізге белгілі сазгер, әнші, Кеншілер мәдениет сарайының директоры Саят Әбдіғали қабылданған заңның маңыздылығына қатысты пікір білдірді.

– Қабылданған заң фонограммаға түбегейлі тыйым салмайды. Мәселен, бұл тыйым 200 адамнан көп сыйымдылығы бар мәдени, бұқаралық іс-шараларды қамтиды. Ал, далада өтетін концерттерде фонограммамен өнер көрсетуге рұқсат беріледі. Себебі, күн желді болуы мүмкін. Әншінің дауысы естілмей қалуы әбден ықтимал. Билет сатып жеке концерт беретін өнерпаздарға заң қатал. Құнын төлеп, концертке барған халықты алдауға болмайды. Олар жанды дауыста ән тыңдауы керек, – деді Саят Әбдіғали.

Қазақта «Қалауын тапсаң, қар жанар» деген сөз бар. Ғылыми тұрғыда қарасақ, қардың құрамы 99% H2O-дан, яғни, судан тұрады. Ал, судың жануы әсте мүмкін емес. Бірақ, қазақ «Қалауын тапсаң…» дейді. Бәрі ғылымның қолында. Адамзат өркениетінің тарихына қарасаңыз, ғылымда шек жоқ секілді. Себебі, ғылым дегеніңіз – Алланың хикметі. «Адамды сүй, Алланың хикметін сез, Не қызық бар өмірде одан басқа» демей ме хәкім Абай. Ғылымның дамығаны сонша, бүгінде Жаратушыдан дарын дарымаса да, жаңа дәуірдің, технологияның, соның ішінде, жасанды интеллектінің тілін білген адам күндердің бір күні жұрт алдына ақын, немесе сазгер болып жарқырап шыға келуі мүмкін.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button