Руханият

Ержан БАЗАРБЕКОВ: Ән – қазақтың жаны

Әннің естісі – халық әні. Бүгінде дәстүрлі ән деп айдар таққан бұл әндер қазақпен бірге жасамақ. Арқаны – дәстүрлі әннің ордасы санайды былайғы жұрт. Олай дейтін жөні де жоқ емес. «Қазақтың Арқаға барсаң, әншімін деме» дегені содан да қалса керек. Туа біткен талантымен тәнті еткен Ержан Базарбеков – сол дәстүрлі әнді ту еткен әншілердің бірегейі. Орайы келіп әншімен аз-кем сұхбат құрған едік…

Сурет: Е.Базарбековтің жеке мұрағатынан

– Әнді жаныңызға серік еттіңіз. Ержан десе, дәстүрлі ән, дәстүрлі ән десе, Сіздің есім қатар аталады. Әңгіменің әлқиссасын ерекше дарын, талантыңыздан бастасақ. Әнге құштарлық туа біткен дарын дейді сізде…

– Өнер Жаратқан иеміздің бойымызға атаның қаны, ананың сүтімен сіңірген қасиеті деп білемін. Әкем де өнерден қара жаяу емес, домбыраны шебер шертпесе де, ән салатыны бар еді. Шешем марқұм да сөзге шешен-тін. Нағашыларымыз домбыра шертпесе, отыра алмайтын. Осының бәрі бізге жұғысты болған секілді. Ән десе, жұдырықтай кезімізден жүрегіміз лүпілдеп тұрды. Алдымыздағы ас ішусіз, алаңдағы асық ойнаусыз қалар еді әнге құмартқанда.

Әкемнің мен туған жылы Сәкеннің 80 жылдығында оның образын сомдап шығып, «Тау ішінде» әнін әуелеткенін де кездейсоқтық деу бекер болар. Сол уақытта Иманақ бауырында Сәкен тойы қарсаңында Жаңаарқаның барлық ауылынан Сәкен бейнесін сомдайтын адам іздепті. Сонда таңдау әкейге түсіпті. Әкей домбыраны жүйрік шертпесе де, Сәкеннің «Тау ішінде» әнін айтып, ақбоз атпен орталық саябақтан өткені көптің есінде. Оны көзкөргендер әлі күнге дейін айтып отырады. Сол тойда Жаңаарқа ауданының мәдениет бөлімін басқарған ағамыз әкеме шағын домбыра тарту етіпті. Ол домбыра үйде, төрдің төбесінде ілулі тұрады. Баламыз ғой, сол домбыраны алып, ынта-шынтамызбен ай кеп дыңғырлататынбыз. Құлағымыз шалған, жанымызға жаққан әндерді домбыраның қос ішегіне түсіруге барымызды саламыз. Өзіңіз білесіз, ол кезең қазіргі замандай емес. Көргенді, естігенді жалма-жан жазып ала қоятын құрал-жабдық жоқ. Тек есте сақтау мен құймақұлақтық арқылы атақты әнші ағаларымыз шырқаған әндерді перне қуалап, жаттап алуға ұмтыламыз. Сол бір кезеңде теледидардан Қайрат Байбосынов, Жәнібек Кәрменов ағаларымыз ән айтып жатады. Бар ынтамызды, зейінімізді салып, сол әнге айрандай ұйыймыз. Бір әннің ұзақтығы екі-ақ минут. Сол екі минутта бәрін қалт жібермей қадағалап, санаға сақтап алуға тырысамыз. Ән аяқталысымен төрдегі домбыраны ала салып, сабалай жөнелеміз. Әнге құмарлығымыз солай басталды. Ол кезең пластинка заманы болды. Қолы жеткендер төргі үйіне радио қойып қоятын. Біздің үйде де болды. Әкем қалаға барған сайын Қайрат Байбосыновтың әні жазылған пластинкаларды алып келетін. Қонақ келерде, кейде өзі үйде болғанда қояды. Қайрат ағаның әндерін, тыңдап «Не деген дауыс?» деп тамсанамыз. Біз осылай әнге шөлдеп ержеттік.

Негізі, мен өзі өнерге әскерден келген соң ден қойдым. Жиырмадан асқан шағым. Әрине, оған дейін мектептерде, кештерде ән айтамыз, күй шертеміз. Гитарамен де ән салып қойып жүрдік. Бірақ, оның бәрі өнерге деген кішкентай қадамдар ғана екен. Бала кезімізден Сәкеннің әндерін жаттадық. Үлкендердің Сәкен әнін айтқанына қарап өстік. Одан Қарағандыға келіп, Қарағанды мемлекеттік университетіне оқуға түсуім – рухани ортаға жетектеп әкелді. Сол уақыттан бастап, өнерге қызмет етуге белді буып, тастүйін бекіндік.

– Халықаралық, республикалық талай байқаулардың жүлдесі қанжығаңызда. Әлбетте, оның бәрінде талантыңыз тәнті еткені мәлім. Осы өнер жолында өзіңізге бағыт сілтеп, бағдар көрсеткен, ұстаз тұтқан, демеушілік еткен тұлғаларыңыз кім екен?

– Мен өзім Қарағанды мемлекеттік университетінде заң факультетінде оқыдым. Әдейі арнайы өнерге тән білім алған жоқпын. Бірақ Қайрат Байбосынов ағаның дәрісінен толық сусындадым. Қайрат ағамыз бізді «менің заочниктерім» дейді. Өнерде жүрген соң мәдениеттану мамандығын меңгердім. Өнер жолында ұстаздық еткен әскерден келген жылдары ауылда Қанат Аманжолов деген ағам болды. Сол кісіден біршама әндер үйрендім. Одан кейін Ерлан Төлеутаев ағамды баса айтқым келеді. Маған аға, Ұстаз болды. Жанынан қалдырмай алып жүрді үнемі. Мейірхан Адамбеков, Жақсыгелді Кемалов, Құрмаш Ыбышев ағаларымыздан өрнек алдым. Сол өрнекпен келе жатырмыз.

– Шәкірт тәрбиелеп, өзіңіз өнерге баулыған бауырларыңыз бар ма?

– Мен арнайы ешкімге дәріс беріп жатқаным жоқ. Бірақ, маған еліктейтін бауырларымыз бар екен. Соның біреуі кешіме қатысады. Ол Тәттімбет колледжінде оқитын күйші. Алайда, маған еліктеп ән айтады екен. Десек те, мені ғана емес, Қайрат, Жақан ағаларымды тыңдаса деймін. «Болар бала қонақшыл, болар құлын саяқшыл» дейді қазақ. Сол бала Алла қаласа, кешімде сахнада ән шырқайды. Ол менің алғаш орындаған Ілия Жақановтың «Арқа аруы» әнін тарту етеді. Ол батырдың есімі – Нұрмұхамед Жақанов. Құдайға шүкір, бауырларымыз бар жер-жерде. Кейде ата-аналары да хабарласып жатады. Білгенімізше, қал-қадірімізше жол көрсетеміз. Өзімнің де үш бірдей інім әнге әуес. Ербол, Ернұр, Жасұлан үшеуі де домбыра шертіп ән салады. Жасұлан кәсіби білім алған, осы Қайрат Байбосынов ағамның немере шәкірттері саналады. Соңымызда дәстүрлі әнді жалғайтын бауырларымыз көптеп шықса деген арман-тілегіміз бар. «Ел іші – өнер кеніші» емес пе?

– Дәстүрлі әннің бүгінгі деңгейі туралы пікіріңіз қандай?

– Қазіргі дәстүрлі әннің деңгейі жақсы, Құдайға шүкір. Ән қазақ қазақ болғалы жасап келеді. Қазақ әнінің дәуірлеген заманы – XIX ғасыр. Ол – қазақ әнінің салтанат құрған кезі. Оның басында Біржан салдың заманы. Ақан сері, Естай, Жаяу Мұса, Балуан Шолақтар алтын дәуірін жасап кетті. Сол дәуірді, содан қалған әнді Қайрат ағалар Жүсекеңнен дәріс алып, XIX ғасыр әнін, бізге, XXI ғасырға жеткізді. Енді содан біз үйреніп, жалғап келеміз. Қайрат ағаның шәкірттері баршылық. Қарағандының өзіндегі, басы Мейірхан ағамыз, марқұм боп кетті, Жақан ағаларымыз – ақсақалымыз. Құрмаш Ыбышев, Ерлан Төлеутай, Ержан Құжыманов, одан беріде келе жатқан менің қатарым, замандастарым Сержан Мұсайын, Дәуренбек Әркеновтер. Өнердегі бауырларым – Дулат Ақанов, Медет Осатаевтар Тәттімбет атындағы колледжде дәріс беріп жатыр. Қазақ қазақ боп тұрғанда халық әні қалмайды. Ән – қазақтың жаны ғой, шіркін!

Сұлтанмахмұттың «Қазақтың әні кетсе, сәні кетеді» дегені бар. Қазақтың бар болмысы әнде. Қазақ бар болмысын әнге жазып кеткен. Дүниеде қазақ барда халық әні қалмайды. Шетелге шыққанда біз эстрадамен таң қалдыра алмаймыз. Таң қалдырсақ, ұлттық киіммен шырқаған халық әнімен ғана таң қалдыра аламыз. Шетелде арнайы келіп, шетелдіктер домбыраға таңданыс білдіріп жатады. «Қандай аспап?» десіп. Міне, біздің ұлттық болмыс қайда жатыр?!

– Сүбелі сұхбатыңызға мың алғыс! Ұлттық өнерді өрістетер шәкірттеріңіз көп болсын!

Сұхбаттасқан Жан АМАНТАЙ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button