Ән арқауы – туған жер
Ән десе, ішкен асын жерге қоятын халықпыз. Алаш ардақтысы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың сөзіне жүгінсек, қазақ халқының әнге деген құштарлығын былайша жеткізеді: «…біздің қазақ ән құмар халық… Біреу қолына домбыра ұстап ән сала бастаса, ойдағы-қырдағысы жиналып, сегіздегі бала, сексендегі шалына дейін қалмай қаумалап, айтшы-айтшылап жанын жағасына келтіреді. Бара-бара не болса да, сол әндегі рух сүйегіне сіңеді, құлағында қалады». Содан қаймағы бұзылмаған халқымыздың ән құмарлығы еш өшпей бүгінгі күнге жетуі, біздің рухымыздың биіктігін көрсетеді. Осы ретте туған жерін әнге арқау еткен Сарышаған кентінің тұрғындары Мәдениет үйінің залында «Сарышаған вальсі» әнінің тұсаукесерін өткізді.
Көпшілік жиналған өнерсүйер қауымның қолдауымен сахна төріне «Сарышаған вальсі» әнінің сөзін жазған ақын Роза Жұбатқанқызы мен музыкасын көркемдеген сазгер Наурызбай Бейсекеев көтерілді. Сонымен қатар, осы бір жаңадан шыққан әнді нақышына келтіріп орындап жүрген Сарышаған кентінің жезтаңдай әншісі Жанбота Русланқызын көрермендер зор қошеметпен қарсы алды.
Алдымен, биік мінберден сөз алған Сарышаған кентінің әкімі Ануар Тойымбеков «Сарышаған вальсі» әнінің шығуына түрткі болған барлық өнерпаздарға шексіз алғысын білдіріп, оларға шығармашылық табыс тіледі. Сондай-ақ, осы әннің шығуына қолдау көрсетушілердің қатарынан Марат Дәрібеков, Шынтас Мұқашев, Дәулет Асанов және Сарышаған кентінің Аналар кеңесінің төрайымы, тұсаукесер кешті ұйымдастырушылардың бірі Нұржамал Шуланова құттықтау сөз сөйледі.
Осы ретте Сарышаған кенті тұрғындарының сүйікті әніне айналған «Сарышаған вальсі» әнінің жарық көруі мен бейнетүсірілімнің жасалуына демеушілік танытқан Сарышаған кентінің азаматтары Естай Исабеков (марқұм), Дәулет Асанов, Алмас Асауов, Марат Дарибеков, Амангелді Ермекбаев, Талғат Медиев, Ербол Медиев, Кеңесбай Қыдырманов, Серікбол Дакенов, Қайрат Сембеков, Бағлан Смағұлов және Шынболат Байтанов есімдерін ерекше атаған жөн.
Сахна төрінде сазгер Наурызбай Бейсекеев пен ақын Роза Жұбатқанқызы салтанатты түрде «Сарышаған вальсі» әнінің тұсаукесер рәсімін жасады. Қазақтың дәстүрімен көрермендердің көз алдында шашу шашылып, Мәдениет үйінің залы ән мен күйге бөленді.
Дүйім жұрттың алдында жас талантты өнерпаздарды домбырамен күй орындауға үйретудің білікті маманы Айман Нұртаева жетекшілік ететін «Жалын» домбырашылар ансамблі алдымен Тоғжан Жахиннің «Дала рухы» күйін төгілтсе, іле-шала күй атасы Құрманғазының «Балбырауын» күйі мен композитор Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйінің қосындысындағы попурриді тамаша орындап шықты.
Келесі кезекте сахна төріне көтерілген «Балауса» би тобының бишілері көрермендерге «Қазақ» биін тарту етсе, қазақ халқының қасиетті қобыз аспабымен өнерпаз Еркін Назерке өнерсүйер көпшілік қауым алдында Әли Алпысбаевтың «Арман-ай» шығармасын өз нақышында орындап, зор құрметке ие болды.
Көп күттірмей, әншілік өнерімен Сарышаған кентінің тұрғындарын тамсандырып жүрген әнші Жанбота Русланқызы «Сарышаған вальсі» әнін орындап, көпшіліктің құрметіне бөленді.
Нұрдос КӘРІМ,
Ortalyq.kz