Ұмытпайық онда!
Екінші дүниежүзілік соғыс етек алмағанда не болар еді деп ойлаймын кейде. 31 мамыр жақындаған сайын әлгіндей ойға шомам да, есіме қайта Алаш, Алашорда мен азаттық түседі. Қазаққа Алаш идеясынан басқа жол жоқ еді ғой, себебі. Иә, бұл күн – ұлтты ұшпаққа шығармақ болған есіл боздақтарды ойлап, аза тұтар күн.
Әр жақтан Гитлер шығып, әлемнің құтын қашырып, Сталинді үрейлендіріп, тығырыққа тіреп қоймағанда, жер бетінде қазақ қалар ма еді деп сіз де ойлайтын шығарсыз… Мұртты күржінің ойлағаны іске асқанда, мына сіз бен біз ел болып отырар ма едік, қайдам?! Пенденің ойлағаны емес, Алланың дегені болды, бағымызға қарай. Өйтпегенде…
Репрессия аштықтан бұрын басталды, меніңше. Біз 1931-1937-38-ді ғана айтамыз. Бұл аралықта қазақтың сорпа бетіне шығарларын, кемел көшбасшы, ақылман көсемдерін қырып салды. Кенесары хан, Махамбет жырау, Кейкі батырдың бастарын алды. 1937-38-де атылғандардың ұзын саны 25 мың адам. Тұтас ұлттың басы кеткен емей не бұл? Бүгіндері Жапонияда 128 млн. халықты небары 9 мың шенеунік басқарып отырғанын есепке алып, шамалап көріңіз. Біздің 19 млн. халықты басқарып отырған шенеуніктер саны 100 мыңға жетіп қалыпты. Ал, репрессия жылдарында 103 мың адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Сан жағынан бәрібір асып кетіп тұр. Сапа жағынан келгенде, олардың қай-қайсы болсын, қаракөктің тұқымы, елдің тұтқалары еді. 1929-32-де аштан қырылған 3 миллионға жуық бұқараны қосыңыз оған. Екінші дүниежүзілік соғыс болмағанда, қырып-жою тоқталмасы анық-ты. Себебі, Сталин соғыстан соң, 1950 жылдары қуғын-сүргінді қайта бастады. Баскөтерер қалдырмау керек болды, қысқасы. Сонда қалған бірер миллион бұқара Қазақстанға жер аударылған келімсектерге өздігінен жұтылып кетпек-ті.
Репрессия аштықтан бұрын басталды дедік. «Ақ қашып, қызыл қуған заманым-ай, Заманның таба алмадым амалын-ай» дейтін халықтың зары тегін айтылды ма? Кез келген жан-жақты ойлай алатын азат рух иесі өлтірілді. Кейкінің басы кесілді, Әбдіғаппар Жанбосынды ел алдында асты, Мәдиді атты. 1937 тұрмақ, 1931-ге жетпей. Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуін» оқыса білінеді, «ақ пен қызыл ойыны» арасында қазақтарды атып тастау еріккеннің ермегіне айналғаны. Ал, біз 1928-ден бері қайырамыз репрессияны. Аштық туралы қан жұтпай, қасіретке малтықпай сөйлей аламыз ба? Қазақ даласын өлген адам сүйегі жауып кеткені бүгін де дау тудырмас ақиқат. Сондықтан, бұл күн Алаштың аяусыз төгілген қаны мен жаны үшін Алладан рахым тілеп, аза тұтар күн.
Жазықсыз қырылған ата-баба рухын ұлт болып еске алып, жұрт болып толғанатын күн. Мың өліп, мың тірілген Алаш мұратын тереңірек сезініп, қайғы-қасіретін ұмытпасқа көкірекке түйіп, қастерлі жолын мәңгі мұрат тұтар қасірет пен қасиет бітіскен күн – бұл!
Ұмытпайық онда!
Жәнібек ӘЛИМАН