Мыс зауытының экожауапкершілігі
1938 жылғы 24 қараша – Қазақстан металлургия саласы тарихына алтын әріппен жазылған күн. Бұл күні Балқаш мыс балқыту зауытында алғаш рет тазартылмаған мыс алынған. «Көріксіз соққан күмістен, келісті соққан мыс артық» демекші ғасырға жуық тарихы бар іргелі кәсіпорынның бүгінгі жайына Қарағанды облысы бойынша экология департаменті басшысының міндетін атқарушы Дархан Исжанов Аймақтық коммуникациялар қызметінің алаңында тоқталды.
Қазір «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС деп аталатын Балқаш мыс балқыту зауыты Балқаш қаласы мен жалпы облыстың ірі өнеркәсіптік нысанының бірі. Кәсіпорынның негізгі қызметі – катодты мыс өндірісі. Былтыр өндіріс ошағы – 185,145 мың тонна мыс өндірді. Зауыт құрамына шихта дайындау, мыс балқыту, күкірт қышқылы цехтары сынды негізгі бөлімшелер кіреді.
Тоқсан жылға жуық уақыт ішінде зауыт өрлеу кезеңінен де, құлау кезеңінен де өтті. 90 жылдарға дөп келген өнеркәсіптің жалпыға бірдей құлдырау кезеңінде де біршама қиындықтарды бастан кешірді. Бірақ Балқаш металлургтері түрлі сынақтардан сүрінбей өтіп, бірегей өндірісті сақтап қала алды.
Балқаш мыс балқыту зауытының «отты сынағынан» Қазақстандағы бүтін бір металлургия саласы, сонымен бірге зауыттың дамуы мен қалыптасуында елеулі рөл атқарған жұмысшылардан, инженерлік-техникалық қызметкерлерден, басшылардан құралған кәнігі мамандар мен ардагер металлургтер шоғыры қалыптасты.
Әлбетте, зауыт өзінің қызметі барысында жергілікті халықты жұмыспен қамтамасыз етіп қана қоймай, қоршаған ортаға айтарлықтай зиян шектіретіні де түсінікті. Мәселен, зиянды қалдықтар мөлшері 2020 жылы 73,2 мың, 2021 жылы 55,6 мың, 2022 жылы шығарындылар 57,7 мың тоннаны құраған. Байқап отырсақ, жыл сайын кемігені аңғарылады. Кәсіпорын айналаға тигізген зиян-зардап үшін тиісті төлемдер төлейді. Атап айтсақ, 2020 жылға – 3,3 млрд., 2021 жылға – 2,9 млрд., 2022 жылға төлемдер – 2,4 млрд.теңгені құрап келді. Кәсіпорынның 2025 жылға дейінгі экологиялық рұқсаты бар, онда 61,1 мың тонна көлемінде шығарындылар шегі бекітілген.
Ендігі мақсат – рұқсат беру шеңберінде іс-шаралар жоспарын келісу. Аталған іс-шара Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 12 қазандағы №731 қаулысымен «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жоспарында да көрсетілгенін атап өту қажет. Аталған іс-қимыл құжатында зиянды шығарындыларды азайту мақсатында жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп, 2025 жылға қарай күкірт қышқылы цехының екінші тізбегін салу жөніндегі іс-шаралар көзделді. Бұл күкірт диоксиді шығарындыларын 35 000 тоннаға дейін төмендетуге септігін тигізеді. Тұтастай алғанда, Балқаш қаласының экологиясын едәуір жақсартуға ықпал етеді. Міндетті мінсіз атқару жолында кәсіпорын 70,3 млрд. теңге сомасында қаражат қарастырды.
Жалпы бұл бағытта қазіргі уақытта салынар нысандарды орналастырудың жобасы даярланды. Негізгі технологиялық жабдықтар мен қосалқы объектілердің алдын ала орналасу сызбалары әзірленді. Заманауи өндірістің технологиялық жолдары пысықталып, үш өлшемді қызмет моделі жасақталды. Айта кету керек, кәсіпорында бірқатар шаң-газ тазарту жабдықтары бар. Мысал үшін, шығарындылар көздеріне циклондар, скрубберлер, арнайы сүзгілер орнатылған. Тұтастай алғанда, кәсіпорын іс-шаралар жоспары шеңберінде жыл сайын қолданыстағы шаң-газ тазарту қондырғыларын тазарту дәрежесін қолдауға, қалдықтарды уақытылы шығаруға, шығарындыларды бақылауға бағытталған іс-шараларды тиянақты орындайды. Мәселен, соңғы 5 жылда осы бағытта 3,2 млрд. теңге игерілді.
– Мұнымен бірге, кәсіпорын бастамашылық негізде әртүрлі экологиялық акцияларға қатысады. Нақтыласақ, былтыр өндіріс ошағының өкілдері балық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының Балқаштағы филиалымен бірлесіп, Балқаш көлінің балық шаруашылығы учаскелерін дамытудың шарттық міндеттемелері мен жоспарларын орындау мақсатында «Бертіс» шығанағына балық жіберу іс-шарасын сәтті жүргізген еді, – деді спикер.
Зауытқа қатысты Қарағанды облысы бойынша экология департаментінің экологиялық заңнаманың сақталуына жүргізілген тексеріс нәтижелерінде тәртіп бұзушылық та жоқ емес. 2022 жылы кәсіпорынға қатысты профилактикалық бақылау нәтижелері бойынша бірқатар тәртіп бұзушылықтар орын алған. Шихта даярлау цехының технологиялық және шаң тазалау жабдықтарын көзбен шолып тексеру барысында кептіру барабандарының артында орнатылған топтық циклондарын пайдалану талаптары мен қағидаларын бұзу анықталды. Мыс балқыту цехындағы пештер маңында орнатылған шаң тазалау жабдықтарын пайдалану қағидалары бұзылған. Циклондар корпусының герметикалығы талапқа сай болмай шыққан. Конвертер артында орнатылған шаң-газ тазарту жабдығын пайдалану қағидалары бұзылған. Департамент зертханасы жүргізген аспаптық өлшеулер нәтижелері бойынша зиянды шығарындылардың белгіленген шектен асу жайттары анықталды. Кәсіпорын тарапына орын алған жағдайды түзету бойынша тиісті нұсқама жолданды. Жалпы сомасы 4,5 млн. теңгеге 3 әкімшілік айыппұл салынып, толық көлемде өндірілді.
Қорытындылай келгенде кәсіпорынның барлық технологиялық жабдықтарының техникалық тозуы көзі қарақты жанға көрініп-ақ тұр. Айта кету керек, 2021 жылғы Қазақстан Республикасы жаңа Экологиялық кодексі шеңберінде ірі кәсіпорындар оның ішінде Балқаш мыс балқыту зауыты 2025 жылдан бастап міндетті түрде ең үздік қолжетімді технологияларды енгізуді көздейтін кешенді экологиялық рұқсат алуы тиіс. Оны алдағы уақыт көрсетеді…
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz