Қыс – қыр астында. Арқаның табиғаты жайбасарлықты кешірмейді, сондықтан да, қыстың қамын қапы қалмайтындай жасаған жөн. Осы жағдайды ескерсе керек, биыл Балқаш қаласына жылу жылдағыдан ерте берілді. Нақты айтқанда, жылу шаһарда 3 қазаннан бастап, Саяқ кентінде 5 қазаннан бастап беріле бастады. Бүгінде қаладағы №6, 7, 8, 9 жылыту қазандықтары қалыпты жұмыс істеп тұр. Көмір қоры да жеткілікті екен. Қаладағы барлық білім беру нысаны, 11 денсаулық сақтау саласындағы мекеме мен 593 тұрғын үй толығымен жылумен қамтылып отыр. «Kazakhmys Energy» ЖШС басқаратын БЖЭО 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымына дайындықты аяқтады. Бұл туралы Балқаш жылу электр орталығының операциялық директоры, бас инженер Ермек Жумаканов айтып берді.
Қаланы жылумен қамтамасыз еткен Балқаш жылу электр орталығының жұмысымен танысу үшін журналистер қауымы арнайы бардық. Электр және жылу энергиясын өндіру, тарату, жеткізу қызметін жабдықтаушы мекеменің негізгі қондырғылары штаттық режимде жұмыс істеуде. Барлық жылу энергия көздерінің жұмысы сыртқы ауа температурасына қарай кестеге сәйкес.
– Іргетасы 1937 жылы қаланып, іске қосылған Балқаштағы жылу электр орталығы – елдегі ең көне нысандардың бірі. Рас, қазір көп нәрсе өзгерді, жаңарды. Жылу электр орталығын жаңғырту жоспарлы түрде жүреді. Турбоагрегат бойынша бір ауысымда он адам, жалпы орталықтың жұмысына 50 адам жұмылдырылған. Жаңадан қосылған Қоңырат шағын ауданы, күкірт қышқыл зауытын толық қамтып, кестеге сәйкес жылу беріп отырмыз. Егер қажетті жабдықтарды жиі жаңартып, қондырғыларды күтіп ұстасаң, қыстан аман-есен шығудың кепілі сол болмақ, – дейді Балқаш ЖЭО бас инженерінің орынбасары Олег Исаков.
Сала мамандарының сөзінше, турбина агрегаттарының жұмысы қалыпты жағдайда. Қазандық цехының ауысым басшысы Андрей Сайковтың айтуынша, жылыту маусымының жұмысын үйлестіру және оны ұйымшылдықпен өткізу бойынша өңірлік штаб жұмысының жоспары бекітілген.
– Бүгінгі күнде штабтың отырысы өткізіледі. Кемшіліктер анықталса, штаб отырысында қаралып, ол олқылықтарды жою тапсырылады. Қазір №6, 7, 9 жылыту қазандықтары қалыпты жұмыс істеп тұр. Үш қазандық жылу беруге жеткілікті. №8 қазандық әзірге резервке қойылған. Бір қазандық істен шыққанда бірден іске қосылады. Бұл ауысымда өз ісін жақсы білетін 8 адам жұмыс істейді, – дейді қазандық цехының ауысым басшысы Андрей Сайков.
Мамандардың мәлімдеуінше, жылу орталығындағы 4 қазандық қаланы түгел қамтуға жеткілікті. Біріншіден, қауіпсіздікті, екіншіден, экологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін жаңа бесінші қазандықтың құрылысы басталған. Ол салынып біткенше, ескі қондырғылар да жылыту маусымына дайын болып, жүз пайыз жылумен қамтуға қуаты жететіндігін айтады.
Балқаш жылу электр орталығының операциялық директоры, бас инженер Ермек Жумакановпен сұхбаттасқанымызда 3 қазандық агрегатта және 3 турбина агрегаттарында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілгендігін айтып өтті. Сонымен қатар, бір қазандық агрегат толық күрделі жөндеуден өткен.
– Қазіргі таңда үздіксіз жылу жеткізу үшін 4 қазандық пен 3 турбина агрегаты 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымына толығымен дайын. Сондай-ақ, көмір түсіру және жанармай беру кешені жөндеуден өтті. Станция қоймасында 132 мың тонна көмір бар. Жылыту маусымына шамамен 140 мың тонна көмір жеткізіледі. 850 тонна мазут қоймада тұр. Бір маусымға негізі 700 тонна мазут толығымен жетеді. Жылу электр орталығының екі негізгі жылу магистралі бойынша шығыс температуралық режимі 85 градусты құрайды. Бұл температуралық режим қалаға жылу жеткізуге арналған нормалар мен талаптарға сәйкес келеді. 2024 жылға арналған жөндеу жұмысына 2,6 миллиард теңге бөлінді. Сонымен қатар, жылу орталығының жабдықтарын жаңғыртуға 3,5 миллиард теңге инвестиция қарастырылған, – деді Ермек Жумаканов.
Спикердің айтуынша, бүгінде Балқаш жылу электр орталығында жаңа бесінші қазандықтың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Жөндеу жұмыстары негізгі және қосалқы жабдықтармен қамтылған. Осы шаралардың барлығы жылу тапшылығы мәселесін шешеді, үйлерді жылумен жабдықтауды жақсартады. Қазір жылу магистралінде №5 қазандықтың жекелеген шағын тораптарын монтаждау аяқталуда. Осыдан кейін жабдық гидравликалық сынақтан және газ-ауа жолының тығыздығын тексеруден өтеді. Болашақта қазандықты орнату «Kazakhmys Energy» ЖШС-інің БЖЭО жұмысын жақсартып қана қоймай, ластаушы заттардың шығарындыларын азайтуға тиіс. Компания «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасына кіру үшін Энергетика министрлігіне өтінім берген. Осының арқасында жабдықтарды жаңарту мүмкіндігі пайда болады.
Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz