АймақБалқаш

Мыс балқытқан майталмандар

Балқаш өңірі қойнауынан мыс бұлағы аққалы өнім беруді тоқтатқан емес. Балқаш мысының ел экономикасындағы үлесі қомақты. Мұнда мыс балқытқан мамандар еселі еңбек етіп келеді. Жоғары өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізіп, мінсіз еңбек еткендер елеусіз қалған емес.

Мыс балқытқан майталмандар
Металлург Ақжол Абақов

Металлургтердің мерейлі күні қарсаңында мыс балқыту цехына ат басын бұрған едік. Біз өндіріс ошағына барған күні №3 ауысымның жұмысы қызып жатыр екен. Алдымен «Kazakhmys Smelting» ЖШС Балқаш мыс зауыты балқыту цехының бригадирі – Еркебұлан Айғалиев зауыттың тірегі қарапайым еңбеккерлер екенін ерекше атады. Бүгінде дәл осы «Қазақмыс» кәсіпорнының ұжымы – алдыңғы қатарда.

27 жылдан астам еңбек жолын ел байлығын игерумен етене байланыстырған Еркебұлан Мұратұлының есімі жұртшылыққа кеңінен таныс. Оның есімі де аға буынмен бірге Балқаш өңірінің ғана емес, тұтас Қазақстанның металлургия тарихында жазылып қалады. Балқаш мыс балқыту зауытының балқытушысы, IІІ дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордені иегерінің өнегелі өмір жолы – талайға үлгі. Отан алдындағы борышын өтеген соң зауытқа жұмысқа тұрған азаматтың аға тәлімгері, ұстазы, металлургия саласының ардагері Қуаныш Асанов болған. Сонымен қатар, металлургтер Махат Арзынбетов, Серік Қалиахметовтер ағалық жол сілтеген.

– Өндіріс бастауында тұрған, күндіз-түні от бүріккен пештердің жанында өткізген, қиын тұрмыстық жағдайда өмір сүрген адамдар Балқаш мысының әлемдік бағалы металдар биржаларында баға белгіленуіне қол жеткізді. Өндірісті ошақта еңбектің талмас қара нарлары тер төгеді. Бұл жерде «сапасы төмен өнім немесе ақау» деген болмайды. Балқаш металлургтерінің даңқты жолын мысты балқытқан жас ұрпақ жалғады. Олар өз ісінің шеберлері және төзімді қайсар жандар деп білемін. Талай еңбеккерлер Құрмет тақтасынан ойып тұрып орын алды. Мұнда алдымен жұмысшының кәсіби біліктілігіне назар аударылды. Одан бөлек, олардың еңбек тәртібі мен қауіпсіздік талап-шарттарын сақтай білуіне де аса мән берілді. От бұлағын ағызып, ыстық жалынға қарамай жұмыс жасау, екінің бірі, егіздің сыңарының қолынан келмейді. Тек мықтылар ғана ауыр жұмысқа төзімділік танытады, – дейді Еркебұлан Айғалиев.

Адам кемеңгер болып жаратыла салмайды. Өмірден үйреніп барып, жақсы менен жаманның дәмін татып, кең арналы жолға түседі. Санаңда жарық сәуле болса, оқып-тоқып алған білімің халықтан, сол халықтың адал да ақпейіл ұл-қыздарынан көргенің, үйренгенің игілікке, абыройға айналады. Мұны нағыз кәсіпқой, өз ісіне немқұрайлы қарай алмайтын, өз кәсібін сүйетін жандар 25 жыл балқытушы болған Жекебай Бердімұрат, 27 жыл осы салада табан аудармай жұмыс істеген Зинад Қасымов, 26 жылдан астам балқытушы Ерғали Қасымовтар жақсы біледі. Өйткені, олар еңбектің ортасында жүрді, мықты мамандардың тәрбиесін көрді, талқысынан өтті.

– Мен тоқсаныншы жылдары ата­жұртқа оралдым. Өндірісті қалаға көшіп келгенде «балқытушы болсам» деген арман жүрегіме ұялады. Сол арманға жеттім де. 1998 жылдан бері осы өндірістемін. Өндірістік учаскелер, олардың атаулары ауысып жатады. Бірақ, міндеті – өзгеріссіз. Елімізге молынан кен шығару – басты міндет. Осы жолда аянбай тер төгіп жүрген жандар қаншама. Біздің маман ретінде қалыптасуымызға аға буынның көмегі орасан, – дейді балқытушы Жекебай Бердімұрат.

Металлургтер Ерғали Қасымов пен Зинад Қасымовты ерекше құрметтейді. Себебі, олар көптеген жас мамандарды тәрбиелеген. Металлургиялық процестің барлық қыр-сырын меңгеріп, жастарға өз кәсібінің негіздерін үйретті. Бүгінде әріптестері және бүкіл мыс балқыту цехы мақтан тұтатын балқыту ісінің шеберлері.

№3 ауысымда жұмыс жасайтын жас металлургтер Айбек Құдайбергенов, Қартбай Абибуллаев, Ақжол Абақовтардың да бала күнгі арманы мұржалары көк тіреген алып зауытта еңбектену болған көрінеді. Жеке бір мемлекет сияқты бой түзеген зауытқа кіріп шыққан металлург ағаларын көргенде бала армандары бұдан бетер шарықтаған екен. Сонымен қатар, жас өрендердің өндіріске бет бұратындай себебі бар. Өйткені, өмірлері тікелей өндіріс еңбеккерлерімен тығыз байланыста болыпты. Бірінің атасы, енді бірінің әкесі, үшіншісінің ағасы өндірісте.

Алтын ұя мектеппен қоштасқан соң жас түлектер ойланбастан Қарағанды мемлекеттік техникалық университетіне, жергілікті «Қазақмыс» корпорациясының политехникалық колледжіне құжат тапсырып, арнаулы орта білім алған.

– Мен үшін мыс балқытатындардың осалы жоқ. Біздің ұжым – кәсіби металлургтердің-балқытушылардың, өз жұмысын шебер атқаратын мамандардың тұтас командасы. Жұмыс – өте қауіпті. Маңызы жоғары. Технологиялық және техникалық мыс балқыту процесінің экономикалық көрсеткіштерінде әріптестерімнің маңдайының тері бар. Осы еңбек ұжымын мақтан тұтамын. Кәсіпорынның Құрмет тақтасынан орын алған – әріптестерім үлкен абыройға еңбекпен жетті. Бұл ілтипат көп жылғы еңбектің жемісі, маманға көрсетілген құрмет деп білемін. Мәртебелі мамандықтың иесі атанғаныма қуанамын. Барша металлургтерді мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Еңбектері табысты болсын, – дейді жас маман Ақжол Абақов.

Байқағанымыздай №3 ауысымда металлург болуды жүрекпен ұғынып, қиындықты сабырлықпен жеңіп, табысты еңбек етуді негізгі мақсат етіп жүрген азаматтар аз емес. Білімі мен біліктілігін өндіріспен байланыстырып, әрдайым ізденіп жүретін мамандық иелері БМЗ-да мыс балқыту цехының тасын өрге домалатып, өнімді еңбек етуде. Түсті металлургия флагманының жақсы дәстүрлерін бүгінгі күнге дейін сақтап қалған жұмысшылар көңілді қуантады. Мыс толғатып, жез туған Балқаш өңірінде зауытта белі қайыса өндірісті алға сүйреп келеді. Бай емес концентраттан бүгінде жоғары сапалы металл алынады. Балқаштық металлургтер бұл балқыту жұмысының ешқашан тоқтамауын тілейді. Балқаштың мысы өзендей ағып, тұрғындардың әл- ауқат тірегіне айналса деген тілегі бар.

Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button