Мыс бұлағын ағызған майталмандар
Балқаштықтар қай уақытта болмасын еңбек бақытына бөленген жандар мен мыс бұлағын ағызған металлургтерімен мақтанады. Жұмысын үдетіп, қуатын арттырған от дариясының бастауындай Балқаш мыс балқыту зауыты ел экономикасының күретамырына айналған. Бүгінде кемеліне келіп, әлемге аты жайылған мыс зауытына барып, сол жерде еселі еңбек етіп жатқан даңқты ұжыммен Металлургтер күні қарсаңында әңгімелесіп қайтқан едік…
Зауыттың кіреберісінен бізді 85 жылға жуық тарихы бар анод учаскесінің аға шебері Арнұр Ысқақов қарсы алды. Өндірістің аты – өндіріс, адамның қауіпсіздігі үшін сақталатын қатаң тәртібі бар. Рұқсат қағазбен қозғалатын талаппен бірге, қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында бастан-аяқ жұмыс киімін беріп, киіндірді. Бұдан кейін зауыт ішіне еніп, анод учаскесіне келдік. Мұнда ауысым шебері Ерлан Жорабековке жолығып, жұмыс барысымен таныстық. Ол зауыттың жұмыс процесімен таныстырып, мысты қорытатын, өңдеп кәдеге жарататын орындарға дейін көрсетті. Өнімнің зауытқа кіруінен бастап, дайын өнім болып шығуына дейінгі өндірістік тізбені тілге тиек етті.
– Біздің жұмыс орнында ең бірінші еңбек қауіпсіздігі бірінші орында тұрады. Өйткені, адамдардың амандығы, денсаулығы маңызды. Бүгінгі жұмыс жасап жатқан №5 ауысым. Бір ауысымда 21 адам жұмыс жасайды. Балқытушылар мен конверторшылардан, слесарь-жөндеушілер, өңдеушілер, аппаратшылар мен кран машинистерінен тұратын мықты мамандар шоғырланған. 6 балқытушы, 9 құюшы, 5 краншы, екі слесарь-жөндеуші бүгін қызмет атқаруда. Күнделікті жоспарға сәйкес жұмыс істейміз. Тәулігіне 700 тонна өнім береміз, – дейді ауысым шебері Ерлан Төрегелдіұлы.
Металлургтер арасында «мықтының мықтысы ғана металлург бола алады» деген қанатты сөз қалыптасқан. Расымен де, ыстық пештің қасында мыс балқыту оңай шаруа емес. Мұнда еңбек ететіндер, тәжiрибелi металлург ардагер, ауысым шеберi қызметін атқарған, 1974 жылдан берi комбинатта балқытушы болып еңбек еткен Әбiлқайыр Сейдіхановты және бүгінде анодтық учаскенiң бастығы Сергей Гончаренконың шәкірті болғандығын мақтан тұтады. №5 ауысым биік межелерге жетсе, осындай мықты ұстаздарының арқасы екендігін айтады. Біз барғанда 1200 градустағы балқытылған өнім дайын болып, пештің аузын 20 жылдық еңбек өтілі бар, тәжірибелі балқытушы Данияр Жантуғанов ашып, от бұлағын ағызды.
– Анодтық пеште сұйық, тазартылмаған мыс қайта өңделедi. Бұл сұйық мыс немесе мистер қалақшаға құйылып, аспалы кранмен анодтық пешке берiледi. Анодтық пеш мазутпен жұмыс iстейдi. Анодтық бөлiктегi жұмыс әрекетiн екi бөлiмге – балқытылатын және құйылатын деп бөлiп қарастырамыз. Пеште өнім 3 жарым сағат қайнап, толықтай дайын болады. Қазіргі анод пештерінің сыйымдылығы 400 тонна сұйық мысқа дейін. Ал, біздің пештің сыйымдылығы 220 тонна көлемінде. Сағатына 35 тонна мыс құйылады. Сұйық ваннада балқыту Балқашта кеңінен пайдаланылады. Балқытудың Ванюков процесін автогендік технологиясын – жоғары тиімді отандық әзірлеу әдісі біз үшін тың тәсіл. Пешті дайындау оны тексеруге, төсеніштегі кемшіліктерді жөндеуге және шығатын түтікті толтыруға дейінгі аралықтағы жұмыстарды қатаң қадағалаймыз, – дейді құюшы Олжас Жұмаханов.
Айта кетерлiгi, мұндағы ауысымдарда көбiнесе тәжірибелі жастар еңбек етедi. Соның бiрi ауысым бригадир қызметiн атқарып келе жатқан Нұржан Аумасбаевтың айтуынша, бұл ауысым жоғарғы өндірістік көрсеткіштерге жетіп, әрдайым алда жүреді. Аға балқытушы Айдын Омаров, Данияр Жантуғанов, Сергей Свинчук, Мейірлан Тоқтаев, Елжан Тышқанбаев, Бағлан Қапасұлы және құюшылар Саят Абдимов, Олжас Жұмаханов бастаған машинаның дайындалу сапасына жауап беретін 7 көмекші маман жұмылдырылған. Табиғатынан сөзден гөрі еңбекке бейім жігіттер жұмыстарын қысқа мерзім ішінде игеріп, дөңгелетіп әкеткен. Кран машинасын тізгіндеген қос ару Нұргүл Нәбиева мен Айнұр Өтепова еңбектің озаттары екен. Мұндағы мамандар өндірістік тағылымдамадан өтіп тұратын көрінеді. Соның арқасында, көп нәрсеге көзі қанығып, үйреніп, біраз нәрсені ой сарабынан өткізіп, көңілге түйеді.
Анод учаскесінің ауысым шебері Ерлан Жорабековтің сөзінше, әр адам өзі таңдаған мамандықтың қыр-сырын, жай-жапсарын жан-тәнімен сезінсе, табысты жұмысқа жетеді. Өндірісте мамандыққа ысылу, тәжірибе жинау басты міндет.
«Балқаштың өндіріс ошағы жас мамандарға жиі қолдау білдіреді. Менің өзім осы өндірістің қолдауымен Қарағанды мемлекеттік техникалық университетін тәмамдадым. От пен жалынның ортасында жүріп мыс балқыту, ел игілігіне қызмет етуді зор абырой санаймын. Өндірістің барлық буындары маңдай терін төгіп, мол тәжірибені жинақтаған мамандар», – дейді ол.
Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ қаласы.