Жаңалықтар

Ғұмыр дастанының бір парағы

Қазақ поэзиясында өз биігін қалдырған біртуар ақын Жұмекен Нәжімеденов Қарағанды шахтасында кенші болғаны туралы талай жазылған. Заңгер, публицист Марат Азбанбаев Жұмекеннің ғұмыры мен шығармашылығын зерттеп, «Менің Қазақстаным – Жұмекен» кітабын да жарыққа шығарды. «Ortalyq Qazaqstan» газетінде де мақала жарық көрген. Жалпы айтқанда, Жұмекен Нәжімеденовтің тағдыр дастанының кеншілер шаһарымен ұштас­қан тұстары елге мәшһүр. Газетіміздің бұл санына ақынның шахтада еңбек еткенін құжаттай дәлелдейтін кадрлық есеп парақшасын жариялап отырмыз. Құжат Қарағандыдағы мұрағаттардың бірінен табылды.

Жұмекен Нәжімеденов 1955-1956 жылдар аралығында Қарағанды қаласындағы № 33/34 шахтада комбайнердің көмекшісі болып жұмыс істеген. Есеп парақшасында тиісті құжат 5 жылға берілгені жазылған. «Нажимеденов Жумекен Сабырович. Национальность – казах. Место рождения: область – Гурьевская обл. Денгизский район» деген жазулар анық көрінеді парақшада. «Паспорт выдан – Денгизский район» деген жазуларды да көруге болады. Ал, қалғандарының сиясы сарғайған қағазбен бірге анықтығын жоғалтқан. Оның үстіне, парақшаны толтырған адамның жазуы ұсақ және асығыс толтырылғанға ұқсайды.


«Менің Қазақстаным – Жұмекен» кітабының авторы Марат Азбанбаев «Жұмекен Нәжімеденовтің ақын болып қалыптасуында Қарағандының рөлі орасан» депті танымдық сайттардың біріне берген сұхбатында. Сұхбатта «Жұмекеннің өмір жолы жайлы сөз қозғағанда, ақындығы, шығармашылығы жайлы алдымен айтылады. Еліміздің әнұранына айналған «Менің Қазақстанымның» сөзін жазған авторы екенін жас ұрпақ жақсы біледі. Ал, осындай бүкіл халықтың жүрегінен орын алған ән жолдарының тууына, ақынның шабытының оянуына әсер еткен, қаламына қуат берген – Қарағанды», – делінген. «Ежелгі менің арманым – шахтер боп шығу болатын. Қиялмен шарлап лаваны, Жүрекке шаттық толатын. Қолымда міне, жолдама, Жарқ етті сол бір арманым. Тұрыңдар, достар қатарға, Шахтаға мен де барамын». Бұл – Жұмекен Нәжімеденовтің 1955 жылы жазған өлеңі.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Сурет Қарағанды облыстық
мемлекеттік архив қорынан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button