Қарқаралы ауданының құтқарушылары марапатталды
Қазақстанның төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов жұмыс сапарымен Қарқаралы ауданына келді. Ол жөндеуден өткен №16 өрт сөндіру бөлімінің ашылу салтанатына қатысып, мұндағы қызметкерлерді заманауи талапқа сай жаңартылған ғимараттың ашылуымен құттықтады. Облыс әкімінің орынбасары Руслан Кенжебеков пен азаматтық қорғаныс саласының ардагерлері де осы мазмұндағы ізгі тілектерін білдірді.

Әңгіме болып отырған жиында осы өрт сөндіру бөлімінің күрделі жөндеу жұмысына еңбегі сіңген азаматтар марапатталды. Атап айтқанда, төтенше жағдайлар министрінің Алғыс хатымен аудан әкімінің міндетін атқарушы Саят Мусин, Қарқаралы қаласының әкімі Аслан Рахымбергенов, аудандағы Төтенше жағдайлар бөлімінің аға анықтаушысы, азаматтық қорғаныс майоры Нұршат Қайыр, мекеменің инженері, азаматтық қорғаныс лейтенанты Нұрлан Іргебаев, мекеменің қарауыл бастығы, азаматтық қорғаныс капитаны Ақжолтай Мәжит, №16 бөлімнің аға шебері, азаматтық қорғаныс сержанты Рустам Пұштаев, аудандағы жедел құтқару бөлімшесінің құтқарушысы Дидар Кітанов марапатталды.
Сонымен бірге, ауданның Төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы, азаматтық қорғаныс майоры Алмас Ыбыраевқа Төтенше жағдайлар министрлігінің «Азаматтық қорғаныс жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалі табыс етілді.
Бөлім қызметкерлерін марапаттау рәсімі одан әрі жалғасып, №16 өрт сөндіру бөліміне «КамАЗ» автомобилі базасындағы арнайы өрт сөндіру техникасы және Қарқаралы ауданының жедел құтқару бөлімшесіне «Тойота Хайлюкс» маркалы автокөлігі сыйға тартылды.
Жөндеуден өткен бөлімнің тұсаукесер рәсімі жасалғаннан кейін мәртебелі меймандар қайта жабдықталған мекемені аралап көріп, «Тілек кітабына» жүрекжарды лебіздерін қалдырды.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»