АймақҚарағанды

«Мың тағзым саған, ардагер!»

Үкімет биыл Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу қарсаңында «Ұлы Жеңіс: Ерлікке тағзым, ұрпаққа үлгі» Республикалық жоспарын бекіткен болатын. Осы мақсатта облыс әкімдігінде дөңгелек үстел өтті. Жиын барысында өңірде өткізілетін іс-шаралар пысықталып, мәселелер талқыланды.

Жалпы, соғыс жылдарында Қарағанды облысынан майданға 45 мыңға жуық адам аттанды. Алты мыңнан астам қарағандылық Ұлы Отан соғысындағы ерлігі мен батырлығы үшін ордендермен және медальдармен марапатталды. Ал, 18 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атағына ие болған. Бүгінде аймақ бойынша тоғыз соғыс ардагері ғана қалды. Биыл ҰОС қатысушыларына бес миллион теңгеден бір реттік материалдық көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, өңірде соғыс ардагеріне теңестірілген 2 340 ардагер бар. Мереке қарсаңында өңірлерде бюджеттен тыс материалдық көмек көрсетіп, түрлі қайырымдылық акциялар өткізу көзделген. Ал, әлеуметтік төлемдер сәуір айының соңына қарай түседі деп күтілуде.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Ұлы Жеңістің 80 жылдығын мерекелеу ерекше орын алады. Біздің әкелеріміз бен аталарымыз майданда жан алып, жан берді. Армияны қару-жарақпен, өнеркәсіптік тауарлар мен азықтүлікпен қамтамасыз етуде тыл еңбеккерлерінің орасан еңбегі сіңді, – деді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.

7-9 мамырға қарай мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар, дәстүр бойынша мамыр айында облыс әкімі Отан соғысы ардагерлері мен оларға теңестірілгенді қабылдайды.

Ал, аймақтағы мәдениет және өнер мекемелерінде мереке аясында 40-тан астам іс-шара жоспарланған. Музей және кітапханалардың тақырыптық көрмелері, мерекелік концерттер, байқаулар, конференциялар ұйымдастырылады.

Мерекелік іс-шара 9 мамырда Тәуелсіздік алаңында өтеді. Бұқар жырау даңғылы, яғни, Назарбаев көшесінен Н.Әбдіров даңғылына дейінгі аралықта көлік қозғалысы уақытша жабылады.

– Жолдың екі жағында әскери шатыр­лар, дала асханалары орнатылады. Әр шатырда ардагерлер мен қонақтарға арнап әскери-далалық ас мәзірі мен концерттік бағдарлама ұйымдастырылады. Сондай-ақ, Бұқар жырау даңғылы бойында мерекелік сауда орындары жұмыс істейді. Алаңда біріккен үрмелі оркестр соғыс жылдарындағы танымал музыкалық шығармаларды орындайды, – деді облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Сурет ұйымдастырушылардан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button