Басты тақырып

Мың көшет – саябақ көркі

 

Бейсенбі күні Қарағанды қаласының Орталық мәдениет және демалыс саябағында аймақ басшысы Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ қатысуымен 1 мың ағаш отырғызылды. Қалыпқа келтіріліп жатқан саябақ үшін бұл – айтарлықтай ауқымды жұмыс екені белгілі.

Бұрындары жұрт аузында «таза бейсенбі» аталып кеткен бұл күнді саябақ қызметкерлері көпке дейін ұмытпауға тиіс. Себебі, күрек ұстап, облыс орталығындағы осынау саябақтың гүлденуі мен түрленуіне үлес қосамыз деп келгендер қатарында «Нұр Отан» партиясының мүшелері, жоғары оқу орын және колледж студенттері, құтқару қызметінің мамандары, қалалық және облыстық мәслихат депатуттары болды. Сонымен қатар, қазақ эстрадасының жарық жұлдызы, жерлесіміз, әнші әрі композитор Қыдырәлі Болманов та бұл бастаманың ортасынан табылды.
– Тіршілік тамыр тартса, оған қуанбауға бола ма? Сондықтан, бүгін тыңдармандарымның қасынан табылып, олармен араласа жүріп, ағаш отырғызуды жөн деп шештім. Өз қолыммен отырғызған ағаштар да есімде. Қайсысы қай жерде өсіп тұрғанын ұмытпауға тырысамын. Қазір алыс Алматыда емес, іргелес Астана қаласындамын ғой. Бұл ретте, туған жеріме де жиі табан тіреп тұрамын. Жаз айларында отбасыммен келіп, отырғызған ағаштарымды көріп, қажет болса суарып кетуге де қарсы емеспін. Ең бастысы, осындай игі бастамалар көп болсын деп тілеймін, – деді Қыдырәлі Болманов.
Сөйтіп, көшеттер саябақтың батыс бөлігінде – Ержанов көшесі тұсында отырғызылды. Өткен жылы қалыпқа келтіру жұмыстарының салдарынан 60-қа жуық ағашты кесіп тастауға тура келген екен. Яғни, «бір тал кессең, он тал ек» қағидасы қалтқысыз қызмет етіп тұр деген сөз.
– Ағаш кесу – жоспарға сай жүргізілді. Дегенмен, оның орнын толтырып, ағаш отырғызып, қосымша көгалдандыру жұмыстары да қарастырылған. Бүгін 600 қарағай және 400 үйеңкі, жөке және қайың көшеттері отырғызылады. Олар аптасына екі рет суарылып отырады. Сонымен бірге, екі жыл көлемінде ол көшеттерді жерсініп кеткенше баптайтын боламыз. Біз жүргізген мониторингке сенсек, саябақтар мен гүл бақтары басқармасының қызметкерлері отырғызған ағаштар 92% жағдайда бейімделіп, жерсініп кетеді, – дейді саябақтар және гүл бақтары басқармасының басшысы Рустам Көдебаев.
Барлық көшеттер қарағандылық саяжайда өсірілген және де жергілікті ауа райына бейімделген.
Күзде саябақтың батыс бөлігінде тағы 300 түп ағаш отырғызылады. Олардың 150-і қылқанжапырақты болса, қалған 150-і – жапырақты ағаштар. Жалпы, биыл қаламызда 7 мыңнан астам ағаш отырғызылмақ. Ал, Қарағандының орталық саябағында жалпы аумағы 70 гектар жер абаттандырылады деп жоспарлануда. Қайта қалыпқа келтірудің бірінші кезеңі – үш жылға шақталған. Яғни, 2017-2019 жылдар аралығы.

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.
Рауан ҚАБИДОЛДИН

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button