«Мың бала» республикалық жобасында қарағандылық оқушы топ жарды
Елордада Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйымдастыруымен дәстүрлі «Мың бала» республикалық жобасының қорытынды рәсімі өтті. Бұл іс-шара жыл сайын еліміздің барлық өңірлерінен жиналған өнерлі, талантымен танылған оқушылардың басын қосатын шығармашылық алаңға айналған.


Игі дәстүрге айналған байқауда биыл Қарағанды облысының атынан Ыбырай Алтынсарин атындағы ТМ (РО) КММ-нің 11 «Б» сынып оқушысы Приб Яна қатысып, көп ішінен топ жарды. Жас өнерпаздың дайындық деңгейі мен сахна мәдениеті ерекше жоғары бағаланып, оның шығармашылығы қазылар алқасын тәнті етті.
Бұл қуанышты жаңалықты Қарағанды облысының ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов хабарлап, жас дарынды жеңісімен шын жүректен құттықтады.
– Жеңімпазды шын жүректен құттықтаймыз!Өнер жолындағы жетістіктері артып, биік белестерден көріне берсін! – деп жылы лебізін білдірді Нұрлан Рахметуллаұлы.

Өз қатарластарынан дара шыққан Яна «Өнерің өрге жүзер» номинациясының жеңімпазы атанды. Салтанатты марапаттау рәсімінде оған арнайы дипломды Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Марат Алмасұлы Әзілханов табыстады.

Жас өнерпазды шын жүректен құттықтап, алдағы уақытта да шығармашылық биіктерді бағындыра беруіне тілектеспіз.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



